Түбі түркі Қазақстан мен Мажарстан арасында соңғы жылдары саяси-экономикалық, мәдени байланыс артып келеді. ҚР Премьер-министрінің орынбасары — Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу елімізде мажар тілі оқытылатынын хабарлады. Екі ел арасындағы тығыз байланыстың орнауы екі тарапқа да берері мол екені сөзсіз. Осы және өзге тақырыптарда Алматыға жұмыс бабымен келген Мажарстан университетінің профессоры Золтан Бузадимен әңгімелесудің сәті түсті. Көшбасшы болу, дұрыс менеджмент құру мәселелерін зерттеп жүрген ғалым Алматы және түркі әлемі туралы ойымен бөлісті.
- Золтан мырза, Алматы мен Қазақстанға алғаш рет қашан келдіңіз? Осы жолғы сапарыңыздың басты мақсаты қандай?
– Менің есімімді қазақ тіліне аударсақ – сұлтан деген мағынаны береді. Мен өзіме қазақша есім таңдадым, себебі кей дәмханаларда өз атымды айтып жату қиындық тудырады. Сондықтан көбіне Хансұлтанбек деп танысамын.
Осыдан 11 жыл бұрын алғаш рет Алматыға халықаралық конференцияға келгенмін. Сонда бұл елдің қатты бай болмаса да, өте қонақжай әрі ашық мемлекет екенін байқадым. Сол кезде өз күшімді қазақ халқын танып-білуге және осында бизнес қауымдастықты, мемлекеттік мекемелерді, университеттерді оқытуға жұмсаймын деп шештім. Біз Мажар елінің халқы өз тарихымызды, өткенімізді жақсы танимыз. Сіздермен тарихи байланысымызды білеміз. Бірақ қазіргі менің Қазақстанға қызығушылығым өткенде емес, бүгінгі күннің мүмкіндіктерінде. Сондықтан осы жолы да Алматыдағы университеттер мен ұйымдарға көшбасшылық жайында тәлім беруге келдім, бұл Қазақстанға үшінші сапарым. Дегенмен, айта кетейін, Алматы мен Астана секілді мегаполистерден бөлек Көкшетау, Өскемен, Түркістан қалаларында, тіпті Майқұдықта болдым.
– Елімізде сізді не таңқалдырды? Қазақ ұлттық тағамдарынан дәм татып көрдіңіз бе?
– Мажарстанда өзімізді жылқыға жақын ел деп санаймыз, себебі бізде де көшпенділердің мәдениеті сақталған. Мысалы, біздің паспортымыздың әр бетінде 5 жылқы бейнеленген. Елге барғананда мен: «Қазақстанға ат үшін барамын. Себебі ол барлық жерде, тіпті пәтер ішінде бар» деп айтамын. «Пәтердің ішінде де бола ма деп сұрағандарға» – «Иә, пәтердің ішіндегі тоңазытқышта бар және мен оны жей аламын» деп әзілдеймін. Маған жылқының еті ұнайды, мүмкіндік болса оны өзіммен бірге алып кетемін. Бірақ шынын айтқанда, қонақтарға қойдың басын тарту маған тіпті ерекше көрінеді. Мен мұғалім болғандықтан көп сөйлеймін, сондықтан ба маған жиі қойдың құлағын береді, әлі күнге дейін ешкім тілді берген емес (күлімдеді – ред.). Сондай-ақ, маған құрт пен қымыз ұнайды. Қазір шығып жатқан бөтелкедегі қымыздарды мақтай алмаймын. Мен табиғи қымызды ішкенді жақсы көремін. Осы жолы сапарымда Алматыда қымызханаға тап болдым. Сонда байқасам, онда жастар денсаулыққа пайдасы жоқ дүниелерді ішіп-жейді екен. Себебі қымызханада қымыздан басқа аса тағам жоқ. Алматыға келген сайын өзім үшін жаңа дүниелерді, қаланың жаңа қырын тауып аламын. Мені осы жолы таңқалдырған қымызхана болды.
– Қазақстан мен Мажарстан арасындағы тарихи-мәдени байланыс туралы не ойлайсыз? Бүгінгі күні екі елді не байланыстырады?
