Тәуелсіздік – киелі ұғым. Оның еркіндік, бостандық, дербестік, егемендік деген секілді баламалары бар. Ол сөз ешкімге тәуелді емес, бағынышты емес, басыбайлы құл емес дегенді аңғартып тұратын үлкен мәнге ие. Шындығына үңіліп қарасаңыз, тәуелсіздік дегеніміз жанның азаттығы, рухтың еркін болуына саяды. Сондықтан да азаттықтың екі түрлі нысаны бар. Бірі – тәннің бостандығы, яғни кісенсіз, шынжырсыз, бұғаусыз емін-еркін дербес өмір сүруді білдірсе, екіншісі – сананың құрсауланбай байлаусыз, баянды тіршілікке ұмтылуы дер едік.
Біз, түркі халықтары, әуел баста көк аспанның астында, қара жердің үстінде дара, өзімізше өмір сүрген болатынбыз. Малдың өрісі, табиғаттың құбылысы, жыл маусымының ыңғайына қарап, ұлан-ғайыр сахарада көшіп-қонып жүріп жерді қорғап, елді асырап өткен екенбіз. Енді бір бөлігіміз топырақтың құнары, судың ағысына қарап, жерді еміп, диқаншылықпен шұғылданып отырақшылыққа ден қойыппыз. Егін егіп, ағаш отырғызып, бақша өсіріп бағбаншылыққа ықлас танытыппыз. Мейлі қандай күн туса да, тоғы ашына айналып-толғанып, бары жоғына жәрдем беріп, жесірін қаңғытпай, жетімін жылатпай, елдіктің туын биік көтеріп, берік дәстүр, ұлағатты салт-сана қалыптастырған екенбіз. Әне, сонау есте жоқ ескі замандардан бері елдігімізге сызат түспей, еңсеміз биік, іргеміз бүтін болып келіпті. Сондықтан да біз ежелден еркін, тарихтан бері тәуелсіз едік.
Міне, биыл «Тәуелсіздікке 30 жыл» деп мақтаныш етіп, мәртебе санап, көк туымызды желбіретіп, алыс көкжиектерге көз тігіп отырмыз. Олай болса, отыз жылдың алдында не болып еді? Шындығында, отыз жылдың алдында біз тәуелсіз емес едік. Онда кімге билендік? Кімге илендік?
Алтын орда заманының алды-артына қарасақ, біздің түркі жұрты, осынау өлкенің иесі – қазақ халқының арғы аталары Еуропа мен Азияға билік жүргізіп, үстемдік құрыпты. Ханынан қарашасына дейін, малшысы мен жалшысына дейін азат халық, армансыз жұрт болыпты. Тарихтың таразысы бірде оңға, бірде солға ауып отырады екен. Қателескендер, бүлінгендер, берекесі кеткендер іштей ыдырайды, іріп-шіриді. Ынтымағы жарасып, құдіреттеніп, бағы асқандар басқаларды шеңгеліне алады, тақымына басады. Осындай ауыс-түйіс кезеңдерінде осынау жердің иесі болған түркі жұртынан бақ қайтып, билік сусыпты. Басы жатқа байланып, мойнына құлдықтың ажырғысы киіліпті. Солтүстіктегі көршілердің көпсіп, көтерілуінің нәтижесінде бабаларымыздың аманат еткен жері жемірлер мен жендеттердің жемтігіне айналып, халқымыздың басына қамыт салыныпты. Шығыстағы Чын жұрты да көзқұрты болған, түгін тартса майы шығатын ұлан-байтақ жерімізді шыр айналдырыпты.
Не керек, біз үш ғасыр бойы басымыздың еркіндігінен айырылып, ханымыз қара болып, халқымыз ала болып, ауыздан бірлік кетіп, бақ-дәулет басқаға өтіп, өміріміз өксіпті, жеріміз тілімделіпті. 1991 жылы ең әуелі Құдайдың құдіретімен, онан кейін үш ғасыр бойы төгілген қан, ағызған көз жасының бодауына, өтеуіне Алла бізге тәуелсіздікті сыйлады. Кеңестер одағынан бөлініп шыққан он бес республиканың қатарында біз де керегемізді керіп, жүзімізді құбылаға беріп, туымызды желбіретіп, ағайынды елжіретіп жеңіске жеттік.
