Әлем елдері тұрғын үйден шығатын өртпен қалай күресіп жатыр?

  • 16:45, 19 қараша 2025
Әлем елдері тұрғын үйден шығатын өртпен қалай күресіп жатыр? Жасанды интеллект арқылы жасалған сурет

Қазақстанда жыл сайын мыңдаған өрт тіркеліп, жүздеген адам көз жұмады. Оның едәуір бөлігі – өз үйінде, түнде ұйықтап жатқан кезде оқыс жағдайға тап болғандар. Әлемнің дамыған елдері мұндай қатермен күресте "үгіт-насихаттан" бас тартып, баяғыда-ақ әрекетке көшкен: әр үйге міндетті түрде түтін мен өртке қарсы дабыл, қарапайым өртсөндіргіш қоюды заңмен бекітіп үлгерді. Ал бізде өрт қауіпсіздігі әлі де көбіне "сақ болыңыздар" деген үндеумен, маусымдық рейдтермен шектеліп отыр. Aqshamnews тілшісі шетелдік тәжірибеге талдау жасады. 

Журналист Мәншүк Шымырбай әлеуметтік желідегі парақшасында АҚШ-тағы үйлерде қондырылған өрт дабылы туралы айтты.
"Лос-Анжелесте тұрғанда апта сайын не бауырсақ, не тауық етінен қытырлақ нагетс пісіретінбіз. Май исі мен сәл түтіннен үйдегі өрт дабылы міндетті түрде бажылдап қоя береді. "Fire,fire" деген ащы үнге дабылдың даусы қосылып, оны өшірсек те ауа тазарғанша қайта-қайта қосылып, ию-қию қылып жібереді", - деді ол. 
Журналистің айтуынша, бір жолы олар құрылғыны уақытша шешіп қойған. Сол кезде тұрғын үй құызметкерлері бірден келіп қатаң ескерту жасаған.
Лондонда тұратын Ғалымжан Қараманұлы да әр үйде мұндай құрылғы міндеттелетінін айтты. 
"Ас бөлмемізде түтін шыға қалса, қатты шиқылдап мазаны алады. Газ исіне де бірден реакция береді. Өртке қарсы дабыл құралы туралы айтам. Даусынан шошып, дереу шара қолданамыз. Сөйтіп төтенше жағдайдан сақтап қалады. Әр үйде дабыл құралын орнатуды Британ үкіметі міндеттеп қойған. Газ инженерлері оны жыл сайын тексеріп кетеді. Бұл құрылғы сіздің үйде де бар деп үміттенемін", - дейді ол. 

Шетелде өртке қарсы дабыл құрылғысын қондыру ережелері қандай?

Бүгінде Еуропаның көптеген елінде тұрғын үйлерде түтін детекторын орнату заңмен міндеттелген. Мысалы:

  • Норвегия - 1990 жылдан бері әр үйде кем дегенде бір түтін датчигі және бір өртсөндіргіш құралы болуы заңмен талап етіледі, көпқабатты үйдің әр қабатында кемінде бір датчик болуға тиіс. König Konzept зерттеулеріне сәйкес, Норвегияда жыл сайын өрттен 40-60 адам қаза табады, шамамен 10 адамның өмірін тұрмыстық датчиктер сақтап қалады деген бағалау бар. 

  • Швецияда үй шаруашылықтарының шамамен 70%-ында түтін детекторы бар, бұл өрттен қаза табатындар санын шамамен 50 пайыз дейін азайтқан деп есептеледі. 

  • Ұлыбританияда жаңа салынған барлық тұрғын үйде әр қабатта түтін дабылы орнату - құрылыс регламентінің талаптары. 1992 жылдан бері мұндай нормалар енгізілген, құрылыс сипатына қарай қосымша талаптар (дабылдың стандарты, орналасуы) қойылады. 

  • Еуропаның басқа да елдерінде - Норвегия, Дания, Швеция, Финляндия, Эстония, Ұлыбритания, Франция, Ирландия, Аустрия, Бельгия, Германия, Нидерланды сияқты мемлекеттерде - тұрғын үйлерде түтін датчиктерін орнату міндетті нормаларға айналған. 

