ffin.kz

Әрекет түбі – берекет

Әрекет түбі – берекет rb7.ru

Ғалымдар бүгінде әлем аса зор ғылыми-техникалық революция табалдырығында тұрғанын айтып та, жазып та жатыр. Талай жыл бұрын қолөнер шеберлерін ірі зауыт, фабрикалар алмастырып, олар істеген жұмысты заманауи тәсілмен, озық технологиямен атқаруға көшкені сияқты, енді тіпті ақыл-ой еңбегімен шұғылданатын адамдардың орнын да жасанды интеллект баса бастады.


Мамандар пікіріне жүгінсек, 2030 жылға қарай 2 млрд жұмыс орны жойылатын көрінеді. Бұдан бөлек, алдағы 20 жылға жетер-жетпес уақытта бүгінгі мамандықтардың 50 пайызына сұраныс жоғалады, есесіне жаңа сападағы көптеген вакансиялар пайда болады деген болжам бар. Қалай болғанда да, дүние қатты өзгеріс үстінде және өмір бізден кез келген жаңаруға, жаңғыруға дайын болуды талап етеді.


Негізі, жұрттың көбі мұны түсініп те үлгерді. Кезінде «балам сот немесе прокурор болса», «банкир болса» деп армандап, бар-жиған-тергенін соның жолына жұмсайтын, ақылы түрде болса да институтта, университетте оқытуға тырысатын. «Майда» мамандықтарды олқысынып, колледждерге мүлде жоламайтын. Өкінішке қарай, үміт ақтала бермейтін. 4-5 жыл табан аудармай оқып, табақтай диплом алғандардың барлығына бірдей қызмет дайын тұрмайды. Жұмысқа кірген күнде де шайлығына жетпейтін айлығын қомсынып, жастардың өзі-ақ қызметте көп тұрақтамайтын.



Ал қарап тұрсақ, қазір нағыз сұраныстағысы да – сол электрик, сантехник, механик, дәнекерлеуші, тұрмыстық техника, көлік жөндеуші секілді басқа да көптеген «майда» кәсіпті игергендер болып тұр. Соны түсінгендер осы бағытта бизнес ашып, кәсіпті табыс көзіне айналдыруда. Бір жағынан, шағын кәсіпкерлікке мемлекет тарапынан да қолдау жоқ емес. Соңғы жылдары жер-жерде осы бағытта 3-4-6 айлық тегін курстар ұйымдастырылып жүр, онда жоғарыда аталғандарға қоса, аспаз, шаштараз, тігінші мамандықтарын оқытып-үйрету жолға қойылған.



Осыдан 5-10 жыл бұрын «Киімді химиялық тазалау» дегенді ғана білетін болсақ, қазір клинингтік қызметтің өрісі айтарлықтай кеңіді. Кілем жуатын, үй тазалайтын арнайы компаниялар бар. Саны артқан сайын бәсекеге орай қызмет көрсету сапасы да айтарлықтай жақсарып келеді. Мұның сыртында он саусағынан өнер тамған қыз-келіншектер өзара бірлесіп тапсырыс қабылдап, келісімді бағаға кез келген жиын-тойдың дастарханын жасап, ас-ауқатын дайындап бере қоятын да болыпты. Араларында технолог маманнан бастап, аспаздар мен олардың көмекшілері және даяшылар да бар.



«Әрекетке – берекет» деген осы. Қымбатшылық жайлаған заманда қарап жатпай, істің көзін тауып, өзіне де, өзгеге де пайда келтіріп жүрген мұндай жандардың еңбекқорлығына, тапқырлығына қалай сүйсінбессің! Қанша жерден бәрін техника, технология алмастырып жатыр дегенімізбен, адам қолын қажет ететін жағдайлар бәрібір болады. Кезінде «театр деген қалады, оның орнын жаппай телевизия басады» деген түсінік болды, қазір тіпті телевизиядан да өтімді, жедел, қуатты ғаламтор шықты. Бірақ шындығында телевизия да, ғаламтор да театрды алмастыра алған жоқ. Сол сияқты, қай заманда, қандай жағдайда да адам еңбегі, оның махаббатпен, шеберлікпен атқарған жұмысы құнын жоймайды, сұраныста болады деп ойлаймыз. Мәселе – тек бейімделуде.



Қарап тұрсақ, «өтпелі кезең» бүгінде жасөспірімдерге ғана емес, орта жастағылар мен егде адамдарға да тән. Ол және мамандық ауыстырумен байланысты. Яғни 20-30 жыл бойы күн құрғатпай таңертең барып, кешке қайтып жүріп атқарған кәсібі не жалықтырып, не әлдебір себеппен жұмыстан қысқарып кеткен адам мүлде басқа салаға бет бұрып, аяқ астынан «майда» кәсіпті меңгеруге бет бұрса, ол – өте құптарлық жайт. Дамуда дағдарып қалуға болмайды. Мына заман, бүгінгі уақыт ұдайы ізденісті, еңбекті талап етеді. Жалпы, жерге басың тигенше әрекеттен, қарекеттен қалмағанға не жетсін!..


 


Теги: мамандық, кәсіпкерлік, технология

Сіздің реакцияңыз?
Ұнату
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

20:00

19:12

18:45

18:15

17:59

17:55

17:48

17:38

17:20

17:10

16:45

16:42

16:42

16:36

16:17

16:09

15:38

15:02

15:00

14:53

14:34

14:22

14:02

13:45

13:40