Алматы - түрлі бизнестің тоғысқан жері. Ақшаң болса жаныңа керектің бәрі табылатын қалада адамға ғана емес, жануарларға да жағдай жасалған. Әлемдік жұлдыздар таңдап орналасатын қымбат қонақүйге толы шаһарда мысықтарға да арналған қонақүй бар. Аqshamnews.kz тілшісіне сұқбат берген NEKOTYAN қонақүйінің әлеуметтік инвесторы Назым Осака ерекше бизнестегі жолы жайлы баяндайды.
Сіңілімнің диагнозы себеп болды
Менің атым – Назым, жасым 48-де. Үш баланың анасымын. 25 жыл Жапонияда өмір сүрдім. 6 жылдан бері Алматыда тұрамын. Айман деген 33 жастағы сіңлімнің Даун синдромы бар бар, ол өте белсенді қыз, жануарларды қатты жақсы көреді, жануарлар да оған үйірсек.
Бала күнімде сіңлімді ертіп қыдырып жүргенімде адамдардың оған таңырқай қарап қалатынын байқайтынмын. Студент кезімде де ойнатып жүргенде кейбір әйелдер сіңлімді ауладан алып кетуімді талап ететін. Олардың «оның психикалық ауытқуы бар, балаларымызға зиян келтіруі мүмкін» деп қорқатынына қатты қынжылатынмын. Сіңлім есейген сайын бұл жағдай одан бетер ауырлай түсті. Сауда орталықтарында немесе кафеде отырғанда ересектер де, жасөспірімдер де оған аңтарыла қарап, ұялы телефонға суретке түсіріп, күліп, саусағын шошайтатын. Сіңлім мұның бәрін сезеді, бетін жауып, төмен қарап, адамдарға қарамауға тырысатын. Адамдардың өзін келемеждейтіні, бет-әлпетіне жиіркене қарайтыны оған өте ауыр еді. Сіңілімнің жасып қалатыны маған одан да ауыр тиетін.
Мен әрдайым оны қорғауға тырысып жүремін. Біреуге ескерту жасаймын, қажет жерде суретке түсірген телефонды қағып тастаймын, тіпті кей жағдайларда сындырған кездерім де болды. Бірақ қоғамды өзгерту оңай емес. Уақыт өте сіңлім үйден шығудан қашқақтайтын болды, өз келбетінен ұяла бастады, ақырында өзіне сенімсіз болып, мінезі тұйықталды. Негізі ол өте мейірімді қыз. Жан-жануарға да, адамдарға да жаны ашып тұратын сезімтал.

Айман ағасы Сағыммен бірге.
Біз оның әрдайым қасынан табылуға тырысамыз. Ағам екеуміз де, анам да оны жалғыз қалдырмайды. Анам күні-түні қасында, бірақ жасы 70-ке келген адам, кейде қатты шаршайтын кездері болады. Ал сіңлімнің энергиясы таусылмайды, ол үнемі бірдеңені реттеп, жинап, орнын ауыстырады да жүреді. Сондай сәтте менің ойыма сіңліме бір жұмыс ашып беру идеясы келді, өйткені оны еш жерге жұмысқа қабылдамайды. Даун синдромы бар балаларға арналған балабақша да, арнайы мектеп те жоқ.
Жапонияда жүргенде мысықтарға арналған қонақүйде Даун синдромы бар балалардың жұмыс істейтіні туралы репортаж көріп қалдым. Сол кезде сіңлім үшін Алматыдан дәл осындай қонақүй ашу идеясы келді.
Хейттің астында қалдық
Үйсіз мысықтар паналайтын қонақүйіміздің барлық шығыны өзіміздің мойнымызда. Кейде әлеуметтік желідегі оқырмандар жем алуға донат төлеп көмектеседі, оларға алғысымыз шексіз.
Бұл жерді ашқан күннен бастап хейттің астында қалдық. Кейбір микроблогерлер өздеріне назар аудартатын хейт үшін шындыққа жанаспайтын ақпарат таратып, қонақүйде «дені сау емес адам жұмыс істейді, оған жануарларды сеніп тапсыруға болмайды» деп көрсеткісі келді. 2GIS-ке де көпе-көрнеу өтірік пікір жазғандар болды. Олардың мақсаты не екенін білмейміз, мүмкін бәсекелестер шығар, әлде мүмкіндігі шектеулі адамдарды жек көре ме екен, өкінішке қарай, ондайлар да бар.
Бір кезде екі ай бойы бірде-бір «қонақ» келмей, шын мәнінде бос тұрған жағдай болды. Жалпы, мысықтарға арналған қонақүй – маусымдық бизнес. Қонақүй толатын кез – оқушылардың демалыс уақыты: демалыста 100% қонақ болса, ал жай күндері 30–50%-ке дейін «келуші» болып тұрады. Сондықтан кейде шынымен қиналып қаламыз. Ең табысты уақыт – жаз мезгілі. Жазда қонақүй толы болады. Кейде мысықтың иесі қайтып келмей, байланысқа шықпай қоятын жағдайлар болады. Мұндайда мысық бізде қалады, әрине, оны далаға тастай алмаймыз, асырап алатын отбасы тапқанша күтеміз.
