ffin.kz

Әрі тартсаң БАҚ, бері тартсаң блогер...

Әрі тартсаң БАҚ, бері тартсаң блогер... Сурет: Realtribune.ru

Өмірімізге әлеуметтік желінің енуімен бірге блогер деген маманмен таныс бола бастадық. Біздің елге кешеуілдеңкіреп жеткен әлеуметтік желінің талай қызығы тарих болып та үлгерді. Инстаграмдағы псевдопсихологтар, жасыл шұлық, қызыл жіп сатқыштар, отырып алып ақыл айтып, курс сатқыштардың бәрін алғашында блогер деп біле қоймадық. Қазір кейбірінің қылығы әшкере болып, семинарына халықты аншлагпен жинай алмай қалса, көбісі тонын айналдырып киіп, басқа нишаға ауысып кетті. Мұның бәрі кеше болған оқиғалар, ал бүгін осындай жағдайлар қайталанбас үшін тәртіп керек екені байқалды. Кеше тіпті Мәжіліс депутаты Анас Баққожаев блогерлердің жауапкершілігін заңнамалық тұрғыда бекітуді ұсынды.


Депутаттың айтуынша, қазір өзін блогермін деп жүргендердің дені – ақпараттың рас-өтірігін тексермей, оңай жолмен баю мақсатында кез келген адамға жала жабудан тайынбайтын, бопсалап ақша табатын, атаққұмар, елдің берекесін бұзып, қауіпсіздігіне қатер төндіретін сауатсыз адамдар.


Бұл мәселені қоғам қалай қабылдады? Бұған қаншалықты қажеттілік бар? Блогердің қоғам алдындағы жауапкершілігі деген қандай болуы керек өзі? Осы сияқты көп сұрақ көкейде тұр. Халық қалаулысының ұсынысына қоғам белсенділерінің пікірі қандай?


 


Шыңғыс Мұқан, «Мазмұндама» баспасының жетекшісі:



Ең алдымен, «блогер» деген кім деген сұраққа жауап беру керек. Мамандық па? Мамандық болса, ондай маманның жауапкершілігін неге бөлек қарауымыз керек? Олай болса, Қазақстандағы барлық маманның (мұғалім, дәрігер, инженер, саудагер) жауапкершілігіне қатысты бір-бір нормативтік акт қабылдайық...


Жалпы, Қазақстанның заңнамасында кім болсаң да, қандай маман болсаң да, осы елде тұратын әрбір адамның міндеті мен жауапкершілігін анық-қанық бекітілген. Жаза бассаң, әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік бар.  Сондықтан, жалпы белгілі бір мамандық иелерінің жеке жауапкершілігін бөлек қарау керек деген ой маған қисынсыздау көрінеді.


Бізде ақпарат құралдары туралы заң бар. Тіркелмей, өз бетіңше газет-журнал шығарып, телеарна аша алмайсыз. Осы заңнама арқылы мемлекеттік билік ақпаратқа монополия жүргізіп келді. Алайда ақпараттық технологияның дамуы, интернет, әлеуметтік медиа заманы билікті бұл монополиядан айырды. Ал ақпараттық технология БАҚ-тан басқа да ақпарат тарату каналдарын көбейтіп жіберді. Телеарнасыз-ақ көрермен жинауға болады, газет ашпай-ақ оқырманға сөзіңіз жетеді. Бұрын тек БАҚ арқылы болатын. Сондықтан БАҚ туралы заң тек БАҚ-ты реттейтін құрал болып қалды, ақпарат ағымын түгел реттей алмайды.


Үкімет, әрине бұл саланы да реттегісі келеді, белгілі бір тәртіп қалыптастырғысы келеді. Мемлекеттік басқару магистрі ретінде үкіметтің де әрекетін түсінемін. Бірақ сөзге қатысты істің бұрандыларының бәрін болтпен қатырып бұрап тастау – орнықты шешім емес. Әрі-беріден соң, «сөз бостандығы» деген түсінік бар. Бұл – демократиялық қоғамның іргетасы.


Блогер болсын, бақсы болсын, кім болса ол болсын, егер Қазақстанның заңнамасын жаза басса, яғни біреудің ар-ожданына нұқсан келтірсе, бассыздыққа барса, қоғамға зиян келтірсе, кез келген адамның заң алдында (қандай маман болса да) жауапкершілігі нақты әрі айқын анықталған.


 


Анжела Дабысбек, ұстаз:



Меніңше, бұл мәселе орынды қозғалып отыр. Шынында да көптеген блогердің халық сеніміне кіріп алып түрлі алаяқтық жасап жүргені жасырын емес. Әсіресе түрлі тауарларды ұсынады да, артынан не ақша жоқ, не тауар жоқ, екі ортада қарапайым халық зарлап қалған кез аз емес. Сондықтан бұл блогерлерге де заңмен шектеулер қойылып, салық салынуы тиіс деп ойлаймын. Лао Цзының мына бір сөзі жақсы айтылған: «Адамдардың заңы: жақсылық құру және ұрыс, дау-дамайдан аулақ болу». Заң бар жерде тұрақтылық пен тыныштық болады.