Амал не, үш ғасыр бойы бағыныштылық пен байлауға дағдыланған түркі жұрты, қазақ топырағындағы топтасқан халық адымын ашып, құлашын жазып тез көтеріле алмады. Әсіресе, санадағы бұғауды алып тастап, алыптың аяқ алысын жасай алмай, жасыған кездеріміз көп болды. Жан азат болмай, жұдырықтай жұмылу қиын, ой еркін болмай, от боп маздап жану машақат екен. Сөз бастау қиын ба, топ бастау қиын ба, деп екеуінің ебін табу да оңайға соққан жоқ. Ел іші де ала-құла, әртүрлі халық, әр түрлі дүниетаным, әр алуан сенім ортақ іске селкеу түсіріп жүрісімізді мандытпаған кездер бастан өтті. Әне, сондай кезде ел тізгінін қолына алған атқа мінер азаматтар аттың айылын тартып, тартпасын бекітіп, ел сенімі мен халық үмітін үкілеп ұстап, мәртше қимылдап, парасатты шешімдер шығарды. Егемендігімізді көздерінің қарашығындай қорғап, ерлерді жұмылдырып, ертеңіміз үшін еселеп еңбек етті.
Біз Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Тәуелсіздікті алу қандай қиын болса, оны сақтап қалу онан да қиын» деген дана сөзін барынша түсіндік. Отыз жыл бойы Елбасымыз бір сәт те байыз тауып отырмады. Күні бүгінге дейін қайтсек мемлекет болып нығая түсеміз, қайтсек, күш-құдіретіміз артады деп, он ойланып, жүз толғанып келеді. Баяғы түркі жұртының көсемдері секілді «түнде ұйықтамады, күндіз күлмеді». Еліміздің іші-сыртындағы халықаралық жағдай, Тәуелсіздікке оралғы болатын ішкі-сыртқы күштердің кедергісінен қалай айналып өтеміз деген ой бір сәт те алыстаған емес. «Қазақстан-2050» бағдарламасы бойынша «Мәңгі ел» болу идеясымен іріленіп келеміз.
Осы отыз жылда санап тауысқысыз, ұлылы-кішілі көптеген өзгеріс өмірге келді. Көзімізге ұрып тұрған басы ашық жетістіктерімізді айтар болсам, мынадай деп жіпке тізер едім. Елбасы ең әуелі ел ішіндегі бірлік-ынтымақты нығайтты. Тыныш қоғам, бейбіт ел құруды жүзеге асырды. Бұл жағында әзірге дейін әлемде еш баламасы жоқ «Қазақстан халқы Ассамблеясы» деген жаңа ұйымды құрып, ол ұлттар мен ұлыстардың тату-тәтті өмір сүруінің кепілі болды. Ел іші тыныш болған соң халық шаруашылығымен алаңсыз айналысып тіршілік етті. Сырттан инвестиция тартылып, отандық өндірістің өркендеуіне жол ашылды. Шетелдіктер тек тыныш, жайлы өлкелерге ақша салады және оның жемісін жеуді ойлайды. Сондай шарт-жағдай Қазақстанда да болды. Міне, бұл Ассамблея ақиқаты еді.
Мемлекет пен діннің ара- жігі ажыратылып, мемлекет «зайырлы» етіп белгіленіп, азаматтардың дінге сену-сенбеу еркіндігі өзіне тапсырылды. Ислам дінінің мұсылмандар мүфтияты мен християндық шіркеулердің жұмыс тәртібі, өз міндеттері айқындалды. Осылайша, діни алауыздық пен экстремистік пиғылдардың жолы кесілді. Ешбіріміздің де дәстүрлі дініміздегі ақиқат жолымызға шектеу қойылған жоқ. Қайта одан сайын жүйеге түсіп, руханиятымыз байыды. Ұрпақ иманды, инабатты, нұрлы жүрек болып есейіп, ержетіп келеді.
