Елімізде соңғы кездері қарқынды өріс алған мамандық пайда болды. Бұрын ондайды шетелдің киноларынан көруші едік. Бүгінде жеткізу қызметі әп-сәтте керек- жарақты әкеліп, апарып тұр.
«Ат жетпеген жерге, хат жетіп тұр»
Алматы – үлкен мегаполис. Бір шетінен екінші бұрышына жету қиын. Оның үстіне кептеліске қалсаңыз, онда көп күтуге тура келеді. Сондықтан аяқ жетпейтін жерге курьердің шамасы жетіп тұр. Осыдан бірнеше жыл бұрын елімізге «Яндекс», Glovo және Wolt сияқты сервистік компаниялары кіре бастады. Бұрын тек Chocofood бар еді. Карантинге дейін сары, қызыл, көгілдір және жасыл сөмке асынған жас жігіттер қала пейзажының дағдылы бөлігіне айналды. Ал локдаун кезінде көпшілік үшін курьерлер азық-түлікті, тағам мен дәрі-дәрмекті жеткізіп беретін жалғыз мүмкіндік болды. Бір ғана Glovo компаниясының өзінде Алматыда шамамен 3500-ге астам шабарманы бар екен. Бұл студенттерге таптырмас жұмыс күші болып тұр. Ата-анасына қол жаймай, өз нәпақасын тауып, қаржы жасап жүр. Нағыз құптарлық іс.
Бәсеке дәуірі басталды
Қазір неғұрлым еңбекті нәтижелі істесеңіз, соғұрлым табыс артық түседі. Баяғыда ауылда жүргенде егін-тегін, мал-мүлікке қарап күн көретін едік. Біреумен екінші кісі жарыспайтын. Жұрттың хал- ахуалы теңдей-тұғын. Ілуде біреу бай болмаса, жаппай жанталасу жоқ еді. Осылайша күндер өтті. Бейқам кез ешкімді алаңдатпады. Содан әлгі ата-аналардың бала-шағасы жетілді. Қалаға келушілер қатары артты. Сөйтіп, қызу тіршілік басталды.
Шыны керек, бұрын ешкім дүние табуды ойлай қоймады. Өмірбақи ауылда күн көреміз деп ойлаған болуы керек. Әйтсе де, ұрпақ ауысқан сайын бәрінің ой-өрісі өзгереді. Жастар өзінің әке-шешесі сияқты болғысы келе бермейді. Алып шаһарда тұрып, баспана, тәуір көлік сатып алып жетілгісі келеді. Мүмкін болса, бизнеспен шұғылданып жүреді. Әйтеуір қарап жатпайды. Сондықтан баланы ауылда ұстап, қасымнан шықпа дейтін дәурен келместің кемесіне мініп кеткен. Сол себепті, жастарды бұғаттап, жолын бөгеген жөн емес.
Қазір кімнен сұрасаң да бәрінің айтары, отбасында жағдайы болмаған. Сөйтіп, ағайын-туысқа салмақ салмайын деп өз жөнімен күн көріп кеткен. Иә, қиыншылық, тоқырау жылдар өтті. Алайда, заман оңалғанда үй-жай салуға болар еді ғой. Көбісі қолдан қыш құйып, бірнеше жыл құрылыс материалдарын жинады. Сөйтіп, бас-аяғы 2-3 жылда үлкен үй салды. Енді осындайға қарап қалай сүйсінбейсіз?! Дәп осындай жағдай өзіміздің басымызда да бар. Бір түсінгенім, үнемі бір жерден шықпаған адам басқаша ойлай да алмайтын сияқты. Өйткені, даму, көркею туралы айта қалсаң, ат тонын ала қашады. Ал одан кейін қайтіп даму болсын. Осындайды жасөспірім шағынан көрген бала ол жерде ешқандай өркендеу жоқтығын түйсініп, өз жолын тауып кетеді. Бір сөзбен айтқанда, «қолы қимылдағанның аузы қимылдайды» демекпіз.
Смартфон нағыз көмекшіге айналды
Нағыз арпалыс ғасырын осы шаһардан байқай аламыз. Таңнан кешке дейін жұмысқа жегілген бір адам. Бәрі қарбалас. Бір-бірімен таласқанда жағаңды ұстайсың. Бірақ амал бар ма, өйтіп-бүйтіп күн кешу керек. Бұл өмірдің жазылмаған заңы.
Алматыға ең еңбекқор жандар оқуға түсетін сияқты. Кімді қарасаң да, қарап жүрген жоқ. Жастар жан-жақты. Оқудан шығып, жеткізуші, даяшы, күзетші, көлік жуушы, аспаз және т.б. істерді атқара береді. Мақсат – өз-өзіне қаржы табу, ешкімге алақан жаймау.
Біздің көзімізге ең көп түсетін, ол – курьер. Оның қызметін қазақша түрлі атап жүрміз. Яғни атшабар, шабарман, жеткізуші деп қоямыз. Қалай атасақ та, қызметі бір ғой. Сонымен дереу зат, құжат, ас- ауқат, сусын – түрлі-түрлі нәрсеге мұқтаж болып қаламыз. Өзіміз барайын десек, уақыт жоқ. Сөйтіп, жеткізу қызметіне жүгінеміз. Қолымыздағы смартфон нағыз көмекшіге айналды. Соған белгілі бір мекенжайды тереміз, ақырында ойлаған тапсырысты әкеліп береді. Бағасы әркімге әртүрлі болар. Алайда, таптырмас көмекші дер едік.
Соңғы кездері курьер қызметіне қатысты заңнамалық тұрғыда бірқатар жұмыстар қолға алынды. Сондай-ақ, жол ережесі және т.б. проблемалар оқтын-оқтын естіліп қалып жатыр. Бәрі өз жөнімен реттелсе екен.
Алматы шаһары студенттерге толды. Тіпті шетелдіктер де жетерлік. Осы мақаланы жазарда байқағанымыз, өзбек, қырғыз, тәжік ағайындардан келіп оқитын шәкірттер де сервистік қызметтерде жүр. Бірақ сөзге тартып едік, жоламады. Не үшін екені түсініксіз?! Тілді үйреніп алған, тіпті кейбірін біздің жігіттерден ажырата алмайсыз.