Бұл аңызды домбыраның үні жырлайды
«Алатау» дәстүрлі өнер театрының қоржыны тағы бір қойылыммен толықты. Театр ұжымы бұл жолы аңызға айналған «Ақсақ құлан» туындысын сахнаға шығарды. Аңызға негізделген тарихи оқиғаны әсте, театрдан артық ештеңе түсіндіріп бере алмасы анық. Сондықтан болар, көрерменнің қарасы да қалың болды.
Қойылым алдында БАҚ өкілдерінің қатысуымен баспасөз конференциясы өтті. Жас режиссер Арухан Темірбекқызының үлкен сахнадағы алғашқы тырнақалды еңбегі көрерменге өзгеше қырымен ұсынылған. Феерия жанрындағы қойылымды көріп, қазақтың күйшілік өнеріндегі ең көне туынды – «Ақсақ құлан» күйінің шығу тарихынынан мәлімет алдық. Жалпы, феерия – бұл фантастикалық қойылымға бағытталған театр жанрының бір түрі. Қазақ театрларында бұл жанрдағы қойылымдар көбіне ойды абстрактілеп айту арқылы жеткізеді. Осы уақытқа дейінгі қойылымдар нағыз феерия дәрежесіне жете қоймаған еді. Сондықтан «Ақсақ құланды» өнердегі жаңа құбылыс деуге әбден болады. Феерия жанрының ерекшелігі – фантастиканың әртүрлі элементтері бар туындыларды сахналауға ыңғайлылығында.
Әдетте, қойылым сахналанған сайын мың құбылып, мінсіз бола түсетіні бар. Бірақ бұл жолы туындының тұсаукесері халық назарына ә дегеннен-ақ әсемдікпен ұсынылды. Заманауи жаңашылдықты қолдана отырып, бостандық пен әділдік үшін күресті суреттейді. Талғамы биік көрермен қойылым аяқталған соң тік тұрып, қол шапалақтады. Театр ұжымына риясыз алғысын осылай білдірді.
Аңыздағы Құлан – даналық пен рухтың символы. Құланның құлынынан айырылуы адамның өз баласынан айырылғанындай қайғымен тең екенін көрсетеді. Қойылым Кетбұға күйшінің қолына домбырасын ұстап, көрермен залынан ақсақтай басып, ақырын сахнаға қарай келуімен басталады. Кетбұға қойылым бойы ақсақтап жүреді. Күйші неге ақсақ?! Тарихта Кетбұға ақсақ болмаған. Осы жерде режиссердің ұтымды шешімі – құлан мен күйшінің байланысын сахнада ойната білуі. Екіншіден, қойылымдағы көріністердің дені пластика секілді элементтер арқылы берілген. Спектакльдің пластика режиссері Адлет Таменов оқиға мен би сахналарының арасынан ғажап үйлесім тапқан. Әсіресе, құландар мен қасқырлардың айқасы әсерлі болды.
«Ақсақ құлан» күйінің шығу тарихын домбырамен байланыстырып жатады. Көп айтылмайтын, ұмытылып бара жатқан оқиғаның бірнеше нұсқасы бар. «Кімде-кім ұлымның өлімін естіртсе, көмейіне қорғасын құямын!». Хан осылай деп жарияға жар салады. Кетбұға күйші ғана домбырасын алып, қаралы хабарды күй тілімен жеткізеді. Ол ханның алдында күй тартқанда қара домбыраның үнінен «Балаң өлді, Шыңғыс хан!» деген сөздер шыққандай болады. Ханның көз алдына баласының қалай қайтыс болғаны елестейді. Сонда хан: «Балам өлген екен ғой, мына кісінің көмейіне қорғасын балқытып құйыңдар!» деп жарлық береді. Бізге жеткен аңыз бойынша ертеде домбыра үш ішекті, көмей тесігі болмаған деп жазылған. Домбыраның қақпағынан көмей тесігін жасап, қорғасын ерітіп құйғызыпты. Содан бастап домбыраның көмей тесігі пайда болған екен деседі. Бұл күй ел арасына «Ақсақ құлан», кей жерлерде «Ақсақ құлан, Жошы хан» деген атпен тарап кеткен.
«Театр саласында 50 жылға жуық қызмет етемін. Дәстүрлі өнер театры ашылып, қазақ өнерінің көзі ашылғандай болды. Бұл жас театрдың шарықтайтын биік шыңы әлі алда. Ашылғанына небәрі 7-8 жыл болса да, үлкен жетістіктерге жетіп жатқанына куәміз. Бұл театр қазақтың төл өнерін шетелге шығаруы керек. Театр сахнасында қойылған «Әнші Мұхит», «Мәмлүк. Сұлтан Бейбарыс», енді міне, бүгінгі «Ақсақ құлан» сынды төл шығармалар желісімен сахналанған қойылымдар көбейе берсін!»,-деді Қазақстанның еңбек сіңірген артисі Сансызбай Карабалин.
Ал театртанушы Амангелді Оразбайұлының айтуынша, қазір театр – саясат пен өнерді насихаттау құралы. Кеңестік кезеңде көп нәрсені саясаттың, идеологияның құралы деп келдік. Біз – жас мемлекетпіз. Осындай мәселелерді театр сахналаса, құба-құп деп білеміз. Былтыр Алтын орда дәуірін зерттеу институты құрылды. «Ақсақ құлан» – дәстүрлі театрдың дәстүрлі емес спектакльдерінің бірі. Басты идея – соғыс және бейбітшілік. Айналамызда болып жатқан мәселелерді шебер жеткізе білген.
· Тақырыпқа орай
Арухан ТЕМІРБЕКҚЫЗЫ, қойылымның қоюшы режиссері:
Тоғыз ай дайындалдым
«Ақсақ құлан» – кәсіби сахнадағы алғашқы жұмысым. Қанымызбен келе жатқан асыл мұрамызды дәл осы дәстүрлі театрда қойғаныма өте қуаныштымын. Феерия жанры неге таңдалды десеңіз, мен режиссер ретінде көрерменнің жүрегіне өзгеше жол табуым керек. Оған біраз уақытым кетті. «Ақсақ құлан» оқиғасын домбыраның үні жырлайды. Домбыраның әсем тілін көрерменге жеткізу керек болды. Сондықтан таңдауым осы феерия жанрына түсті. Дәл осы аңызды сахналау театрдың да жылдық жоспарында болған екен. Бірақ мен театрға келгенде оны білмедім. Мен үшін тосынсый болды. Себебі, мен оған дейін осы қойылымға тоғыз ай дайындықпен келдім. Сәуір айында театрға келгеннен кейін бірден жұмысты бастап кеттік. «Ақсақ құлан» аңызының үні сахнамызда ғана емес, санамызда да жаңғырмақ. Қысқасы, қолымыздан келгенше әсемдікті көрсеткіміз келді.
Өздеріңіз білесіздер, бұл аңыздың бірнеше нұсқасы бар. Қойылымда Құлан – ана мен баласы туралы жырлаймыз. Ана құлан мен Шыңғыс ханның баласынан айырылғаны баяндалады. Ең үлкен трагедия – көзі тірісінде баласының өлімін көру. Қойылымның басында Бөрте былай дейді: «Халықты қылышпен қорғай алсаң да, қылышпен басқара алмайсың. Халықтың көзінен не көргің келеді?! Өз тозағыңды ма, жұмағыңды ма?». Ең бастысы, әлемге қандай ниетпен келсең, сол ниет саған кері оралатынын жеткізгім келді...