ffin.kz

Ақ шағала Алматыға оралды

Ақ шағала Алматыға оралды Сурет: автор

А.П.Чехов атындағы орталық қалалық кітапханада «қазақ поэзиясының ақ шағаласы» атанған белгілі ақын Ақұштап Бақтыгереевамен оқырмандар кездесуі өтті.

Ақұштап Бақтыгереева Қыздар педагогикалық институтында оқыған кезінде осы кітапханаға жиі келіп тұрғанын айтып, сөзін кітапхана ұжымына алғыс айтумен бастады. Бүгінде 80-нің сеңгіріне шыққан ақын араға 25 жыл салып, жастық шағының куәсі болған ару Алматыға қоныс аударған екен. Ол өзінің өткен өміріне, еткен еңбегіне ой жүгірте келе, адамның бар мақсаты – артында із қалдыру екеніне тоқталды. Ақын пайымынша, із деген – өсіріп отырған өз ұрпағың мен ұлтыңның ұрпағы және олардың есінде қалатын бір ауыз сөзің. Бұл ретте:

«Махаббаттың болмайды жолы жаңа,

Қыз үлесі қашан да – болу ана.

 «Жаным» деген жігітті жек көрмеңдер, 

Өзі сүю – қыздардың соры ғана» немесе:

«Осал да болма ойыңнан оңай адасқан,
Өжет те болма орынсыз сөзге таласқан.
Алдымен қызға керегі
пәктік, адалдық,
Одан соң, жаным, жаз мінез керек жарасқан
», деген сияқты нәзік лиризмге толы жырлары оқырман жүрегіне жол тапқан Ақұштап Бақтыгереева, шын мәнісінде, қазақ поэзиясына ғана емес, күллі қазақ руханиятына елеулі із қалдырған, еңбек сіңірген тұлға. Кезінде қабырғалы қаламгер, академик Зейнолла Қабдолов: «Орал дегенде менің ойыма үш қыз түседі: бірі Қыз Жібек, екіншісі Мәншүк, үшіншісі Ақұштап Бақтыгереева» деген екен. Айтса-айтқандай, Ақұштап ақын есімін Ақ Жайықтан, Орал өңірінен бөліп қарау мүмкін емес.

«Өнерге қанат қақтырғаның үшін,
Өмірден орын таптырғаның үшін,
Өзіңе сүйеп арқамды әр кез,
Өткір шындықты айттырғаның үшін –
Оралдым саған.
Жүректе шерді айта қалайын деп,
Көңілдер сырын байқап алайын деп,
Жалған күлкіден шаршаған жанарымды
Мөлдір айдынға шайқап алайын деп –
Оралдым саған... –
деп туған топырағына табан тіреген ол, бәрібір елдік мәселелерге, бүкіл қоғам жайына үн қосып, жандүниесіндегі тебіреністерді жырына арқау етуден танбады. Әсіресе ақынды қатты толғандыратыны, мазалайтыны қазақ қызының тәрбиесі, тағдыры. Ол соған орай:

«Айдап салдым жылқымды ақ қауланға,

Жабағы арық, тай семіз көп сауғанға.

Қуанғаннан жүрегім оттай жанар,

Ақ білегің сыбанып қой сауғанда», дейді. Мысалы, осы халық әнінен жігіттер қой сауған қыздың ақ білегін көріп өлең арнап, күй тартып, ғашық болғанын көреміз. Сөйткен қазақтың қыздары қазір арзандап кеткен жоқ па? Бет-аузын тұмшалап қара орамал жамылады, жерге сүйретіп бірдеңе киеді, не боп кетті бұлар?!» деп қынжылады. «Бұлай кете берсе ұрпағымыз не болады?! Қазақ қыздары ұлтты ұстап қала ала ма?!» деп алаңдайды. 

Өлеңді жан серігі еткен Ақұштап апай ақындық жолының даңғыл болмағанын да аңғартты.

«Қазақ қызына қалам ұстап не керек? Баласын бақсын, ошағының отын жақсын. Әдебиетке неменеге қабаттасады?!» дегенді біз жеңіп шықтық. Оның басында Фариза тұрды. Ол бүкіл өмірін, жастығын, денсаулығын қиды. «Өлең, мен сені аялап өтем. Дара күндерімнің, нала түндерімнің сырласы болғаның үшін» деп, Фариза қазақ қызының өлең жаза алатынын дәлелдеді. Фаризадан кейін «Өлеңді жігіттер жазады» деген ұғым жоғалды. Екеуміз екі бағытта келдік. Мен: «Қазақ қызының қолынан өлең жазу, от жағу, бала өсіру, жөргек жуу, бәрі келеді, мен соны дәлелдеймін» дедім. Міне, сөйтіп, жарты ғасыр жар болып, ана болып, түтін түтетіп келе жатырмыз. Біз өзімізден кейінгі ақын қыздарға баспалдақ болдық, жол салдық. Ал біздің алдымызда кім болды? «халық жауынан» қалған тұқым Мәриям Хакімжанова мен коммунист Тұрсынхан Әбдірахманова ғана болды», дейді.

Жалпы, Ақұштап Бақтыгерева жырларынан ақынның жан тазалығы, адалдыққа, адамгершілікке іңкәр болмысы айқын көрінеді. Сезім қылын тап басатын шынайы шумақтарда адамға деген сенім, сүйіспеншілік, даналық тұжырым басым. Ол адалдыққа, адамгершілікке үндейді, адамды құрметтеуге, достықты бағалауға шақырады, қайырым, мейірім, ізгілік атаулыны дәріптейді.

Кездесу кешінде сөз алған әдебиеттанушы, сыншы Әлия Бөпежанова айтпақшы, Ақұштап жырлары, бір қарағанда, екінің бірі жаза алатындай өте қарапайым көрінеді. Бірақ, түптеп келгенде, онда терең ой, небір образдар, қазақтың тұтас тұлғасы, болмысы бар.

«Бүгінгі қоғамның тыныс-тіршілігі ақынның үлкен жүрегінен, философиялық тұрғыда зерделеуінен өтіп жатқаны байқалады. Ақұштап Бақтыгерева жырлары кезіндегі Әбубәкір Кердері бабамыздың ой-толғамдарымен, елдің болашағына алаңдап айтқан уәждерімен үндес, рухтас. Құдды сол кісінің бүгінгі таңдағы, заманауи жалғасы тәрізді әсер береді», дейді Әлия Бөпежанова.

Жүздесу барысында әсерлі әңгімемен қатар, ақын өлеңдері де тыңдалмай қалған жоқ. Талапты жастар шараға қатысушыларды Ақұштап Бақтыгерееваның сыршыл лирикасымен сусындатып, кешті әдемі жыр, келісті күймен көмкерді. Шығармашылығына қызығушылық танытқан жастарға ризашылығын білдірген ақын, олармен естелік суретке түсті, қолтаңба берді және жүздесіп, ой бөлісуге қашанда дайын екенін айтты.     

 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнату
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

12:01

11:58

11:49

11:36

11:32

11:23

11:04

11:01

10:59

10:49

10:44

10:40

10:30

10:21

09:54

09:46

09:44

09:19

09:18

09:08

08:49

08:02

20:24

19:07

18:55