Кез келген адам, мейлі ол үлкен не кіші болсын, таңертең үйінен бірі – жұмысқа, екіншісі – сабаққа не балабақшаға шығады. Ал кешке бәрі сол жылы ұясына, яғни отбасына оралады. Бір-бірімен қайта қауышады. Бүгінгі күндерінің қалай өткенін бір-біріне жарыса әңгімелеп, қызықтарымен бөлісіп жатады. Бәрімізді құшағына сыйдырып тұратын отбасымыздың болғаны қандай ғажап! Сондықтан да отбасы – қастерлі ұғым. Ол – бәріміздің жүрегімізге ең жақын аяулы сөз.
Әлем жұртшылығына «темір ханым» атанып кеткен әйгілі әйел, 1979–1990 жылдары Ұлыбританияның премьер-министрі болып, үнемі ат үстінде жүрген Маргарет Тэтчерден бір әріптесіміз «Өмірдегі ең үлкен жетістігіңіз не?» деп сұрағанда, ол еш ойланбастан «Отбасын құрып, ана болғаным» деген екен. Демек, дүркіреген қызмет те, жер-жаһанға жайылған атақ-даңқ та отбасының жанында ештеңе емес.
Отбасы – махаббат пен мейірімнің, қуаныш пен мерекенің ұясы. Оны шуаққа бөлейтін, әрине, балалардың у-шуы, риясыз күлкісі. Сол балалар жылы ұясынан қанатын қатайтады, буынын бекітеді. Ата-анасының көрсетіп берген жолымен үлкен өмірге сапар шегеді. Жақсы бала сол жақсылықты кейін еселеп қайтарады, алған ұлағатын ата-анасына, бауырларына, ағайын-туысына, қала берді еліне көрсетеді. Отбасы – мемлекеттің уығы.
Кеше Алматы қаласының Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы мен Алматы қаласы Полиция департаменті жергілікті полиция қызметі басқармасы әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау бөлімшесінің қолдауымен «Дағдарыс орталықтарының одағы» ЗТБ, көпбалалы «Бақытты отбасы» орталықтары және «Жансая» дағдарыс орталығы «Отбасы – бақыт мекені» атты отбасылық байқау өткізді. Оған Алматы қаласының аудандарынан көпбалалы отбасылар қатысты. Берекелі де мерекелі шаңырақтарға Алматы қаласы Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Данияр Әлкебайұлы ізгі лебізін арнап, сәттілік тіледі.
МЕДЕУ АУДАНЫНАН «Арман» деген атпен қатысқан 4 балалы отбасының отағасысы Нұржан Арман – еңбекқор жан. Спортты серік етеді. Отанасы – Майгүл қолынан түрлі іс келетін өнерлі әйел, яғни программист, массажист, шаштараз. Ал балапандары – күрес, тау шаңғысы, шахмат және гимнастикаға қатысады. Би билеп, сурет салып, ән де айтады. Саханаға 4 бала да түрлі медальдарын тағып шыққанда, көзіміз сүйсінді.
ЖЕТІСУ АУДАНЫНАН келген «Асановтар отбасы» да 4 бала тәрбиелеп отыр. Отағасы Серғали Қалибаев – қолы шебер құрылысшы, отанасы Меруерт – ұлағатты ұстаз. Балалары білім жағынан да, өнер жағынан да мектебінің мақтанышы.
ӘУЕЗОВ АУДАНЫНЫҢ атынан қатысқан «Абдрахмановтар отбасы» 5 бала тәрбиелеп отыр. Үй иесі Ашир Абдрахманов – әскери қызметкер. Қызметіне сай қатал тәртіптің адамы болса да, жүрегі нәзік, ән салатын өнері бар. Ал отанасы Қаршыға заманауи массаж түрлерін жасайды. Балалары да ата-анасына ұқсаған өнерлі. Ұлдары дзюдо, футбол, бокспен айналысып, қыздары ән салып, би билейді.
АЛМАЛЫ АУДАНЫНАН «Теміржандар әулеті» келді. Отағасы Ауған соғысының ардагері болған. Өте ынтымақты отбасы. Отанасы – Қалжан Жұмабайқызы ұлағатты ұстаз, қазіргі таңда теміржол саласының қызметкері. Ән салады. 4 баласының өте мейірімді болып өсіп келе жатқанына сенімді.