– Көп ғасырлар бұрын менің ата-бабаларым қазіргі аумағына шығыстан келді. Біріншісі Еділ патшаның тұсында болды. Одан кейін мадиялар көші жүрді. Сол мадиялардан менің елімнің аты қалыптасты, яғни Мажарстан. Кей қазақтар елімізді «Венгрия» деп жатады, бірақ бұл орысша. Сондықтан біздің елімізді Мажарстан деп атауға шақырамын. Қазір әлем елдерінде бір-бірімен қарым-қатынас жасаудағы басты мақсаты пайда табу. Бірақ Мажарстан мен Қазақстан арасындағы байланыс мұндай емес. Себебі өзара тарихи әрі мәдени байланысты білеміз. Сонымен қатар қазіргі уақыттағы екі елдің ұқсастықтарына келсек, Мажарстан бір кездері Кеңес Одағының ықпалында болды. Ал қазір мемлекетіміз Еуропа мен АҚШ-тың ықпалынан шығып, өз жолын табуға тырысып жатыр. Қазақстан да осыған ұқсас жағдайда, сіздер Ресей империясы мен Кеңес Одағының құрамында болдыңыздар. Ал қазір екі ықпалды көршілеріңіз – Ресей мен Қытайдың арасында өз жолдарыңызды айқындау үстіндесіздер. Меніңше, біздің мемлекеттеріміз жаңа жолға түсуі керек. Атап айтқанда, түркі әлемімен байланысымызды арттырған жөн. Бұл тәуелсіз әрі қуатты мемлекетке айналудың жолы. Ал қарапайым халық ішіндегі құндылықтарды айтсақ, мұнда да ұқсастықтарымыз бар. Сіздерде секілді бізде де отбасы құндылықтары жақсы сақталған, яғни жасы үлкенді сыйлап, кішілерге көмектесу, үлкен отбасының болуы. Мен Германияда көп жыл өмір сүрдім, онда балалар ата-анасын «әке», «ана» деп айтпайды, есімімен шақырады. Ал Мажарстанда отбасы мүшелерінің арасындағы байланыс өте маңызды. Бірақ бұл Қазақстанда да, бізде де өзгеріп келеді. Қазір жастар басқа құндылықтарға қызығып, шетелге еліктейді. Сондықтан мәдени өзгерістердің өзі бізде ұқсас деп ойлаймын.
– Сіз көп жылдар бойы көшбасшылық жайлы зерттеп, дәріс өтіп келесіз? Сіз үшін көшбасшы деген кім?
– Әртүрлі компанияларға барып «мен көшбасшылықтан сабақ беремін» десем, көбісі оның қажет емес екенін айтады. Меніңше, адамдар ғылымның бұл бағытын дұрыс түсінбейді. Қазақстанда да адамдар көшбасшы болуды әкімдік не университеттің шыңындағы жоғары лауазымға отыру деп түсінеді. Бірақ көшбасшылықтың заманауи түсінігі – бір тұлғаның көптеген жауапты жұмысты біріктіре алу, оның ішінде: кәсіп, ұжым бірлігі, ішкі бақыт, кәсібилік және т.б. Мен бұл тақырыпты біраз уақыт бойы зерттеп жүрмін және алдағы уақытта Түркі мемлекеттеріндегі көшбасшылық қасиеттерді салыстырған зерттеуімді жариялаймын. Ал әзірге кітабымның «Қазақстандағы менеджмент стилі» туралы бөлімі жеке жарыққа шықты. Оны қазақстандық тәлімгеріммен бірге ағылшын тілінде дайындадық.
– Қазақстандағы көшбасшылық туралы ой өрбітсек. Қандай артықшылықтары мен кемшіліктері бар?
– Қазақстан компанияларында не өзге мекемелерінде жұмыс тым орталықтандырылған. Яғни, шешім қабылдау үшін бастықтың жауабын міндетті түрде күту керек. Әрине, кішкене өзгешеліктер болады, бірақ жалпы сипаты осындай. Ал мықты тұсына келсек, қазақтың қыз-жігіттері өте креативті. Мен өткен жылы Астанада болғанымда телеканалдағы ұлттық тағам дайындайтын телебағдарламаға қонақ болдым. Мен рецептіні біраз уақыт бұрын жіберсем де, оларда біздің ұлттық асымызды дайындау үшін бір маңызды ингредиент болмады. Бірақ оның шешімін тез таба алды.