«Америка ашқан қазақтар» мұхит асқан мұрағатты іздейді...

«Америка ашқан қазақтар»  мұхит асқан мұрағатты іздейді... Сурет: автор

Жақында журналист, ақын Дүйсенәлі Әлімақынның «Америка ашқан қазақтар»  атты жаңа кітабы жарық көрді. Бұл еңбек  – автордың «Болашақ» бағдарламасы аясында Вашингтон университетінде тағылымдамадан өтіп, АҚШ архивтерінде жүргізген ғылыми ізденістерінің жемісі. Онда америкалық кітапханалар мен мұрағаттарда сақталған, қазақ халқы мен тарихына қатысты құнды мәліметтер топтастырылған. «Америка ашқан қазақтар» кітабы туралы автордың өзімен тілдесудің сәті түскен еді. Сұхбат барысында қызықты жайттармен бөлісіп, тың деректердің қалай табылғанын және бұл еңбектің маңызын айтып берді.

 

«Болашақ» – жауапкершілік және парызым

«Америка ашқан қазақтар». Кітаптың атауы ерекше әрі қызықты екен. Мағынасы қандай? Бұл еңбекті жазуға не түрткі болды?

– «Сөз қадірін – өз қадірім» деп білген ата Қазақ жылт еткен жақсы жаңалыққа қуанып, сүйінші сұрасқан. Ал кейін келе ел арасында бірер жаңалық болса, «Америка аштың ба?» дейтін тіркестер пайда болды. Бұл дегеніміз «қандай жаңалығың бар?» дегеннің қазақы әдеби түрі болса керек. Бұл кітаптың атауы «мен жаңалық аштым» дегендік емес, еліміз туралы Америка кітапханаларында, архивтерінде жақсы жәдігерлер, құнды деректер бар екен дегенді білдіреді. Яғни поэтикалық атау деп түсінген дұрыс. АҚШ-та жүргенімде, қазір жұмыс істеп жатқан «Егемен Қазақстан» газетіне мақалалар жіберіп тұрдым. Сол мақалаларды газет басшылары ақылдаса келе «Америка ашқан...» деген айдармен жариялады. Аталған газеттің Бас редакторының орынбасары, жастардың жанашыры Талғат Батырхан ағамыз «бұл айдарды мен қойғанмын» деді. Ал мен осы кітапты баспаға ұсынарда, ол кісінің алдынан өтіп, кітап атауын «Америка ашқан қазақтар» деп қоятынымды айттым, Талғат ағамыз сүйінішін білдірді.

Ал енді бұл кітапты жазуға не түрткі болды деген сұрақ маған жиі қойылады. Анығында, мен бұл тақырыппен сонау 2018 жылдан бері айналысамын. «Болашақ» бағдарламасымен АҚШ-қа оқуға барғанымда, өзіме мақсат қойдым. Америкада жүргенімде бір жыл болса да уақытты зая кетірмей, өзіме жүктелген жауапкершілікті сезіндім. Мемлекетіміз соншама қаржы бөліп, бізді шетелдің беделді университеттеріне оқуға жіберді, енді ел сенімін ақтап, мемлекетімізге титтей де болса пайдасын тигізетін шаруа істейін деген ізгі мақсатта жұмыс істедім. Менің түсінігім бойынша, «Болашақпен» оқу – ел аралап, жер көріп, көк ту жамылып, әр қалада суретке түсу емес. «Болашақпен» оқу – осы бақыт басына бұйырған азаматтың жауапкершілігін, сенімін, елге игі істер істеу ниетін таразыға салатын іс. Мен осылай ойладым. Сол үшін «Америка ашқан қазақтар» кітабын Америкада бастап жаздым.

Қандай оқиғалар мен кейіпкерлер қамтылған? Жазу барысында қандай дереккөздерге сүйендіңіз?

Бұл кітапқа сонау 1803 жылы жарық көрген «Ресей империясындағы халықтардың киім мәдениеті» деген жазбадан бастап, Мұхтар Әуезовтің АҚШ-қа сапарына дейінгі кезең қамтылған. Кітапқа енген әр деректі таңдап алып, әр мақаланы оқырманға түсінікті етіп жазуға тырыстым. Негізі менің қоржынымда Америка кітапханалары мен архивтерінен алған ұлтымызға қатысты деректер өте көп. Оның бәрі бір кітапқа сыймайды. Ал жақында шыққан бұл кітап менің зерттеу тақырыбымның алғашқы нәтижесі. Батыс әлемі Орталық Азия елдерін, оның мәдениетін, тарихын кезең-кезеңімен зерттеген. Олар үшін осы аймақтағы түркі мәдениеті, сан ғасырлық қым-қуыт тарих пен алуан түрлі мәдениет пен діннің тоғысуы, Ресей империясы одан кейінгі Кеңес Одағының әртүрі саяси жүйемен түркі халықтарына жүргізген саясаты бәрі-бәрі оларды қызықтырғаны анық. Кітапқа енген «Арынғазы сұлтанның ауылына келген неміс ғалымы», «Есет Көтібарұлы Батыс зерттеуінде», «Шотланд жиһангезінің қазақ ауылындағы сапары» сынды мақалалар біздің кейбір ұмытылған, тарих бетіне жазылмай қалған сәттерімізді қайтадан өзімізбен қауыштырады.

