"Ескі Қазақстан" өкілдері қазір қайда?

"Ескі Қазақстан" өкілдері қазір қайда? Сурет: коллаж, Aqshamnews.kz

Жақында Алматының бұрынғы әкімі Ахметжан Есімов гольф турнирінде көзге түсті. Бұдан бөлек, Алматының тағы бір бұрынғы басшысы Бауыржан Байбек те Жапонияда жүргені жайлы ақпарат тараған еді. Дәурені жүріп тұрған заманда саясат сахнасында біраз қызмет атқарған ел ағалары қазір қайда жүр? Aqshamnews.kz тілшісі осы желеумен Есімов пен Байбектен өзге "Ескі Қазақстан" өкілдерін де еске түсірді. 

Ахметжан Есімов: мансап жолы мен ықпалы

1950 жылы Алматы облысы Қаскелең ауданында дүниеге келген Ахметжан Есімов еңбек жолын қарапайым қызметтен бастап, біртіндеп елдегі ең жоғары мемлекеттік лауазымдарға дейін көтерілген саясаткер. Әсіресе Назарбаевтың жақын серіктесі әрі туысы ретінде оның мансабы қарқынды өсті.

Есімов атқарған негізгі мемлекеттік қызметтер:

  • Премьер-министрдің орынбасары (2 рет)
  • Мемлекеттік хатшы
  • Президент Әкімшілігінің басшысы
  • Екі рет ауыл шаруашылығы министрі
  • Алматы қаласының әкімі (2008–2015)
  • EXPO-2017 ұлттық компаниясының басшысы
  • "Самұрық-Қазына" ҰӘҚ басқарма төрағасы
  • 2021 жылы - экс-президент Назарбаевтың көмекшісі

2021 жылдан кейін ол саяси сахнадан байқалмай, көпшіліктің көзінен де, көңілінен де біржола "жоғалды".

Коллаж: Нұрболсын Өрісұлы

Есімов қызмет жолында қандай еңбегімен есте қалды?

Министр ретінде Есімов ауыл шаруашылығының экспорттық әлеуетін арттыруға үлес қосты. Соның ішінде Қазақстанның ұн экспорты жаһандық көшбасшылар қатарында болған жылдар осы кезеңге сәйкес келеді.

Алматы қаласын басқару кезеңі (2008–2015)

Есімов Алматы әкімі болған жылдары мегаполистің жалпы дамуына айтарлықтай өзгерістер енгізді. Олардың бәрін тізу мүмкін болмаса да, негізгілерін тізе кетейік: 

  • Қалаға қосылған проблемалық елді мекендердің негізінде Алатау ауданы құрылды;
  • Алматы метросының алғашқы желісі ашылды;
  • Энергетикалық тапшылықты азайту үшін 20 жаңа қосалқы станция салынды.
  • Муниципалды автобус паркін құрып, жеке тасымалдаушылардың үлесін қысқартты;
  • Қоғамдық көлікті жаңарту бағдарламасын бастады.
  • 2011 жылы 7-Қысқы Азия ойындарын өткізуге басшылық жасады;
  • Мұғалімдер мен дәрігерлердің жалақысын көтеру мәселесін бірнеше рет Үкіметке ұсынды
  • Қала тағы бір жаңа ауданмен (Наурызбай) ауданымен толықты.

Есімов "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қорының басқарма төрағасы болған уақытта да бірнеше маңызды өзгеріс жасады:

  • EXPO нысандарының шығынын 78 млрд теңгеге қысқартты;
  • Топ-менеджмент штатын екі есеге азайтты;
  • Құрылысқа қазақстандық компаниялардың қатысуын 90%-ға жеткізді;
  • Бұл қадамдар оның мемлекеттік холдингтерді реформалауға тырысқанын көрсетеді.

