ffin.kz

Әріптестер әлемі

Әріптестер әлемі Сурет: Almaty-akshamy.kz

Қойшыны – таяғы, қасқырды – аяғы, журналисті де аяғы және қаламы асырайды. Тілші қауымының қаламыма жақсы кейіпкер іліксе екен дейтіні бар. Ал кейде сондай кейіпкерлеріңіз алыста емес, дәл жаныңызда жүруі бек мүмкін.
Біз бүгін өзіміздің Almaty aqshamy газетінің журналистері, құрметті оқырмандар, аты-жөні өздеріңізге мақалалары арқылы таныс Гүлжанат СЕМБАЕВА мен Ернұр РЫСБАЙ деген жас әріптестеріміз туралы жазғымыз келеді.

ШАШЫ ҰЗЫН ҚЫЗ, ҚАНДАЙ СҰЛУСЫЗ

Газетімізде көбіне құқық, заң тақырыбын қозғайтын, жылқы десе ішкен асын жерге қоятын, осы бір киелі жануардың қыр-сырын бір кісідей меңгеріп алған Гүлжанатты көп бойжеткеннің арасынан ерекшелендіріп тұратыны – ұзын шашы, яғни бұрымы. Сөзі – сынық, ісі – түзік арудың толқынды бұйра шашының ұзындығы – 75 см. Оны қию туралы ешқашан ойлаған емес. Қайта одан да ұзын болып өссе дейді.
Айына бір рет шаштаразға барып, ұшын қидыртып тұрады. Соның өзінде сонау ауылда отырған әжесінің «қатты қысқартып жіберме» деп ескертіп қоятыны бар. Жөргегінен ата-әжесіне тән болып, сол кісілердің бауырында өскен Гүлжанат аяулы әжесінің сөзіне ешқашан қарсы келмейді. Себебі, «Шаш – қыз баланың ажары» дегенді жиі айтып отыратын әжесінің немересінің әрдайым сұлу, көркем болып жүруін қалайтыны сөзсіз. 
Шашының ұшын қидыртқанда, міндетті түрде өзімен бірге алып кетеді, шаштаразға қалдырмайды. Өйткені әжесінің «Шаштың да киесі болады. Кез-келген жерде жатпасын», – деген сөзі бала күнінен құлағына сіңіп қалған. Сосын жиналған шаштарын ауылға демалысқа барғанда өртеп жібереді. Мұндайды қазақы тәрбие көрген бала ғана жасайды.
Рас, бұрынғылар «шашының бір талының өзін құс тістеп кеткен адам жүйке дертіне шалдығады» деп отырушы еді. Қазір сондай наным-сенімдерді тарқатып айтып беріп, тазалыққа үндеп отыратын әжелер де сиреп барады. Қазір бұрынғы бұрымдар да қысқара бастаған...

Иә, қазақтың барлық ырымының астарында тәрбие, тазалық дегендер жатыр. Мәселен, «түнде тырнақ алуға болмайды» дейді. Неге? Өйткені бұрын бәрі бір бөлмеде отырып тамақ ішіп, сол жерге ұйықтайтын. Тырнақ ұшып тамаққа түсіп кетуі мүмкін. Сол сияқты «шашты қалай болсын тастасаң, құс алып кетедінің» астарында сол тазалыққа үндеу жатыр.

Айтпақшы, әжесі де ешқашан шашын кескен емес. «Жас кезінде үнемі өріп жүретін болған. Альбомдағы ескі суреттердің арасында әжемнің шашын екі өріп түскен суреттері көп», – дейді Гүлжанат аса бір риза кейіппен. Бұрынғылар шашын солай екіге жарып өріп, иығынан асыра тастап, басына орамал салып жүретін. Сосын ақ жаулықты аналар өрілген шашын сүйектен жасалған тарақпен бекітіп, жинап қоятын.