Ғылым-білім жағы реттеліп, мектеп, колледж, жоғары оқу орындарының міндеті айқындалып, ел бойынша ғылым-білімге мол қаржы бөлінді. Тұтас мемлекетте орта мектеп міндетті ағартуы жүзеге асты. Білімділер мен дарындылардың оқуына барынша мүмкіндік жасалды. Өйткені дамудың кілті – ғылым мен техникада екенін түсіндік. Осы озық идеялардың жетегімен «Назарбаев зияткерлік мектептері» мен «Назарбаев Университеті» өмірге келіп,«Болашақ» бағдарламасы іске асырылды.
Қазақстанның мұнай-газ өндірісі барынша жетілдіріліп, мемлекеттік бюджетіміздің қайнар көзі ретінде әлемнің назарын өзіне бұрды. Шығыстағы Қытай, солтүстіктегі Ресей, мұхиттың арғы бетіндегі АҚШ секілді ірі елдердің мүддесі біздің Отанымызда тоқайласып, ол тәуелсіздігіміздің кепілі ретінде пайдаға жарады. Сырттан ақша тартылды, іштегі халыққа жұмыс орындары ашылды. Қарулы қақтығыстар мен бүлініп жатқан елдерге төрелік айтып, төрден орын беріп, бейбітшіліктің берекелі бесігі болып, бітімге шақыратындай халге жеттік.
Әдебиет пен өнер де дамытылды. Заттық мәдениет пен рухани мәдениеттің бірлігі қалыптасып, тән мен жанның азығы қатар қарастырылды. Тоқсан жылдық тарихы бар Қазақстан Жазушылар одағы деп аталатын мән-маңызы зор қоғамдық ұйымның қызметі жандандырылып, ақын-жазушылардың шығармалары кітап болып басылып шығып, оқырмандар қолына жете бастады. Бұқаралық ақпарат құралдары да көпшіліктің күнделікті тіршілігінің бір бөлшегіне айналды. Ел тынысы, мемлекеттің аяқ алысы бұқаралық ақпарат құралдарынан айнадай көрініп тұрды.
Ақын-жазушылардың еңбектері мемлекеттік бағдарлама аясында кітап болып жарық көріп, көркем эстетикамыз үшін, мемлекеттік идеологиямыз үшін қалтқысыз қызмет етті. Әл-Фарабидің 1150 жылдығы, Абайдың 175 жылдығы, Жамбылдың 175 жылдығы Елбасымыз бен Президентіміздің тікелей қамқорлығымен кеңінен атап өтіліп, рухани жаңғырумен жалғасып жатыр. Осы бір үздіксіз жалғасып жатқан жаңару үрдісі арқылы біз өзімізді тереңірек тануға, тәуелсіздігімізді қастерлеуге ұмтылдық.
Өз басым Жазушылар одағында жарты ғасырдай қызмет істеу арқылы ел өмірінің бір тұлғасына айналып, дәуірмен, қаламгерлермен тыныстас болып кеттім. Жазушылар одағында жауапты жұмыс, лауазымды міндеттер атқарып, қалам арқылы халқыма қызмет еттім. Ұйғыр әдебиеті кеңесінің төрағасы бола отырып, көркем әдебиетке, халықтар достығына, татулыққа барымды салдым. Қазақ пен ұйғырдың достығын насихаттаған ондаған шығармам өз қаламымнан туды. Осы жылдар ішінде көптеген кітаптарым жарық көріп,өзге де игіліктерге кенелдім. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының мәдениет саласындағы мемлекеттік стипендиясын алып келемін. Елден шыққан бір жазушы ретінде алғысым шексіз! Еңбектерім екі тілде қатар басылып, қазақ пен ұйғырдың төл перзентіне айналдым. Кітаптарым туысқан қырғыз, өзбек, әзербайжан, саха, түрік, украин тілдеріне, одан орысшаға аударылып, көп таралыммен оқырманға жетті.