АҚШ-та өрт қауіпсіздігі жөніндегі ұлттық қауымдастықтың мәліметінше:

  • үйдегі өрттен қайтыс болғандардың шамамен екіден бірі - түтін дабылы жоқ немесе істемейтін дабылы бар үйлерде болған өрттің құрбандары;

  • 7 жылбұрынғы зерттеуде жыл сайын орта есеппен 1450 адам түтін дабылы жоқ немесе істемейтін үйлердегі өрттерде көз жұматыны айтылған. 

Бір зерттеуде үй шаруашылықтарындағы датчиктер үлесі 0,5%-дан 96%-ға дейін өскен кезеңде үй өртінен өлім көрсеткіші әр миллион тұрғынға шаққанда 22,9-дан 8,1 адамға дейін төмендегені көрсетілген.

Қазақстандық статистика не дейді?

ТЖМ мәліметінше, 2024 жылы тұрғын секторда 6 964 өрт тіркелген (2023 жылы - 6 909), бұл өрттерден 288 адам қаза тапқан (2023 жылы - 298), 251 адам жарақат алған. 

Жылу беру маусымы басталғалы бері, қазаннан бастап, елдің тұрғын үй секторында 870 өрт тіркелді (былтырдәл осы уақытта 892 дерек тіркелген). Бұл уақытта 19 адам, оның ішінде 3 бала құтқарылып, 34 адам қаза тапқан. 

Ал билы қазаннан бастап Түркістан облысында 17 өрт тіркелді. 

Өрттің негізгі себептері қандай?

  • ең негізгі себеп - отты абайсыз пайдалану, соның ішінде төсекте темекі шегу, шылым қалдықтарын дұрыс сөндірмеу, ашық отты (шам, дәнекерлеу, факел) дұрыс қолданбау;

  • электр сымдарын, розеткаларды, тұрмыстық техника мен жылытқыштарды пайдалану ережелерін бұзу;

  • пешті, мұржаны дұрыс салмау немесе уақытылы тазаламау, қатты отынмен жылытудағы өрескел қателер; 

  • балаларды қараусыз қалдыру, балалардың сіріңкемен ойнауы;

Датчик пен бақылау: не міндетті, не ерікті?

Қазір Қазақстанда:

  • жеке тұрғын үйлерде түтін немесе газ датчиктерін орнату жалпыға бірдей міндетті норма емес. Ол үй иесінің шешіміне байланысты қойылады.

  • ТЖМ дерегінше, жеке тұрғын үйлерге мемлекеттік өрттік бақылау заңмен қарастырылмаған, шағым немесе ерекше тәуекел болмаса, инспектор тек түсіндіру жұмыстарын жүргізе алады. 

  • 2024 жылғы 1 маусымнан бастап жеке тұрғын үйлерге 8 мың датчик орнатылды. 2016–2024 жылдар аралығында 53 датчик іске қосылып, 245 адамның өмірін сақтап қалды.
  • әлеуметтік аз қамтылған, көпбалалы отбасылардың үйлеріне көмірқышқыл газы мен түтіннің концентрациясын анықтайтын датчиктер тегін орнатылып жатыр. 2025 жылғы ресми мәліметке сәйкес, бір жыл ішінде мұндай үйлерге 14 мыңнан аса жаңа датчик қойылған. 

Еске салайық, 18 қарашада Түркістан облысы Жетісай ауданына қарасты Алғабас ауылында екі қабатты жеке үй өртеніп, 12 адам қаза тапты, оның тоғызы - бала. Үйде екі отбасы болғанын, алдыңғы күні сүндет той өткенін ТЖМ растады. Үш адам ес-түссіз халде сыртқа шығарылып, ауруханаға жеткізілді. Өрттің себебі мен үйдің өртке қарсы жабдықталуы тергеу барысында анықталады.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

17:46

17:35

17:29

17:29

17:20

17:05

16:54

16:45

16:33

16:31

16:15

16:04

15:41

15:34

15:18

15:10

14:57

14:43

14:30

14:13

14:05

13:12

12:30

12:20

12:10