Қысқа өлшеммен алсақ, адамның көңіл күйі, үлкен өлшеммен алсақ, денсаулығы не ішіп, не жегеніне байланысты. Осы тұрғыдан қарағанда, аспаз дейтін еңбек адамдарының қоғам өміріндегі маңызы ерекше. Ел астанасындағы «Қарлығаш» балабақшасының бас аспазы Лилия Герамен танысуымыз осы ойды санамызға бекіте түскендей болды.
Лилия Гера – шеше жағынан қуғанда аспаздар әулетінің үшінші буыны.
«Қандай мамандық таңдайтыныма бас қатырмаппын да. Әжем аспаз болған Анам да аспаз. Мен солардың ізімен келе жатырмын. Ас әзірлеуге деген ынтызарлықты бойыма анам дарытты. Үйімізден қонақ арылмайтын. Сондықтан уақытымыздың көбі тамақ істеуге кететін. Тамақ пісіруге солайша әуестендім», - деп бастады ол әңгімесін.
53 жастағы аспаз өмірінің 37 жылын кәсіби аспаз ретінде өткеріпті. Училищені бітірген бойда «Казахсельмаш» зауытының жұмысшыларын аспен қамдайды. Одан кейінгі аспаздық мансабы негізінен балабақшаларда өткен. Арасында бес жыл мейрамханада аспаз болған кезі бар.
2011 жылдан бері «Қарлығаш» балабақшасында табан аудармай еңбек етіп келеді.
«Балалар диета бойынша тамақтануы керек. Сондықтан қант пен тұзды мейлінше аз қосамыз. Көбінесе буға пісіреміз, өйткені баланың тамағы ағзасына ешбір зиян келтірмеуі керек. Аспаз ретінде баланың ас мәзірі маусымға байланысты түрленіп отыру керек деп есептеймін. Бізде мәзірді медицина маманы мақұлдап отырады. Тамақтың құнары міндетті түрде есепке алынады», - дейді бас аспаз.
Аспаздар мәзірді тың тағамдармен жаңартып отыруға тырысады.
«Жаңа бір ас ойлап тапсақ, балаларға қаншалықты ұнайтынын тексереміз. Балалар сүйіп жемесе, мәзірден алып тастап отырамыз. Түшпара мен мәнті түйеміз, ет асамыз. Өйткені балалар сүйіп жейді. Жалпы, бала біткен үйдің тамағын іздеп тұрады», - дейді Лилия Гера.
Оның пайымынша, аспаз тамақ істеуге шабытпен кірісуі керек.
«Балалардың тамақ ұнағанда қол бұлғап, бас бармақтарын көрсеткенінің өзі қуаныш сыйлайды. Бір ұл болды, асханадан тамақ таусылғанша шықпайтын. Түрі әлі есімде. Бізбен қатты дос болып кеткен еді. Біздің жұмысымызды негізгі бағалаушылар - осы балалар», - дейді аспаз
Кәнігі маман аспаз болу үшін арнайы білімнің қажеті жоқ деген түсініктің жаңсақ екенін айтады.
«Кез келген мамандық арнайы білімді қажет етеді ғой. Аспаздық та сондай. Әуелі ас әзірлейтін өнімдер туралы ең қарапайым дүниелерді білуің керек. Әрине, қазір интернеттен қарап, кез келген тамақты істеуге болады. Бірақ оның бәрі фото мен видеодағыдай болып шыға бермейді. Аспаздықтың өз құпиялары бар. Оны оқымай меңгеру қиын. Әр аспаздың тамақ істеу тәсілі әрқалай. Біздің жағдайда балаларды жан-тәніңмен жақсы көру керек. Сүйіспеншілікпен істеген тамақ жұғымды болады», - дейді Лилия Гера.