Гүлжанаттың анасының да шашы ұзын. Сондықтан болар, бұл отбасында шашқа деген құрмет өзгеше. Яғни анасынан қызына мұра болып келе жатқан ұлттық құндылық деп әспеттесек те артық емес. Гүлжанат өзін қысқа шашпен мүлдем елестете алмайды. Көбіне өріп жүргенді қолайлы көреді. 

Біз одан шашының күтімі туралы, ерекше әдіс-тәсілің бар ма деп сұрадық.

– Өзгеше бір тәсілдерім бар деп айта алмаймын. Бірақ ұзын шашты күту оңай емес. Аптасына екі рет жуамын. Шашты ұзын әрі сәнді етіп өсіру үшін көп нәрсе керек емес. Шаштың өсімі бас терісіне байланысты. Сусабынмен жумай тұрып, алдымен сумен шайып аламын. Негізі ыстық сумен жуамын. Қатты ыссы болмаса, ашылмай қалатын сияқты көрінеді. Тек сусабынмен ғана жуамын. Қазір шаш күтіміне арналған қосымша заттар өте көп. Мәселен, арнайы бальзамдар, шашты өсіретін маскалар бар. Түрлі қоспасы бар, пайдалы деген бальзам, маскалармен мен де екі-үш рет жуып көрдім. Бірақ ешқайсысы шашыма жақпады, көп түсіп, жұқарып кетті. Негізі, шашыңызға сай сусабынды таңдасаңыз, шаштың жылтырап өсуіне сол жеткілікті деп ойлаймын. Шашты сусабынмен бір рет жуу керек. Кейінгі кездері кейбір қыздардан  «шашты екі рет көпіртіп жуу керек» дегенді естіп жүрмін. Сусабынды пайдаланбас бұрын жақсылап тұрып сумен шайып алсаңыз, бір рет қана жуған жеткілікті. Қанжылым сумен шаямын. Тарау қиын емес. Дымқылдай тарамаймын. Кепкеннен кейін ғана тараймын. Ылғал шашты тарақпен тарауға болмайды. Шаштың түбіне кері әсерін беріп, ұштары сынғыш болып алады. Шашым ұзын болғасын кептіруге ұзақ уақыт кетеді. Себебі, шашты тез кептіретін фенді қолданбаймын. 10-15 минут сүлгімен орап қоямын. Табиғи жолмен кептірген дұрыс, – дейді шашы ұзын әріптесіміз. 

Оған жаңа орталарда кездесіп қалған адамдардың арасында «шашың қандай әдемі, ұзын екен» деп сүйсініп, қызығатындар өте көп. Бүгінгідей шіліңгір шілдеде «ыстықтап, мазаң кетпей ме» немесе «мен де шашымды өсіргім келеді, қандай кеңес бересің» деп сұрап жататындар да аз емес. Ондай кезде білгенімен бөліседі.

Гүлжанат Наурыз мейрамында қос бұрымының ұшына сылдырлатып шолпы, маңдайына шекелік тағып шыққанда, тіпті ажарланып кетеді.

Қыз бала – ұлттың ұяты, халықтың шырайы. Ал абыройы – ата-ана беделі. Абыройлы, ақ жүзді бол, бұрымды қыз!


ДАУЫСТА ДА МӘН БАР

Ал қатарымызға биыл ғана қосылған жас тілші, жас отағасы Ернұрдың оқушы кезінде бірталай киноның дубляжына қатысқанын өзіміздің арамызда да бірі білсе, бірі біле бермейді. Мінезі ашық. Тілінің ұшында әзілі де бар. Адам жатырқамайды. Көпшіл. Елгезек. Сымбатты бойы, үлкен-кішімен бөлісе кететін ойы да бар.

Ернұр бала күннен көпшіліктің алдында сөйлегенді ұнататын. Балабақшада келісті бойы, сүйкімді түріне қарап тәрбиешілер оны барлық концерт, байқаулардың алдына шығарып қоятын. Тақпақтарды тақылдатып жатқа айта жөнелгенде, балдырған Ернұр ду қол шапалаққа көміліп қалушы еді. Балақай соған мәз болып, арқаланып, шабыттана түсетін.