«Қазақ» атауы:

жүректі толқытқан жаңалық

Сізді ерекше таңқалдырған деректер болды ма?

Әр деректі тапқан сайын балаша қуанған сәтім есімде. Себебі, біздің халық өткен немесе одан арғы ғасырларда тіпті одан кейін де көптеген жәдігерін жоғалтып алды. «Мың өліп, мың тірілген» қазақтың басына не өтпеді дейсіз? Ал қазақтың тарихына, мәдениеті мен әдебиетіне қатысты деректерді Батыс білгірлері өз жазбаларында жазып кетсе, оның өзі біз үшін құндылықтар қатарында. Мысалы, бірде Вашингтондағы Гельман кітапханасында каталогты ақтарып отырып, британдық журналист, қаламгер Ральф Фокстың «Дала халықтары» атты кітабын кездестірдім. Автор осы кітабына «Қазақ болмысы» деген тарау қосыпты да, халқымыз туралы көптеген деректер жазыпты. Өзіңіз білесіз, солақай саясаттың кесірінен кезінде біздің ұлтымызды «Қырғыз», «Қырғыз-қайсақ» деп ағат таңбалап жүрді. Бұл үрдіс арыдан бастап 19231925 жылға дейін жалғасты. Ал сонау ағылшындар еліндегі Ральф Фокс 1923-1924 жылдары жазған кітабында қазақты өзінің төл атауымен «Қазақ» деп жазады. Осыны алғаш көргенімде қатты толқыдым. Сол сәтті бастан өткерген адам ғана ондай сезімде болары шындық. Демек, адамның сана-сезімі де өзінің айналысып жүрген ісімен жымдасып, соған бейімеліп кетеді екен.

Бірде Джордж Вашингтон университетіндегі жетекшім Питер Роллбергке барып, сонау 1938 жылы Гарвард университетінде қорғалған қазақ туралы диссертацияның алғашқы басылымын көрсеттім. Жетекшім өзі үлкен профессор болса да, менің бұл қадамыма сүйінішпен, біртүрлі жылылықпен қарады. Сол ғылыми жұмысты алып, парақтап көрді де: «Мен осында қаншама жыл жұмыс істеймін, бірақ америкалық профессордың қазақ туралы мұндай құнды дүние жазғанын білмейді екенмін, мұның ішінде сенің халқыңның тарихының кейбір беті ашылмаған тұстары бар болуы әбден мүмкін, жақсылап зертте» деген жақсы лебізін айтты. Осындай толқитын сәттер өте көп. Мен тек есіме түскендерін ғана айтып отырмын.

АҚШ архивтеріндегі зерттеуіңіздің өз қиындықтары да болған шығар?

Менің қолыма түскен көптеген кітаптардың электронды нұсқасы болмағандықтан, олармен тек қағаз, кітап нұсқасымен ғана жұмыс істеуіме тура келді. Сол үшін әр кітапты кітапханадан үйге алып, асықпай оқуды жөн санадым. Көліксіз жүрген мен ауыр томдарды кітапхана мен метроның арасына сөмкеге салып алып, көтеріп барып жүрдім. Сол сәтте мен бұл уақытша әрі мағыналы шаршау ғой деп өзіме дем беретінмін. Сонымен бірге, мен бір жыл ішінде тек Вашингтон қаласындағы кітапханаларды араладым. Ал өзге штаттардағы кітапханалар мен архивтерге баруға қаржылық жағдай жар бермеді. Осы зерттеуімнің маңыздылғы мен оның елімізге берер пайдасын айтып, сол кезде құзырлы орындарға, лауазымды тұлғаларға хат жазып, көмектесуін сұрадым. Бірақ нәтижелі жауап болмады.

– Бұл еңбегініңіз АҚШ кітапханаларында сақталған қазаққа қатысты деректермен ерекшеленгенін айтасыз. Қазаққа қатысты деректердің маңызы неде?

АҚШ кітапханаларында сақталған ұлтымызға қатысты деректердің маңызы – жаңа тарихи көзқарас орнатуға, кейбір жеке тұлғалардың өміріне, тарихи оқиғалардың шынайылығына баға беру. Мен әр деректі жариялаудан бұрын оның бұдан ілгері елімізде жарыққа шыққан-шықпағанын тексеремін және осы салаға қатысты кей мамандардан кеңес сұраймын. Ал кітабыма енген деректер еліміз үшін жаңа тарихи деректер болып жатса, онда менің жыл бойы көз майым таусылып, қос иығым талып алпауыт елдің әдемі кітапханаларында текке отырмағаным.

Осы кітапты шығаруға демеушілік жасаған «Зейнолла Сәнік» атындағы мәдениет қорына алғысым шексіз.

 

        Уақыт бөліп сұхбат бергеніңізге рахмет!

Сұхбаттасқан

Гүлжанат СЕМБАЕВА.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

18:21

17:55

17:38

17:26

17:19

17:09

16:52

16:51

16:39

16:31

16:25

16:11

16:00

15:41

15:30

15:10

14:39

14:35

14:29

14:14

13:26

12:49

12:35

12:33

12:17