ffin.kz

«Апат айтып келмейді»

«Апат айтып келмейді» almaty.tv

Еліміздің түкпір-түкпірінде күніне қанша төтенше оқиға болып жататынын біз біле бермейміз. Соның бірі – өрт.


Күні кеше ғана Алматыдағы «Ақкент» ықшамауданында көпқабатты үй отқа оранды. «Апат айтып келмейді» десек те, мұндай келеңсіз жағдайға жол бермеуді ойластыру, алдын алудың мүмкіндіктерін қарастыру аса маңызды.


Басқа мегаполистердегі сияқты, соңғы уақытта Алматыда да төбесі көк тіреген зәулім үйлер көптеп бой көтеруде. Бұрынғы салынған үйлерде, негізінен, табиғи, сапалы материалдар пайдаланылған болса, қазіргі қолданыстағылардың дені – синтетика мен пластик. Бір анығы, олар жанған кезде бөлінетін нәрсе табиғи заттардыкіне қарағанда анағұрлым улы екені және өрттің таралуы да айтарлықтай тез болатыны мәлім. Мұндай жағдайда қызыл жалын құрсауында қалған адамдарды құтқару үшін әрбір минут, тіпті әрбір секунд қымбат.  



Технология жетілген бүгінгі заманда көпқабатты үйлердің құрылысын өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ете отырып жүргізу қарастырылмайды деп айта алмаймыз. Бірақ мамандар тиісті нормалар жобада көрсетілгенімен, құрылыс барысында сақтала бермейтінін жоққа шығармайды. Бұл ретте, тұрғындардың өздері де пәтерлерін бастапқыда қарастырылмағандай ғып қайта жобалап, кейде тіпті өртке қарсы жүйелерді өшіріп, өрт сөндірушілерге арналған өткелдерді жауып тастайтын көрінеді.



Мұның сыртында, құрылыс жүргізуші компаниялардың да барлығы бірдей қажетті нормаларды ескере бермейді. Мысалы, Алматыдағы кейбір тұрғын үй кешендерінде арасынан арнайы техника түгілі, адам әрең өтетін, яғни бір-біріне тым жақын салынған үйлер көп. Ал аяқасты төтенше жағдай бола қалса, бұл әсіресе жоғары қабаттардағы тұрғындар үшін өте қауіпті. Өйткені көпқабатты ғимараттардағы тік құбыр түтін мен өрттің жоғарыға тез көтерілуіне жол ашады. Яғни төменгі қабатта от шықса, бірнеше минуттан кейін-ақ ең жоғары қабаттағылар тұншыға бастайды. Түтіннен көз аша алмайтын ғимаратта баспалдаққа жүгіру де тиімсіз. Сондай-ақ, өрт кезінде лифтіні пайдалануға да тыйым салынады. Лифт шахтасымен таралған түтін электр желісін істен шығарып, адам мүлде құрсауда қалып қоюы мүмкін.


Яғни өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін көпқабатты үйлерде түтін шығару, өрт сөндіру жүйелері, температура датчиктері мінсіз жұмыс істеуі қажет, эвакуациялық баспалдақтар ашық және бос болуға тиіс.  



Өрттің ең ауыр салдары – адам өміріне төнетін қауіп. Бұл жерде тек отқа оранған пәтер тұрғындары ғана емес, қаншама өрт сөндірушілер басын қатерге тігеді! Олар тек қызмет бабымен ғана әрекет етпейді, өздерінің адамдық, азаматтық борышын да өтейді. Алапат өртпен алыса жүріп тұрғындарды құтқарғанымен, өздерін күйік шалып, ауыр жарақат алғандары, тіпті өмірмен қоштасқандары қаншама!..



Күні кеше «Ақкентте» болған өртте де Алматының Төтенше жағдайлар департаменті қызметкерлерінің жанқиярлық әрекеті арқасында талай тұрғын аман қалды. Ал солардың еңбегі лайықты бағаланып жүр ме? Өздерінің қауіпсіздігіне қаншалықты кепілдік бар? Ол, әрине, бөлек әңгіме.



Сіздің реакцияңыз?
Ұнату
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

19:02

18:44

18:21

18:04

17:49

17:33

16:55

16:55

16:37

16:15

16:07

15:58

15:19

15:05

14:30

14:22

14:14

13:35

13:10

12:49

12:43

12:32

12:21

12:04

11:51