НАУРЫЗБАЙ АУДАНЫНАН қатысқан 4 балалы «Алтаевтар отбасы» да салауатты өмір салтын ұстанады. Отағасы – Олжас Іңкәрбеков инженер-құрылысшы, отанасы Алтынхан – ақ халатты абзал жан. Бұл отбасының балалары да өнерден құралақан емес.
ТҮРКСІБ АУДАНЫНЫҢ атынан шыққан 6 балалы «Мусабаевтар әулеті» – қолөнерді отбасылық бизнеске айналдырып, ұлттық нақышты балаларына да үлгі етіп отырған еңбекқор отбасы. Отағасы пойыз машинисі болып еңбек етеді. Ал отанасы – Күлсара балабақша меңгерушісі. Балалары домбыраны, спортты, өнерді сүйеді.
АЛАТАУ АУДАНЫНАН келген «Өмірбектің отбасында» сүп-сүйкімді 5 бала өсіп келеді. Олар да бір-біріне бауырмал. Ән салады, спорт үйірмелеріне қатысады. Отағасы – Ерік салмақты, сабырлы. Ал келіншегі Жанаргүлдің жаны жайсаң жайдарлы жан.
Әр ауданнан суырылып шыққан отбасылар «Отбасы ұстанымы», «Салт-дәстүр сабақтастығы» және «Өнерліге нұр жауар» атты бөлімдер бойынша сынға түсіп, бір-бірінен кем түскен жоқ. Алдымен барлық отбасы бір-бірлеп ортаға шығып, «Отбасы ұстанымы» қандай екенін айтып өтті. Мәселен, Алмалы ауданының тұрғыны, Теміржандар әулетінің отанасы Қалжан Жолмағамбетова балаларына ұлттық құндылықтарымызды үнемі айтып отырудан жалықпайтынын жеткізді. Дастархан басына отырғанда, тамақты алдымен үйдегі үлкен кісі бастамай, басқалар қол салмайтынын, тамақтан соң, үлкендердің рұқсатынсыз ешкім өз бетінше тұрып жүре бермейтінін де атап өтті.
Алатау ауданында тұратын Өмірбектің отбасы ортаға «Баспалдаққа» бекітілген суреттер алып шықты. Онда ерлі-зайыптының және балаларының әр кезеңдегі фотолары желімделген. Идеясы – шағын отбасынан бүгінгідей биікке жеткенін көрсету. Балаларына «ойнап жүріп үйдегі баспалдақтан сүрініп кетсеңдер де, өмірде сүрінбеңдер» деген тілек арнады ата-анасы.
Байқауға Медеу ауданынан қатысқан отағасы Арман Нұржан кішкентай ұлына өз қолдарымен қағаздан жасаған аппақ шаңырақты «балам, осы шаңырақтың ертеңгі иесі – өзіңсің» деп ұстатқаны, сол шаңыраққа 3 қызының уық болып шаншылғаны, сосын ерлі-зайыптының керегесін бекіткені әсерлі шықты. Көрермендер осы сәтте ду қол соқты.
Ал өздерін «әке – күн, ана – ай, ал балаларымыз жарқыраған жұлдыздар» деп таныстырған «Асановтар отбасы» (Жетісу ауданы) «арқан тарту» өнерін көрсетіп, қошеметке бөленді. Көптің алдына ата-анасымен шығып өнер көрсеткен ұл-қыздары да ерекше мәз.
Байқауға қатысқан шаңырақтар «Өнерлі отбасы» (Асановтар), «Шебер отбасы» (Мусабаевтар), «Салауатты отбасы» («Арман»), «Дәстүрге берік отбасы» (Өмірбек әулеті), «Музыкалық отбасы» (Теміржандар), «Заманауи отбасы» мен «Мейірімді отбасы» (Алтаевтар), «Ынтымақты отбасы» (Абдрахмановтар) номинацияларын жеңіп алып, бағалы сыйлықтар иеленді.
Байқаудан тыс келген өнерлі балалар да ән салды, дөңгелене би билейді. Кішкентай бүлдіршіндер өзінің балғын қиялындағы ойларын түрлі-түсті борлармен асфальтқа бедерледі. Тәтті сусындар ішіп, кәмпитке тойды. Асыр салып ойнады, шаттанды. Міне, отбасы сәні – осы балдырғандар ертең Әділетті Қазақстанды жасайды!