Алматы - мәдениет қаласына айналған мегаполис. Жұрт оны таңдай қақтыратын табиғаты үшін, сан ғасырлық тарихы үшін, күйбең тіршілігі мен қарбалас өмірі үшін де жақсы көреді. Бұл қалаға арнап талай ақын өлең, сазгерлер әуен де арнаған. Көптің "ең алғашқы махаббатына" айналған Алматының "ең-ең" деген нысандары жайлы қызықты деректерін Аqshamnews.kz тілшісінің материалынан оқып, біліңіз.
Ең биік нүкте
Алматының айналасындағы ең биік тау шыңы - Талғар шыңы. Оның биіктігі - 5017 метрге жетеді. Бұл шың Алматыдан шамамен 40 км қашықтықта орналасқан және альпинистер мен белсенді демалысты сүйетін қауым үшін сұранысы көп нүкте.
сурет: Досжан Балабекұлы
Ең биік ғимарат
Esentai Tower – Алматыдағы ең биік ғимарат. Әл-Фараби даңғылында орналасқан нысанның биіктігі - 168 метр. Бұл архитектуралық жобаны Skidmore, Owings and Merrill компаниясы жасаған. 2008 жылға дейін Қазақстандағы ең биік ғимарат болатын, бірақ кейін Астанадағы "Северное сияние" кешені көш басына шықты. Ғимараттың алғашқы 14 қабатында кеңселер, одан жоғары Ritz-Carlton қонақ үйі, ал ең жоғарғы 8 қабатында қызмет көрсетілетін апартаменттер орналасқан.
сурет: all-towers.ru
Ең ескі ғимарат
Қызыл-Тан дүкені - қаладағы ең ескі ғимарат. Ол 1912 жылы архитектор А. П. Зенковтың жобасымен салынған, бірақ кейбір мәліметтер бойынша ол 1896 жылы архитектор П. В. Гурдэның жобасы бойынша Исхак Габдулвалиевтің сауда үйі ретінде бой көтерген. Ғимараттың жалпы алаңы - 1450 м².

сурет: cathedral.kz және visitalmaty.kz
Ең алғашқы жоғарғы оқу орны
Алматыдағы ғана емес еліміздегі тұңғыш ЖОО - Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті (ҚазҰПУ). Ол 1928 жылы ашылды. Алғашында университеттің аты Қазақ мемлекеттік университеті болған. Университет педагогикалық білім беруді дамыту мақсатында құрылып, уақыт өте келе еліміздегі жетекші оқу орындарының біріне айналды.
сурет: wikipedia
Ең ескі саябақ
Орталық саябақ - Алматының ең ескі саябағы. 1856 жылы "Казённый сад" атауымен салынған бұл саябақ алғашында Верненский гарнизонының офицерлеріне арналған демалыс орны болды. 1934 жылы ол қайта жаңартылып, кейін бір жылдан кейін А.М. Горький атындағы саябаққа айналды.
сурет: visitalmaty.kz
Ең ескі аудан
Алматының ең ескі аудандары - Татарка және Малая станица деп аталады. Бұл аудандарды тек бұрыннан тұрып келе жатқан алматылықтар ғана білуі мүмкін. Малая Станица 1870 жылы құрылып, 1962 жылға дейін қала шекарасына кірмеген. Аудан Рысқұлов даңғылынан Жарбұлақ өзеніне дейінгі аумақты қамтиды. Ал Татарка ауданы шамамен қаладағы хайуанаттар бағы мен Добролюбов көшесінен басталып Көктөбеге дейін созылады.
сурет: Н Панов
Ең ұзын көше
Алматыдағы ең ұзын көше – Рысқұлов даңғылы. Ол Түркісіб, Жетісу, Алмалы және Бостандық аудандарына дейін созылып жатыр. Даңғылға қазақтың арда ұлы, мемлекет және қоғам қайраткері Тұрар Рысқұловтың есімі (Алматы қаласы атқару комитетінің 02.08.1974 №332 шешімі) берілген. Даңғылдың ұзындығы - 5600 метр.
сурет: Алматы әкімдігі
Теңіз деңгейінен әлемдегі ең биік телемұнара
Алматының символына айналған Көктөбе телемұнарасы - тауымен қоса алғанда әлемдегі ең биік телемұнара. Оның биіктігі - теңіз деңгейінен жоғары 1452 метр. 1975-1983 жылдары салынған бұл мұнараның өз биіктігі 371,5 метр. Қазақстандағы ең биік телемұнара әлем бойынша 14-орында тұр.
сурет: koktobe.com
Ең ұзаққа созылған құрылыс
Алматыдағы метро құрылысы шын мәнінде ең ұзаққа созылған құрылыс. Оның жұмыстары 1988 жылы басталғанымен, Кеңес Одағының 1991 жылы ыдырауы нәтижесінде жұмыстар тоқтап қалған болатын. Метро құрылысы 2001 жылы қайта жалғасып, 2011 жылы 1 желтоқсанда ашылды.
сурет: metroalmaty.kz