Ғаламтор өміріміздің бір бөлшегіне айналғаны анық. Күніміздің жартысы әлеуметтік желіде отырумен кетеді. Ақпарат аламыз, қызықты бейнежазбалар көреміз, өміріміздегі маңызды сәттермен бөлісеміз. Алайда, алтын уақытымызды бос кетіп жатқаны өтірік емес. Уақыт жоғалтқаннан бөлек, арзан дафоминнің құрбаны болудамыз.
Қазіргі уақытта әлеуметтік желі өмірімізден ойып тұрып орын алды. Адамдардың бір-бірімен сөйлесуі азайды. Гаджетке телміріп, айналамыздағы заттарды байқамай қалып жатамыз. Адамдар бір оқиға бола қалса, көмектесуге асықпайтын болған. Бірінші ойға келетіні телефонға түсіріп, желіге салу. Адам әлеуметтік желіден алған эмоциясын қайта алу үшін кіреді. Әлеуметтік желіде отырып, ол жердегі ақпарат қаншалықты ұнаса, соғұрлым көп уақытын сонда өткізеді. Яғни, әлеуметтік желіден басқалардың бақытты өмірін көреді, қызығады. Одан соң өзінің өміріне көңілі толмай психологиялық ауытқуы пайда болуы мүмкін. Бұның салдарынан шынайы әлем мен әлеуметтік желінің ара-жігін ажырата алмайтын жастарымыз қалыптасуда.
Әлем халқының 76 пайызы әлеуметтік желімен «тыныс алады» десем артық етпес. Адам миының мүмкіндігі шексіз. Ал, ғаламтор оның жұмысын бұзуы әбден мүмкін. Ғалымдардың айтуынша әлеуметтік желіден алған жағымды эмоциялар «арзан дофамин» деп аталады. Әркез адам өзіне ұнайтын пікірді көрген кезде мида рахат, ләззат алу сезіміне жауапты жүйке талшықтары тітіркенеді.
Әлеуметтік желіден ақпараттық тойымсыздық пайда болады. Қайта-қайта кіріп жаңа ақпаратты көруге әуес болып тұрады. Бұл нәрсенің салдары мидың шаршаңқы жұмысына алып келуі әбден мүмкін. Балаларымыздың жастайынан ғаламтор тәрбиелеуде. Ата-аналар баланың болашағы жайында ойланса дейміз. Бесіктен белі шықпай жатып әлеуметтік желіге тәуелді болу қорқынышты жағдай. Осы орайда, әлеуметтік желінің қоғамға тигізер ықпалы қандай екенін анықтадық.
Әйгерім Серікқызы, педагог-психолог:
Әлеуметтік желі бала психологиясына төнген қауіп
Қазіргі уақытта мектеп оқушыларына әлеуметтік желілер кері әсерін тигізуде. Балалардың қызығушылығы мен сенгіштігі жоғары болады. Олар көргенін қайталауға құмар келеді. Виртуалды өмір балалардың көңілін толықтай аулауда. Сабақ үлгерімдерінің төмендеуіне бірден-бір себеп. Әлеуметтік желінің оқушыларға әсер етіп жатқанын білу қиын емес. Тикток желісінен көргенін, естігенін қайталап жүргенінен-ақ байқай аламыз. Бір-біріне «трендтегі» жүрген мәдениетсіз сөздерді айтып жатады. Яғни, бұл фактор бала психикасына өте зиян. Тіпті, болашақ мамандықтарын желімен байланыстыруда. Бірнеше күн бұрын менің қабылдауымда бір оқушы болды. Бесінші сыныптың оқушысының арманы «блогер» болу екен. Айтуынша, сабақты да сол себепті де оқымайды. Бұл жерде бір нені көре аламыз? Оқушылар күннен күнге еріншек болып барады. Бар қызығушылығы әлеуметтік желімен байланысты. Біз мәселенің шешімін тәрбиеден көреміз. Ата-ана күнделікті баланы қадағалауы маңызды. Баланың ғаламтордан не көріп, кіммен сөйлесіп жүргеніне мән беру керек. Сонымен қатар, баланың телефонын қадағалайтын арнайы бағдарлама енгізіп қойған жөн болады. Әлеуметтік желілер баланың психикасына әсер ететіні анық.