Мектепке келгенде де қатарластарынан оза шауып, тағы да алға шықты. Алатау ауданына қарасты №169 мектеп-лицейінің 1-сыныбында оқып жүргенде білім ошағына «Қазақфильм» киностудиясының өкілдері келіп, Тұңғыш президент Н.Ә.Назарбаевтың бала күнінен сыр шертетін «Менің балалық шағымның аспаны» фильміндегі басты кейіпкер – кішкентай Нұрсұлтанның дауысына кастинг жариялады. Дубляж дегеннің дәмін татып көруге талаптанған барлық балақайдың ішінен Ернұрдың дауысы фильм кейіпкермен үндесе кетті. 
Одан соң көрермендердің ыстық ықыласына бөленген «Жау жүрек мың бала», «Анаға апарар жол», «Елім-ай» сияқты отандық кинотуындыларда да балалардың дауысына дубляж жасады.

– Кейіпкерлерімнің түрлі эмоцияға берілетін сәттерін дәл келтіру қиын тиетін маған. Сондықтан дауыстар бірнеше мәрте жазылады. Дубляж кезінде кейіпкердің күлетін жерін айнытпай дыбыстау үшін мені қытықтайтын. Ал ентігіп сөйлеген дауысты салу үшін студия ішінде ары-бері жүгіретінмін. Кейіпкеріңіздің қандай эмоциясын болсын, риясыз сезіне білсеңіз, дауыс сол кезде ғана шынайы шығады, – дейді Ернұр.

Оның осы салаға бір сәт қызығушылығы оянып, дубляж саласының маманы боламын деген ойдың да жыл еткені бар. Бірақ таразы басын журналист болсам деген арманы басып кетті. Түрлі қызықты, шым-шытырық оқиғалардың бел ортасында жүретін тілші болғысы келді көпшілікті сүйетін жігіт. Анасы да осы мамандықты меңгергенін қалады.  

– «Жігітке жеті өнер де аз» деген сөз ұнайды маған. Иә, бойыңда бір ғана қасиеттің болғаны жеткіліксіз. Себебі, ер адам өзіне ғана емес, айналасындағы жақындарына да жауапты. Әкем әрдайым: «Сенің қолыңа қалам ұстап, мықты журналист болғаның жеткіліксіз. Болашақта не күтіп тұрғанын ешкім болжай алмайды. Сондықтан да көп қырлы бол»,  деп отырады. Сол себепті жан-жақты болуға, барлық ортадан табылуға тырысамын. «Білгенімнен білмегенім көп» деген қағиданы ұстанамын. Білмегенімді сұраудан арланбаймын. Біреудің бойынан жақсы нәрсені байқап қалсам, соны мен де үйреніп алуға ұмтылып жүремін, – дейді жас әріптесіміз.

Жас демекші, қазіргі жастар туралы ойын да білмекке сауал тастадық. Оның ойынша, бүгінгі жастарды көбірек қызықтыратын нәрсе – материалдық байлық. Замандастарының басым көпшілігі қалай тез байысам, қалай бірден көп ақша тапсам деп ойлайды. Көбі еңбектеніп, маңдай терімен байығысы жоқ. Бәрі бірден бола қалса деп ойлайды. Сен өз кәсібіңнің үздігі болу үшін ең төменнен бастауың керек. Себебі, тәжірибені бір күнде меңгеру мүмкін емес. Бұл – Ернұрдың ойы.

Жас тілшіден құрбы-құрдастарына тағы бір кеңес: «Мақсатыңа жету үшін бастаған ісіңді соңыңа дейін жеткізу қажет. Және жаныңда сені әрдайым қолдайтын жақындарыңның болғаны маңызды».

Сіздің реакцияңыз?
Ұнату
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

14:14

13:43

13:13

12:44

12:12

11:41

11:11

10:43

10:36

21:49

19:02

18:44

18:21

18:04

17:49

17:33

16:55

16:55

16:37

16:15

16:07

15:58

15:19

15:05

14:30