Алматы оқушылары 1 миллионнан астам пластикалық қақпақ жинады

Алматы оқушылары 1 миллионнан астам пластикалық қақпақ жинады Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі

Алматыда «Таза Қазақстан» республикалық бағдарламасы аясында іске қосылған пластикалық қақпақтарды жинау бойынша экологиялық акцияның алғашқы маусымы аяқталды, деп хабарлайды aqshamnews.kz

Акцияға мектеп оқушылары мен балабақша тәрбиеленушілері қатысып, бірлескен күш-жігердің арқасында 1,26 миллионнан астам қақпақ жиналды. Экологиялық мәселелерге назар аудару және өскелең ұрпақта экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған бастама жастар мен олардың ата-аналарының тарапынан үлкен қолдау тапты. Акцияға қаланың 200-ден астам мектебі мен балабақшасының оқушылары қатысты.

Акция қорытындысы бойынша ең көп үлес қосқан үш аудан:

● Жетісу ауданы – 570 кг қақпақ (жалпы көлемнің 22,7%-ы);

● Алмалы ауданы – 484 кг (19,3%);

● Әуезов ауданы – 328 кг (13,0%).


16 желтоқсанда акцияның алғашқы маусымы қорытындыланып, ал 21 желтоқсан күні Молл Апорт East сауда орталығында жеңімпаздар мен қатысушыларды салтанатты марапаттау рәсімі өтеді. Іс-шара бағдарламасында эко-жәрмеңке, шеберлік дәрістері және қалдықтарды қайта өңдеу мен экологиялық тәжірибелерге арналған оқыту сессиялары жоспарланған.

Пластикалық қақпақтарды жинау акциясымен қатар KSC PLAST компаниясы мен Эко-Хабтың қолдауымен қайта өңделген пластиктен бірегей жаңа жылдық шырша жасалды. Бұл ерекше туындының авторы – белгілі мүсінші Талғат Жұмағұл. Шырша экологиялық мәселелерді шешуге үміттің символы ретінде қарастырылып, Жаңа жыл қарсаңында қаланың сәнін келтірмек.

«Біз достарымызбен бірнеше апта бойы қақпақ жинадық. Бұл экология үшін пайдалы ғана емес, өте қызықты іс болды. Енді жинаған қақпақтарымыз қаламызда әдемі шыршалардың жасалуына көмектесетінін білгенде, осы жобаның бір бөлігі болғаныма мақтанамын»,дейді №147 мектеп-гимназиясының оқушысы Томирис Намазбекова.


 

Сонымен қатар, «Мейірімділік» ерікті қоғамы», «Мейірім» қоры, «Аутизмді жеңеміз» жобасы мен «Инсайт» мектебінің ерекше балалары Эко-Хаб эко-жаттықтырушыларының жетекшілігімен қайта өңделген материалдардан мерекелік жаңа жылдық ойыншықтар жасады.

Бұл бұйымдарды Болат Өтемұратов қоры, RAMS, Еуразиялық банк, Алмалы холдингі, ZanHub секілді ірі компаниялар сатып алды. Акцияның маңызды бөлігі қаланың түрлі ауданында уақытша қақпақтарды қабылдау пунктіне айналған комьюнити-орталықтар болды.


«Бұл жоба – экологиялық тәрбиені шығармашылық тәсілмен үйлестірудің тамаша үлгісі. Балаларды табиғатты аялауға үйрету ғана емес, шағын әрекеттің үлкен нәтижеге әкелетінін көрсету де маңызды», – деді №147 мектеп-гимназиясы тәрбие жұмысы жөніндегі директордың орынбасары Раиса Сахиева.

Ұйымдастырушылар 2025 жылы пластикалық қақпақтарды жинау акциясы Алматының экологиялық мәдениетін қалыптастыру бойынша тұрақты науқанға айналатынын айтты. Мұндай бастамалар қаланы безендіріп қана қоймай, қайта өңдеудің маңыздылығын еске салып, қоршаған ортаны сақтауға жауапкершілік қалыптастырады.


 

Еске сала кетейік, Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» республикалық бағдарламасы елді мекендердің аумағын көркейтуге және көгалдандыруға бағытталған. Бағдарламаның басты мақсаты – қоршаған ортаға ұқыпты қарау құндылықтарын қалыптастыру, халық арасында жоғары азаматтық жауапкершілік пен экологиялық мәдениетті тәрбиелеу.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнату
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

16:51

16:45

16:41

16:12

16:01

15:47

15:45

15:43

15:40

15:32

15:13

15:11

15:06

15:03

14:46

14:45

14:27

14:26

14:22

14:18

14:14

14:12

14:04

13:46

13:45