Мемлекет болған соң оның халқы, экономикасы, шаруашылығы, кәсібі-нәсібімен қатар шекарасы болады. Шекара және оны тұрақтандыру, қорғау өте маңызды. Осы отыз жыл ішінде қол жеткізген үлкен жеңіс қазақ шекарасы орнығып, айналамыз дау-дамайсыз берік қымталды. Кезінде алып империя – Кеңес одағының өзі анықтап, басын аша алмай кеткен ел шеті шегеленіп, шебімізде әскер тұрды. Қытай, Ресей, Қырғыз, Өзбекстан, Түрікмен, Иран, Әзербайжан мемлекеттерімен құрлықтағы және судағы шекара хатқа түсіп, картамен пішіліп, Елбасының қолымен тарихқа аманат етіліп тапсырылды. Көршілермен татулыққа қол жеткіздік. Бұл деген – үлкен жеңіс, аса маңызды жетістік.
Ел жаңа ғана тәуелсіздігін алып, оң-солын әлі бекітіп үлгермей тұрған сәттің өзінде ел ішінің тепе-теңдігін қалыптастырып, солтүстік облыстарға көз алартуды болғызбау үшін стратегиялық шешім қабылдап, Ақмолаға көштің бетін бұру – өте тапқырлық, парасат пен ақыл-ойдың жемісі. Астанамыз Нұр-Сұлтан қаласы – мемлекеттік идеяның заттанған, жанданған туындысы. Әрине, оның авторы Нұрсұлтан Назарбаев екенін тарих таныды. Әне, сондықтан да мен ол туралы Елбасыны басты кейіпкер етіп пьеса жазып, «Астана» деген атпен сахнаға шығардым. Ол Алматыда, Нұр-Сұлтанда қойылды, жұрттың жоғары бағасын алды.
Тәуелсіздіктің арғы тарихы мен бергі тарихын көз алдымызға келтіргенде осы секілді маңызды мәселелер жадымнан жылжып өтеді. Көңілім толқып, жүрегім шалқиды. Біз ұйғыр халқы да осы тәуелсіз елдің жемісін бірге жеп, жеңісін бірге көріп келеміз. Ұлтымыз өсіп, ұл-қыздарымыз білім алып, ұрпағымыз алаңсыз бақытты өмір сүруде. Жұрт диқаншылығы мен кәсіпкерлігін дамытып, әр кезде, әр жерде даңқ тұғырынан орын алуда. Міне, бұл – тәуелсіздіктің арқасы, елдіктің ертеңіне деген сенім.
Қазақстанда туып-өскеннен кейін, бала кезімнен бастап алдымдағы аға буын жазушылар мен замандас қаламгерлерді көріп, біліп, қатар жүрдік. Атақты классиктердің алдынан өттік, тәлімін алдық, өнегесінен үйрендік. М.Әуезов, С.Мұқанов, Ғ.Мүсірепов, Ғ.Мұстафин, Ә.Нұршайықов, З.Қабдолов, З.Самади, Х.Абдулин ағаларыммен пікірлес болып, талай шығармашылық кездесулерде ортақ іске ақыл қостық, жұдырықтай жұмылдық. Жазушылар одағының бір басшысы ретінде шығармашылыққа үлесімді қосып, қаламгерлердің қайнаған ортасында жүрдім. Бүгінде ескінің көзі, жаңаның ағасы болып тәуелсіз елдің болашағы үшін еңбек етіп келемін.