Жеке өмірі: отбасы және бизнес байланыстар

Ахметжан Есімов - отбасылы, екі қызы бар.
2024 жылы оның қызы Айжан Есімова Қазақстандағы ең ықпалды әйел-кәсіпкерлердің бірі ретінде аталды. Ал бұрынғы күйеу баласы (Айжан Есімовамен отау құрған) - белгілі олигарх Ғалымжан Есенов, елдегі ең ірі активтерге иелік ететін бизнесмендердің бірі. Бұл да Есімов отбасының қоғамдағы ықпалын төмендете қоймағанының белгісі іспетті.

Қазір Ахметжан Есімов қайда?

Кейінгі жылдары ол ақпараттық кеңістікте де мүлде көрінбейді. Дегенмен, жуырда, шамамен екі апта бұрын Есімов Алматыдағы "Жайлау" гольф-курортында өткен Audi Quattro Cup 2025 турнирінде байқалғанын бұған дейін айтып өттік.

Сурет: Orbis Qazaqstan баспасөз қызметі

Ахметжан Есімов - Қазақстан саясатындағы ұзақ жылдар бойы маңызды рөл атқарған тұлға. Ол "Ескі Қазақстан" дәуірінің символдарының бірі екені даусыз.

Алматыны басқарған тағы бір "Ескі Қазақстандық" - Бауыржан Байбек

"Ескі Қазақастанның" келесі бір өкілі - Бауыржан Байбек. Алматы әкімі лауазымын Байбек Есімовтен кейін басқарды.  Бұл қызметті ол 2015 жылдың 9 тамызынан 2019 жылдың 28 маусымына дейін атқарды.

1974 жылы 19 наурызда дүниеге келген  Бауыржан Қыдырғалиұлы Байбек Алматының тумасы.

Оның әкесі – Байбек Қыдырғали Мұқаметамірұлы теміржол саласында жұмыс істеген, зейнеткерлікке шыққанға дейін қаладағы "Жолаушылар тасымалы" КММ-нің орынбасары қызметін атқарған. Әкесінің Нұрсұлтан Назарбаевпен бір сыныпта оқығаны көпке мәлім. Әкесі мен экс-президенттің дос болуы да Бауыржанның мансабында "бағын ашқан" болар.

Бауыржан Байбек екі мәрте үйленген. Бірінші некеден екі қызы мен бір ұлы бар. Ал екінші отбасында екі ұл бар.

Бауыржан Байбек екі жоғары білім алған: музыкалық-педагогикалық және сыртқы экономика. Қазақ, орыс, неміс және ағылшын тілдерін меңгерген.

1992 жылы Алматыдағы Күләш Байсейітова атындағы музыкалық мектепті фортепиано сыныбынан үздік тәмамдағаннан кейін Байбек Құрманғазы атындағы консерваторияға түскен, бірақ оқуын соңына дейін бітірмеген.

1994–1998 жылдары "Болашақ" бағдарламасы бойынша Германияда білім алған. 1995–1998 жылдары Любек жоғары музыкалық мектебінде педагог мамандығы бойынша оқыған.

  • 1999–2002 жылдары Байбек Германиядағы Қазақстан Генерал консулдығында референт, атташе, Берлиндегі елшіліктің экономикалық бөлімінде үшінші хатшы қызметін атқарған. Дипломатиялық дәрежесі - "1-ші санатты кеңесші".
  • 2002–2003 жылдары Президент әкімшілігі жанындағы Жүйелік зерттеулер орталығының сарапшысы болған.
  • 2003 жылы  - ақпарат және талдау секторының меңгерушісі.
  • 2004–2006 жылдары  - Президент протоколының бас инспекторы.
  • 2006–2009 жылдары – Президент протоколының бастығы.
  • 2009–2013 жылдары – Президент әкімшілігінің орынбасары.
  • 2013–2015 жылдары – "Нұр Отан" партиясының бірінші орынбасары.

2015 жылдың 9 тамызында Бауыржан Байбек Алматы қаласының әкімі болып тағайындалып, өзінің алдындағы әкім - Ахметжан Есімовке орынбасарлықтан ауысқан. Бұл қызметті 2019 жылдың 28 маусымына дейін атқарды.

