300-ге жуық бала көз жұмған: кейінгі үш жылдағы өрттің жантүршігерлік статистикасы

  • 16:33, 19 қараша 2025
300-ге жуық бала көз жұмған: кейінгі үш жылдағы өрттің жантүршігерлік статистикасы Рixabay

18 қарашада Жетісайдағы алапат өрт салдарынан бүтін бір әулеттен бірнеше адамның қаза табуы елді дүр сілкіндірді. Кейінгі үш жылда Қазақстанда тілсіз жаудан қанша адам қаза тапты? Олардың қаншасы балалар? Аqshamnews.kz тілшісі деректерді тізіп көрді. 

Өрттен қаза тапқандардың басым бөлігі – үлкендер

ТЖМ-нің ресми есебі бойынша, 2023 жылы Қазақстанда 11 805 өрт тіркеліп, 375 адам қаза тапты, 304 адам жарақат алды. 2024 жылы 11 549 өрт болып, 326 адам көз жұмды, 332 адам жараланды. Яғни екі жылдың өзінде өрт салдарынан 701 адамның өмірі қиылған.

Ал 2025 жылдың 17 наурызына дейін тек тұрғын үй секторында 1 138 өрт болып, 52 адам қаза тапқан, олардың алтауы балалар. Қалғаны – ересектер. Тағы 50 адам жарақат алған, оның 8-і – бала. Осылайша, 2023–2024 жылдар және 2025 жылдың алғашқы айларында кемінде 753 адам өрт құрбаны болған, олардың басым көпшілігі ересек азаматтар.

Кейінгі жылдары өрт салдарынан 300-ге жуық бала көз жұмған

Статистика балаларға келгенде тіпті ауыр. 2019–2021 жылдар аралығында өрт салдарынан 187 бала қаза тауып, 33 бала улы газдан уланған.

Жаңа кезеңдегі көрсеткіштер де алаңдатарлық:

  • 2023 жылы өрт кезінде 42 бала, улы газдан 11 бала қаза тапқан. 

  • 2024 жылдың алғашқы 7 айында Қазақстанда өрт салдарынан 19 бала қаза болып, 27 бала әртүрлі жарақат алған.

ТЖМ дерегіне қарағанда, 2024 жылы балалардың «шалалығынан», яғни сіріңкемен ойнау, қағаз тұтату, электр құралдарын қосу деген сияқты жайттардан 94 өрт шыққан, сол оқиғалардың өзінде 11 бала көз жұмған. 

Ал биыл жылыту маусымы басталғалы бері, яғни бір айда еліміздің тұрғын үй секторында 870 өрт тіркелді (2024 ж. – (осы бір ай аралығында) - 892), бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2,5%-ға төмен. Өрт салдарынан осы уақыт аралығында 34 адам қаза тапты (27%-ға төмендеу, 2024 ж. – 41 адам), оның ішінде 2 бала (4 есе азайған, 2024 ж. – 8 бала). Соның ішінде Түркістан облысында 17 өрт тіркелді (2,4 есе төмен, 2024 ж. – 38).

Ал 18 қарашада Жетісай ауданындағы Алғабас ауылында бір ғана үйден 9 баланың бір мезетте өлімі тіркелді. Демек, биыл ғана кемінде 15 баланың өлімі өртпен байланысты (деректер әлі нақтылануы мүмкін).

Өрттің негізгі себептері қандай?

Өртке қарсы қызмет комитетінің мәліметінше, Қазақстандағы өрттердің жартысына жуығы – электр жабдықтарын монтаждау және пайдалану ережелерін бұзудан туындайды. Тағы 15,5% – пештерді және жылыту құрылғыларын дұрыс қолданбаудан, ал 16% – тұрғындардың отқа ұқыпсыз қарауынан (темекі, ашық от, қоқыс/шөп жағу) болады. Жыл сайын өрттердің шамамен 60%-ы – тұрғын үй секторында, 22%-дан астамы көлік құралдарында тіркеледі.

Өртпен қатар, тұрмыстық газ (улы газ) – көзге көрінбейтін, иіссіз, түссіз қауіп. 2023 жылғы 5 қазаннан бастап 2024 жылғы ақпанның аяғына дейінгі жылыту маусымында ғана Қазақстанда улы газдан 124 адам қаза тапқан.

ТЖМ мен әкімдіктер әлеуметтік осал отбасыларға он мыңдаған газ және түтін датчиктерін орнатып жатыр. 2023–2024 маусымында 39 мыңнан астам датчик орнатылып, олардың жұмыс істеуі 19 адамның өмірін сақтап қалған, ал өткен маусымда датчиктер 24 адамның өліміне жол бермеген. Бұл – қарапайым техникалық құралдың өзі дұрыс қолданылса, ондаған адамның өмірін сақтап қала алатынын көрсетеді.

Жетісайдағы трагедия

Түркістан облысы Жетісай ауданына қарасты Алғабас ауылындағы екі қабатты жеке тұрғын үйдегі өрт осы ауыр статистиканы тағы да алға шығарды. 18 қараша таңертең шыққан өрт кезінде үй толықтай өртке оранып, үйдің ішінен 12 адамның мәйіті табылды, олардың 9-ы бала, тағы үш адам ес-түссіз жағдайда құтқарылып, жедел жәрдемге тапсырылды. Өрт 360 шаршы метр аумақта сөндірілді. 

Көршілердің айтуынша, оқиға болған үйде алдыңғы күні той болып, қонақтар қонып қалған. Бір мезетте бірнеше ұрпақтың, балалар мен ересектердің, бір үйде қаза табуы бұл оқиғаны бүкіл ел үшін ұлттық деңгейдегі қайғыға айналдырды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қаза тапқандардың туыстарына көңіл айтып, Үкімет пен облыс әкімдігіне зардап шеккендерге барлық қажетті көмек көрсетуді және қайғылы жағдайды жан-жақты тергеуді тапсырды. 

Еске салайық, 2019 жылы Астанада өрт салдарынан бір үйдің 5 баласы көз жұмды: 2006, 2008, 2013, 2015 және 2018 жылдары дүниеге келген. Олардың ең кішісі – небәрі 11 айлық. Түнде олар тірідей өртеніп кеткен кезде, ата-анасы жұмыста болған. Бұл қайғылы оқиғадан кейін көпбалалы отбасыларға арналған жеке ай сайынғы жәрдемақы (табысқа қарамай, 4 және одан көп баласы бар отбасыларға) Қазақстанда 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап енгізілген еді. 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

17:46

17:35

17:29

17:29

17:20

17:05

16:54

16:45

16:33

16:31

16:15

16:04

15:41

15:34

15:18

15:10

14:57

14:43

14:30

14:13

14:05

13:12

12:30

12:20

12:10