Бізге дәретке шығуды үйрету қажет мысықтарды да алып келеді. Кейде иесі ауруханаға жатып қалатын немесе босанғаннан кейін 40 күн үйден шыға алмайтын кезде де бірнеше айға қалдыратындар болады. Асыраған мысығынан баласында ауыр аллергия пайда болып, бізге уақытша әкелетіндер де бар. Оларға ай сайынғы ақысын төлеп тұрады, жаңа асырап алушы табылғанша біз қарап береміз. Мысықтардан бөлек тотықұс, балық, кесіртке, тышқан, маймыл, тасбақа, қоян, шиншилаларды да қабылдаймыз.
Мысықтарға жапон стандартымен жағдай жасаймыз

NEKOTYAN қонақүйі
Мысықтар қонақүйі деген дұрыс ұйымдастыра алсаң, жақсы табыс әкелетін шаруа. Маңызды талап – тазалықты қатаң сақтау, жануарлар күтімін уақытылы жасау. Жұмыстың ең қиыны – қызметкерлердің әр үйшік, тор, ойыншық, ыдыс пен бөлмені әрбір жануардың артынан мұқият дезинфекциялап отырғанын бақылау. Асептика мен дезинфекция ережелерін қатаң сақтау аса маңызды. Сондай-ақ кез келген жануарды қабылдағанда оның денсаулығын мұқият тексеріп алу қажет. Ауырып тұрған жануарды мүлде қабылдамаймыз, өйткені бұл басқа «қонақтарға» қауіп тудырады. Сол себепті денсаулығы сәл күмән тудырған жануарды қабылдаудан бірден бас тарту керек.
Біздің қонақүйдегі әрбір үйшік ұзындығы мен ені бір метрлік квадрат пішінді және жеке желдеткіш, сорғыш жүйесімен, жарықпен және 24/7 жұмыс істейтін түнгі көрінісі бар бейнебақылаумен жабдықталған. Үйшіктердің ауасы әрдайым таза әрі жаңарып тұрады, іші жылы, жел соқпайды. Әр үйшік қонақ бөлме, әжетхана және ұйықтайтын бөлме сияқты үш бөлікке бөлінген. Қонақүйдің ішінде Жапонияның FUNAI маркалы сорғыш желдету жүйесі және SHARP ауа тазартқышы мен ионизаторы бар. Мысықтарға арналған жалбыз иісті ауа ылғалдандырғыштар жұмыс істейді.
Қонақүйде үш түрлі нөмір үлгісі бар: стандарт, премиум және VIP deluxe.
Стандарт – 90 см × 1 м
Премиум – 1 м × 1 м
VIP deluxe – 4 шаршы метр бөлме.
Барлық нөмірлер желдеткішпен және бейнебақылаумен жабдықталған. Қонақүйдің тәуліктік бағасы – 2500-3000 теңге аралығында.
Қонақүйге бизнес ретінде қызығушылық жоғары. Бұл бизнестің ыңғайлы тұсы – мұны үйіңнен де аша беруге болады. Ең бастысы – жануарларды жақсы көре алу. Сонда ғана жұмыс өз жолымен жүре бастайды, ал мысықты жақсы көрмейтін адам мұндайға өзі де жоламайды ғой.
«Кототерапия» деген не?
Біздің қонақүйде «кототерапия» да бар. Яғни қоғаммен қарым-қатынасы қиын балалар келіп, мысықтарға кітап оқып бере алады, олармен ойнайды, жануарлардың жанында отыруына да болады. Үйінде мысық ұстауға жағдайы келмейтін, бірақ мысықтарды жақсы көретін ересектер де бар, олар да бізге келіп, мысықтарды бауырына басып, сипап, ойнап, тамақтандырып кетеді. Бұл терапия – тегін. Кез келген адам мысықтарға тәттілер әкеліп, өз қолымен беруіне болады, мұндай келушілерді қуана қарсы аламыз.
Айман сіңілім де қонақүйде бар ынтасымен жұмыс істейді: таңнан кешке дейін жинастырады, тамақтандырады, ойнатады, мысықтарға қамқорлық жасайды. Ең қызығы –мысықтар да оны ерекше жақсы көреді. Олар сіңілім ешқашан тырнаған емес, оған қарап айбат шекпейді. Керісінше, оған өздері жақындайды, үстін сипаса да қарсыласпайды, тіпті тізесіне жатып ұйықтап қалады. Сіңілімнің мысықтарға деген махаббаты шексіз, оларды жақсы көргені үшін бақытты. Айманның ризалығын көріп, біз одан да бақыттымыз. Қонақүйде сіңілімнен бөлек кәсіби мысық күтушілер де жұмыс істейді, негізгі тазалау, күтім және дезинфекция жұмыстары сол мамандардың мойнында. Сонымен қатар мысықтарды қабылдап алатын, медициналық білімі бар администраторымыз да бар. Жапон стандартымен жасалған қонақүйімізге «қонақ» қабылдауға дайынбыз!