Коллаж: Нұрболсын Өрісұлы

Бауыржан Байбектің Алматы әкімі ретіндегі елеулі істері

  • "Оңай" электронды билеттеу жүйесін енгізді. Терминалдар пайда болды, бірлік картасы іске қосылды.
  • Қалалық көшелерге "Алматы Паркинг" төлем жүйесі орнатылды.
  • "Адамдарға арналған қала" тұжырымдамасы жүзеге асырылды: орталық және аулаларды қайта құру, Панфилов көшесін жаяу жүргіншілерге арнау. Алайда, жасалған өзгерістерге қатысты көпшілік сын айтты (жасыл желектерді кесу, тротуар плиткасы мен бордюрларды жыл сайын ауыстыру).
  • Қоршаулар, киосктар, трамвай жолдары жойылды.
  • Жерасты өткелдері жөнделіп, музыка қосылды.
  • Барлық аудандарда мұз айдындары мен спорт алаңдары салына бастады.
  • Аудан әкімдіктерінің әлеуметтік желілерде аккаунттары ашылды.
  • "Атакент" ауданында 15 метрлік сабаннан жасалған тиін мүсіні сынға ұшырады.
  • Алматы трамвайлары жойылып, вагондар Өскеменге сатылды.
  • Фурманов көшесі Назарбаев даңғылы деп өзгертілді, бірақ тұрғындардың пікірін ешкім сұраған жоқ.

Әкімдік қызметінен кейін

2019 жылы 29 маусымда Байбек "Нұр Отан" партиясының бірінші орынбасары болып тағайындалды.

2022 жылдың 2 ақпанында Байбек партиядағы бірінші орынбасарлықтан кетті. Бұл 2022 жылғы 28 қаңтардағы съезде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев партия жұмысын сынға алып, жаңарту қажет екенін айтқаннан кейін болды. Ол ұйымдық құрылымды қайта қарастыруды, соның ішінде партиядағы бірінші орынбасарлық лауазымын жоюды ұсынды. 

Осыдан кейін Бауыржан Байбек саясаттан алшақтап, кейінші жылдары шетелде жұмыс істейді деген ақпарат желіде желдей есіп жүр. Екі жыл БАӘ-де білім алып, жұмыс істеген деседі. Бұл туралы оның туған әпкесі Айгүл Байбектің өзі ақпарат құралдарына растаған. Оның сөзінше, Байбек Қазақстандағы жобаларға шетелдік инвестиция тартумен айналысқан. Сонымен бірге, әпкесі оның кейінгі бір жарым жыл ішінде ол Жапонияда қызмет атқарып жүргенін айтқан.

Экс-шенеуніктің Жапонияда жүргені рас сияқты. Биыл наурыз айының соңына таман желіде Б.Байбектің гүлдеген сакура ағашының жанында түскен суреті желі арқылы тарап кетті. 

Сурет: instagram.com/bakordamems

Бұл суретті жариялаған Bakordamems паблигі "Алматының экс-әкімі Бауыржан Байбек қазір Жапонияда. Сакураның гүлдегенін көруге келіпті. Сіздерді хабардар етіп отырамын", - деген жазба қалдырған. 

Нұрлан Нығматулин – "Ескі Қазақстанның" серкесі

Нұрлан Зайроллаұлы Нығматулин - Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев кезеңінде билікте үлкен ықпалға ие болған, "Ескі Қазақстанның" ең танымал тұлғаларының бірі. Ол 1962 жылы 31 тамызда Қарағандыда дүниеге келген. Саясаттану ғылымдарының докторы, тарих ғылымдарының кандидаты.

Нығматулин ұзақ жылдар бойы биліктің жоғары эшелондарында қызмет етіп, Парламент Мәжілісінің төрағасы (2012–2014, 2016–2022), Қарағанды облысының әкімі (2006–2009), Президент Әкімшілігі басшысы (2014–2016) және Қауіпсіздік кеңесінің мүшесі болды.

2022 жылғы Қаңтар оқиғасынан кейін Нығматулин 1 ақпанда Мәжіліс төрағасы қызметінен өз еркімен кетті. Бірнеше аптадан соң ол Нұр Отан (қазіргі Аманат) партиясының Саяси кеңесінен шығарылды. Осы кезеңнен кейін оған қатысты түрлі айыптаулар мен тергеулер пайда болды, ал өзі көпшілік алдында көрінбей кетті.