 


Жанар Асхатқызы, Инстаграм экперті:



Иә, бұл мәселенің кей тұсына қосыламын, блогерлердің не болса соны жарнамалап жатқаны қорқынышты және бұндай жарнамаларды АҚША үшін жасап жатқандары тіпті өкінішті. Расымен де жастардың еліктеп жатқаны рас. Ата-ана да үйінде қадағалап, баласының әлеуметтік желіде не қарап жүргенін бақыласа жақсы ғой.


Жалпы ішімдік, темекі, пирамида, букмекерлік кеңсе, бір дүниеге ақша тігетін блогерлердің заң жүзінде жауапқа тартылуын қолдаймын. Сол кезде ғана жауапкершілікті сезініп, мұндай нәрселерді жарнамалауды тоқтатар еді.


Бірақ халыққа пайдасы тиіп жатқан блогерлердің де баршылық екенін мойындауымыз керек. Қаншама үйсіз қаңғып жүрген жандарға үй алып беріп, ауыр дертпен күресіп жатқан балаларға ақшалай көмек беру үшін көпшілікке сөзін өткізіп, халықтың басын біріктіріп жатқан блогерлерге Алла жар болсын. Бұған қоса, кей сауатты эксперт блогерлердің отбасын сақтап қалуға, өмірден түңілген жандардың беті бері қарауына да септігі тиіп жүргенін жоққа шығармауымыз керек. Білім беріп, заңның ақ-қарасын ашып көрсетіп, денсаулығыңды күтуді үйрететін де блогерлердің бағыты дұрыс.


Саналы адам кімді оқу, кімді оқымау керектігін ажыратып, саралай алса, жауапкершілігі жоқ санасыз блогерлердің арбауына түспейтін еді. Сондықтан ақпарат тасқыны сапырылысқан осы заманда саналы, көзі ашық адамның қатарынан болайық.


 


Сағира Уәли, журналист:



Қазір ақпараттың көптігі сонша, адамның санасы қорытып үлгермейді. Оның үстіне блогерлер қатары күн санап көбейіп келеді. Қоғамға пайдалысы да бар, керісінше зиянын тигізіп жүргендері де кездеседі.


Бүгінгі блогерлер қалай да бір өнімді жарнамалаумен, сатумен ақша табады. Көбісі курс сатумен айналысады. Олардың арасында сапалы курс ұсынатын тәжірибелі мамандар да бар. Мысалы, онлайн режимде тіл үйрететін, тоқыма тоқуды, сурет салуды оқытатын курстардың шынымен пайдалы тұстарын айтуға болады. Дегенмен инфобизнес саласында жүргендер арасында ғаламтордағы материалдарды көшіріп алып, курс сататындар да жетеді. Сондай курстардың сапасы  қадағаланса дұрыс болар еді. Мәселен журналистерге этика шеңберінен аспау керек, заңға бағыну керек деген талаптар қойылады. Себебі журналист бұқараға ақпарат таратады. Қазіргі күні блогерлер де халықпен тығыз байланыста. Сондықтан олардың да айтатын ақпараты сүзгіден өтуге тиіс.


Арман Әубәкір, «Адырна» ұлттық порталының жетекшісі:



Блогерлерге қатысты мына мәселеге назар аудару керек. Олар көбіне қажылықты жарнамалап, діни насихат жасап, ұғым, түсініктерді тәпсірлеп жатады, мұны молдалар айтса бір жөн, олай жасайтындай блогерлер діни білімі бар адамдар емес қой. Осы дін мәселесіне блогерлердің араласып, діни кейіпке еніп, пәтуа айтып, ақыл-кеңес беруі дұрыс емес деп ойлаймын. Ал қажылыққа келсек, ол туризм бизнесінің бір түрі, оның бизнес екенін дұрыс түсініп, жігін ажырата білуіміз керек, соған блогерлер жұмыла қызмет етіп, қаржымыздың шетелге кетуіне ықпал етеді. Одан бөлек әр түрлі пирамидаларды, ойындарды ашық жарнамалайтын жағдайлар да бар, бұл түрғыдан блогерлерге шектеу қойылғаны, реттелгені дұрыс деп есептеймін. Ал түрлі қоғамдық-саяси көзқарас, пікір айту тұрғысынан оларды тұсаудың қажеті жоқ деп ойлаймын, себебі бұл сөз бостандығына керісін тигізетін жайт. Мұның әрқайсының жігін ажырата білуіміз маңызды, яғни олардың аузын жабамыз, теріс әрекеттерін заң бойынша шектейміз деп ойлап, өз қолымызды өзіміз балтамен шаппауымыз керек. Елдің мұңын айтып, дұрыс мәселе көтеріп жүрген блогерлерге керісінше қоғам тарапынан қолдау қажет деп ойлаймын, менің жеке пікірім осы.


Р.S Біз депутат, заңгер, дін қызметкері сияқты басқа да қоғам өкілдеріне де хабарласып көрдік, өкінішке қарай, ол кісілердің тарапынан жауап болмады, алдағы уақытта пікір білдіріп жатса, оқырманмен бөлісетін боламыз.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнату
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

08:52

08:35

08:20

08:10

17:47

17:15

16:46

16:16

15:45

15:15

14:44

14:14

13:02

12:45

12:22

11:49

11:11

10:50

10:09

17:43

17:13

17:12

16:43

16:09

15:49