Жәнерке Мұрат, студент:
Маймылға берілген банан
Күнделікті бір қалыпты сүріп жатқан өміріміздің мәселесі қолына «смартфон» ұстағандардың бәріне ортақ. Қазір том-том болып жатқан көркем әдебиетті біреуін түсініп оқуым үшін, кем дегенде бір ай керек. Кітап оқып бастаған алғашқы 5-10 минутта өзіме керек ләззәт гармонының бөлінгенін сезбесем, кітап бетін жабуым тез. Себебі мен әлеуметтік желіден 5-10 минутта «дофамин» алып үйреніп қалғанмын. Сағаттап отырып фильм қарай алмаймын. Себебі, фильмнің қысқа әрі, қызық жерлерін ғана көру ыңғайлырақ. Мен достарыммен ұзақ уақыт бір тақырыпты талқылау оңай емес. Себебі көптеген қысқа-нұсқа сөйлейтін, эксперттердің бейнежазбасына үйреніп қалғанмын. Бұған себеп арзан дофаминге тәуелді болып қалу. Жақында ғалымдар шимпанзеге эксперимент жасағанын оқыдым. Оларға кубик рубиктың оңай формасын құрауды үйреткен. Әр құраған сайын сыйға банан беріп отырған. Эксперимент мақсаты барлық процесс барысында мидың ләззәт гармонының қай сәтте көбірек бөлінетінін анықтау. Ғалымдардың болжауынша «дофамин» гармоны, маймылға банан берген кезде бөлінуі керек болған. Алайда, гармон кубик-рубикты жинап болған сәтте көп бөлінген. Бұл сапалы дофамин екенін көре аламыз. Шимпанзе миын іске қосты. Бананды алған кезде де дофамин бөлінді, бірақ ол сапасы жағынан бәсеңдеу. Дофаминге сипат берсек. Шимпанзеге бананды жай беретін болсақ, біраз уақыттан соң, ол кубик рубиктен жалығады. Өйткені, ол “банан” деген дайын өнімге үйреніп қалды. Дәмді асты арзанға алғаннан кейін шимпанзе кубик-рубикты жинап, миын қинағысы келмей қалады. Бұл-дофамин шұңқыры. Көп адам шалдыққан ауру. Ақпараттың сапасына қарамай, барлығына үлгергіміз келеді. Алайда, біз дәл қазірмен өмір сүруді ұмытып, жеңіл әрі сапасыз өмірге үйреніп қалғандаймыз.
Еңлік Болатбек, мобилограф:
Әлеуметтік желі уақыттың қас жауы
Қазіргі уақытта ғаламторсыз өмір сүру мүмкін болса да, өте қиын. Жеке өз басым әлеуметтік желіге көп уақыт жұмсаймын. Қазір «мобилограф», «SMM» саласында қызмет етемін. Күнімнің көп бөлігін әлеуметтік желіде өткіземін. Сол арқылы табыс табамын, өзімді дамытамын, басқаларға көмектесімін. Интернет болмаса өмірім қиын болатынына сенімдімін. Себебі, жұмыстың бәрін онлайн түрде істеп үйреніп қалғанмын. Жалпы айтқанда, әлеуметтік желінің пайдасы көп. Біреулер нанын тапса, енді біреулердің өмір салтына айналған. Танымал болу біз ойлағаннан да тез. Кейбіреулер әлеуметтік желіде кәсібін домалатуда. Әрине уақытыңды қадағалау қажет. Әйтпесе, әлеуметтік желі алтын уақыттың қас жауына айналуы әбден мүмкін. Бәлкім, ғаламтор болмағанда өмірім қызық емес болар-ма еді. Себебі, жанымда телефоным бес минут болмай қалса, нестерімді білмей кетемін.
Нұрсұлу Утжан, көп балалы ана:
Баланы өзіміз тәрбиелейік
Бұрындары ғаламтор жоқ кезде өмірді қалай сүрдік. Жаңалықтың барлығын газет, радио, теледидар аркылы білетінбіз. Ал қазіргі заманда ғаламторға да үйреніп қалдық. Дүние жүзіндегі бар жаңалықты әлеуметтік желіден біліп отырмыз. Балаларға телефонды сабақ оқыған кезде ғана беруге болады. Қалған кезде, жыласа да берудің қажеті жоқ. Себебі, ғаламтор баланың ойлау қабілетін, тіл байлығының дамуын тежейді. Көздің көру қабілеті нашарлайды. Бар бос уақытын гаджетке жұмсайды. Баланың жасына лайықты емес ақпарат көп. Психикасыны кері әсерін тигізеді. Ғаламтордан алған білім тез ұмытылады. Баланың тілі кеш шығуына де себеп осы. Бір жасқа толмай жатып телефон беру қауіпті. Ата-аналар балаларына зиянын тигізіп отыр. Кішкетайынан гаджетке әуес болу армансыз, мақсатсыз бала қалыптастырады. Ал біздің болашағымыз білімді жастар. Сондықтан, тәрбиені бесіктен бастағанымыз жөн болар.
Түйін.
Әлеуметтік желінің адам өмірінде айрықша орны бар. Пайдалы жақтары көп болғанымен, зияны жайында да ұмытпағанымыз жөн болар. Алтын уақыттың қадірін біліп, қазіргі уақытпен өмір сүріп үйренген дұрыс. Әлеуметтік желінің жүйесі уақытты ұрлауға бағытталған. Өзіне қайта-қайта кіруге тартатындай психологияға ие. Жақындарымызбен виртуалды өмірде емес, шынайы өмірде байланыс құрайық.