Нығматулиннің "нығметке" толы мансабы

Нұрлан Нығматулиннің еңбек жолы 1984 жылы Қарағанды политехникалық институтын тәмамдағаннан кейін басталды. Алғашында "Қарағандыоблгаз" кәсіпорнында жұмыс істеді. Одан кейінгі жылдары комсомол ұйымдарында жетекшілік қызметтер атқарды.

1995 жылдан бастап оның мансабы орталық билікпен тығыз байланысты болды:

  • 1995–1999: Президент Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы, басқарма басшысының орынбасары
  • 1999–2002: Астана қаласы әкімінің орынбасары
  • 2002–2004: Көлік және коммуникация вице-министрі
  • 2004–2005: Президент Әкімшілігі басшысының орынбасары
  • 2006–2009: Қарағанды облысының әкімі
  • 2009–2011: "Нұр Отан" партиясы төрағасының бірінші орынбасары
  • 2012–2014: Мәжіліс төрағасы
  • 2014–2016: Президент Әкімшілігі басшысы, Мемлекеттік хатшы м.а.
  • 2016–2022: Мәжіліс төрағасы (қайта сайланды)

Нығматулин Мәжілісті қатаң тәртіппен басқарған тұлғалардың бірі ретінде есте қалды. Оның нұсқауымен, депутаттар регламенттен асып, артық сөйлегенінде микрофон өшірілетін.

Сурет: Нұрболсын Өрісұлы

Отбасы және жеке өмірі

Нұрлан Нығматулин үлкен әулеттің мүшесі, 5 ағайынды.

Жұбайы Венера Баймұрзаева жылжымайтын мүлікпен айналысады. БАҚ мәліметінше, оның Дубайда ондаған қымбат жылжымайтын мүлкі бар.

Ұлдары:

  • Нұржан Нұрланов – кәсіпкер, бұрын "ҚазМұнайГаз-Аэро" және "Бәйтерек" холдингінде басшылық қызметтер атқарған.
  • Нұрхан Нұрланов – кәсіпкер, "Қазфосфат" бас директоры болған.
  • Мәди Нығматулин – шетелде білім алған.

Нығматулиннің ағайындарының да бірқатары істі болды, кейбіріне халықаралық іздеу жарияланды. 2025 жылдың сәуір айында Мәжілістің бұрынғы спикері Нұрлан Нығматулиннің ұлы Нұржан Нұрлановқа қатысты тергеу жүргізіп жатқаны БАҚ-та кеңінен айтылды.  ІІМ мәліметінше,  қылмыстық іс Қылмыстық кодекстің 389-бабы - "Өз бетінше билік ету" бойынша тергелді.

2022 жылғы отставкадан кейін Нығматулин саяси сахнадан мүлдем жоғалды. Оның қайда жүргені, немен айналысатыны туралы ресми ақпарат жоқ. Әлеуметтік желіде оның шетелге кеткені туралы түрлі болжамдар бар, бірақ бұл деректер расталмаған.

Осылайша "Ескі Қазақстан" дәуірінде ықпалды болған саясаткерлердің қазіргі өмір жолы әртүрлі бағытта өрбіп кетті: бірі қоғамнан алыстап, жеке өмірін таңдады, бірі шетелге кетті, енді бірі бизнеске бет бұрды. Алайда олардың билік кезеңі мен атқарған қызметтері ел тарихында өзіндік із қалдырғаны анық. Бұл есімдер саяси сахнадан кеткенімен, олардың төңірегіндегі әңгімелер мен талқылаулар арагідік болса да осылай айтылып қояды. 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды
1
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

14:13

14:05

13:12

12:30

12:20

12:10

12:01

11:53

11:49

11:46

11:38

11:23

11:19

11:15

10:54

10:35

10:25

10:05

09:50

09:40

09:25

09:20

09:10

08:55

08:30