Ғылым қызметкерлері күні қарсаңында Алматыда «Ұлы даланың ұлы есімдері» жобасы аясында «Қарадала және Кеген өңірлері: тарих және қазіргі заман» ғылыми экспедициясы жүргізілді. Экспедицияға тарихтың қара шаңырағы – Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтынан, Ә.Х. Марғұлан атындағы Археология институтынан және еліміздің өзге беделді ЖОО-нан тарихшы, археолог, саясаттанушы мамандар және жас зерттеушілер қатысты.
Экспедиция маршруты Алматы – Ұйғыр ауданы (музей, архив) – Үйсін обалары, сақ қорғандары – Сүмбе ауылы – Кеген ауданы (музей, архив) – Құмтекей қалашығы – Қарқара ауылы (Ереуілтөбе тарихи орны) – Саты ауылындағы петроглифтер – Алматы бағыттарын қамтыды.
Кеген және Ұйғыр аудандарындағы архив, музей, кітапханаға Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтында соңғы жылдары жарық көрген кітаптар сыйға тартылды.
Экспедиция барысында ғалымдар: Н. Мұхаметханұлы, Ш.Б. Тілеубаев, Р.Е. Оразов, Ж.Қ. Симтиков, М.С. Ноғайбаева аймақтың көне заманнан бүгінгі күнге дейінгі тарихына шолу жасап, өлкені тануға байланысты есті әңгімелерімен бөлісті. Ескі ескерткіштер, көне петроглифтер, тарихи орындар жас ғалымдарға жіті таныстырылды. Бұл шұрайлы жерді ежелден адамзат баласы мекен еткені белгілі. Ал өлкедегі Шарын шатқалы – бірден бір ерекше табиғат көрінісі, жер жауһары деуге болады. Сол сияқты Құмтекей қалашығы, Қарадала өңірі ауданның тарихи өткенінен сыр шертеді. Көрсетілген тарихи орындарды насихаттап, атауларын жандандыру, яғни қазіргі әкімшілік бөліністерде қолдану өте қажет. Ол өз кезегінде туған жердің тарихынан сусындап, түп-тамырынан нәр алуға жол ашады. Жер тарихын, ел тарихын өскелең ұрпақтың санасына сіңіруге септігін тигізеді.
Зерттеуші мамандар аудан тарихын зерделеуге қатысты өз ойларын және ұсыныстарын да ортаға салды. Ш.Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры З.Е. Қабылдинов аудандардың тарихын жүйелі зерттеу қажеттігіне көңіл аударып, ақсақалдардан ауылдардың тарихы жайлы естелік әңгіме жинастыру идесын ұсынды. Алдағы уақытта бұл жұмысты қолға алу үшін облыстық әкімдікпен бірлесіп, арнайы шаралар қабылдануы тиіс. Ал археолог Е.Ш. Ақымбек өлкедегі жекелеген петроглифтердің аудандық тарих және мәдениет ескерткіштерінің жинағына енгізілмегеніне назар салып, болашақта осы бағытта жұмыс жасап, арнайы ғылыми-зерттеу жобасын жүзеге асырудың қажеттігін сөз етті.
Жоғарыда көтерілген ұсыныстар көпшілік қауым тарапынан қолдау тауып, құзіретті мекемелер мәселені шешуге атсалысады деп сенеміз.
Құрманалина Нұргүл Нұрсұлтанқызы,
Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының ғалым хатшысы, PhD