Айта кетейін дегенім, Құдыс Қожамияров атындағы республикалық мемлекеттік ұйғыр музыкалық комедия театрының академиялық мәртебе алып, дәрежесінің көтерілуі ұлттық мәдениетімізге жасалған үлкен қолдау болды. Бұл тұтас ұйғыр халқының мерейін өсіріп, елге деген сүйіспеншілігін арттыра түсті. Театрымызда ұйғырдың тарихи музыкалық жәдігері, рухани қазынасы саналатын «он екі мұқам» саз өнері әуелей қалықтап, түркі дүниесіне есік ашты. Осыдан он ғасыр бұрын жасап, музыка ғылымын хатқа түсіріп, тереңінен айтып кеткен философ әл-Фараби бабамыздың теориялары мұнда да көрініс берді десек, артық айтқандық емес. Әл-Фараби баба атын атап өткен «Қалун» саз сандығы – театрымыздың бағалы байлығы, киелі аспабы. Ұйғыр театры Қазақ елінен асып, Қырғыз, Әзербайжан, Түркия мемлекеттеріне әлденеше мәрте өнер сапарына шығып, туысқан түркі жұртына барып, Қазақстанның атынан өнер бәйгелеріне қатысты. Көп рет үлкен қошеметке бөленіп, жүлделі болып оралды.
Отыз жыл бойы үздіксіз көтеріліп келе жатқан қазақ тілі мәселесі енді шындап қолға алынып, қолданысқа енуге тиіс. Жер шарындағы өз туын желбіретіп, тәуелсіздік алған алты түрік текті республиканың бәрі дерлік өз ана тілінде өмір сүруде. Ұлт тілі – мемлекеттік тіл ретінде еш кедергісіз қолданылып келе жатыр. Ендеше, ол тілдерден бір де кем емес қазақ тілі де көркемдігімен, мазмұн байлығымен өмірдің қажеттілігінен толық шыға алады. Осы ретте 175 жылдығы қатар келген ұлы тұлғаларымыз Абай Құнанбайұлы, Жамбыл Жабаев секілді ақындарымыздың мерейтойлары мемлекет көлемінде атап өтілуінің өзі – қазақ тілінің құдіреті. Абай мен Жамбылды түсіну үшін, әрине, қазақ тілін білу керек. Олар – біз үшін әлемге мақтанышпен айтуға татитын ойшылдар. Олардың мұралары ұрпақтарымызға тура жол нұсқайды. Жаһандану заманында жұтылып кетпей, дәстүрімізді жалғаушы күретамыр.
Абайдың, Жамбылдың жыр-дастандары сонау 1930-жылдардың соңында ұйғыр тіліне аударылып, ұлтымыздың өз даналарының біріне айналып кеткен. Содан бері ол үрдіс үздіксіз жалғасып, әр буын өз Абайын, өз Жамбылын тауып, танып келеді. Бұл күнде ұрпақтарымыз өлеңдерін жаттап, әндерін шырқауда.
Тәуелсіздіктен бері қарай уақыт керуеніне қарап отырсам, менің өмірім, шығармашылығым астанамыз Нұр-Сұлтанмен тікелей қатысты болып өтіпті. Астананың Алматыдан Ақмолаға көшуіне байланысты мен де талқылауға қатысып, өз үнімді баспасөзде білдіріппін. «Ақмола» атының «Астана» атына ауысуы қарсаңында, үндеу қабылдаған сәтте зиялы қауым өкілдерінің арасында мен де Астанада бар едім, дауысымды беріп едім. Астананың Нұр-Сұлтанға өзгеруіне де өз қолдауымды білдірген қаламгерлер қатарында болдым. Сондықтан да менің драмалық шығармам – «Астана» сәтті жазылды. Сахналанып, көрерменге жол тартты.
Жалпы, осынау қаламгерлік өмірім Қазақстанның Тәуелсіздігімен біте қайнасып жатыр. Оның әр парағында менің қолтаңбам бар, әр атқан таңында менің үнім бар, әр күнінде менің бақытты шағым кестеленген. Сондықтан да бір мақаламда «Қазақстандағы ұйғыр – ең бақытты ұйғыр» деп жазған болатынмын. Міне, бұл бүгінгі әлем жөнінен айтқанда дәл тұжырым, жүрек сөзіміз дер едім.