Арселормитталдағы апаттан кейінгі ой: Шетелдік компаниялар әлеуметтік міндетін атқарып жүр ме?
Жақында Костенко шахтасында қайғылы оқиға болды. Бәріміз компанияға бүкіл жауапкершілікті артып қойдық. Иә, компания өз жұмысшыларлы үшін жауапты. Әр адамның өмірі маңызды. Десе де, мемлекеттің, жалпы қоғамның да жауапкершілігін ұмытпаған жөн. Осы орайда әлеуметтік мемлекет, кәсіпкерлердің әлеуметтік жауапкершілігіне қатысты мәселеде ой қорытып көрсек. Сөзіміз мұнай-газ саласы төңірегінде болмақ.
Костенко шахтасында болған оқиға еңбек жанжалдары тақырыбына оралуға мәжбүр етті. Еңбек даулары мен жанжалдары елімізде жиі болады. Ақпарат көздеріне шыққаны бар, шықпағаны қаншама. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің LS ақпараттық агенттіне берген жауабында өткен жылы кәсіпорындарда 50 ірі еңбек жанжалы орын алған. 2021 жылмен салыстырғанда, 61,3%-ға өскен. Сол жылы 31 ірі еңбек жанжалы тіркелген екен.
Министрлік агенттікке берген жауабында ірі еңбек жанжалдары қай өңірде көп тіркелгені туралы да жазған. 50 жанжалдың 48-і Маңғыстау облысында, ал 2-еуі Атырау облысында болған. Наразылардың басым көпшілігі мұнай-газ саласында жұмыс істейді.
Сондай-ақ, жұмысшылар жалақының көтерілуін, еңбек жағдайын жақсартуды, әлеуметтік қамсыздандыру секілді талаптар қойған дейді министрлік өз жауабында.
Еңбек жанжалдарын шешу үшін Маңғыстау, Атырау және Павлодар облыстарының басшылығымен ведомтвоаралық комиссия жұмыс істейді деген уәкілетті орган. Сонымен қатар, жұмысшылардың жалақысы көбейтіліп, кәсіби келіссөз мамандары тартылған.
Биыл 2 мамырдағы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің LS ақпараттық агенттіне берген жауабында жыл басынан бері елімізде ереуілдер болғаны туралы мәлімет бар. Мамыр айына дейін 7 ірі ереуіл болған. Баяғы жартас, сол жартас. Тағы да еліміздің батыс өңірлері. Тағы да сол баяғы мұнай-газ саласы. Маңғыстау облысында төрт, БҚО-да екеу, ал Атырауда бір жанжал. Министрліктің мәліметінше, жанжалдардың пайда болу тәуекелдері мұнай-газ саласынан бөлек көлік және коммуналды салаларда басым.
Биыл жұмысшылардың да талаптары ұлғайған. Өткен жылғы талаптарға жалақыны индексациялау, ұзақ мерзімге контракт жасау, үстемақы төлеу талаптары қосылған. Сондай-ақ, министрлік еңбек жанжалдарын шешу мен оның алдын алу мақсатында Еңбек кодексіне өзгерістер енгізгені туралы жазған. Ол үшін жұмысшылардың жұмыс берушіге қоятын талаптарын ұсыну рәсімі жеңілдетілген.
Естеріңізде болса, 2019 жылы Теңіз мұнай-кен орнында жергілікті және шетелдік жұмысшылар арасында жанжал орын алған еді. Оған ливандық Эли Даудтың әлеуметтік желіде жариялаған суреті себепші болған. Жаппай жанжалдан 45 адам түрлі дене жарақатын алған. Осы оқиғадан кейін ведомствоаралық комиссия құрылған. Бұл еңбек жағдайын жақсартпаса, жұмысшыларға жалақы беруде әділетсіздіктің болуы этносаралық жанжалға алып келетінін көрсетті. «Оқиғаның басты себебі, отандық мердігерлердің кәсіби білігінің аз екенінде» деп жазған мұнай-қызмет көрсету компаниялары одағының басшысы Рашид Жақсылықов. Сондықтан мәселені шешу үшін отандық мердігерлердегі жұмысшылардың кәсіби білігін арттыру қажет.
Мемлекеттің де, одақтың да шешімдері орынды. Дегенмен, өндірісте оқыс оқиғалар тоқтар емес. Қарағандыда болған соңғы қайғылы оқиға сөзімізге дәлел. Енді өндірістегі жұмысшылардың қауіпсіздігі мәселесі туындады. Демек, жұмысшыларды әлеуметтік қорғау мәселесін қайта қарау керек секілді.
Сана өзгермей, тұрмыс түзелмейді
Еліміздің Ата Заңында әлеуметтік мемлекет екеніміз жазылған. Алайда, біз осы күнге дейін әлеуметтік мемлекет не екенін түсіне алмай келеміз. Әлеуметтік мемлекет қайырымдылықпен, мұқтаж жандарға көмекпен ғана шектелмейді.
Расымен де, сана өзгермей, тұрмыс өзгермейді. Бір қарағанда бұл, күнде нәпақасын тауып жүрген жұмысшыларға қатысты айтылған сөз сияқты. Себебі, оны байлар көп айтады. Ал біз мұны ең алдымен Үкіметке қарата айтып отырмыз. Өйткені, азаматтарға қарата «масыл» деп айту белең алып, әдетке айналды. Осы орайда қазақ халқының философы Шәкәрім Құдайбердіұлының: «Сөзіңді түзе – әдетіңе айналады, әдетің – сенің мінезің. Мінезің – сенің тағдырың», – деген нақыл сөздері еске түседі.
Сонымен, «Әлеуметтік мемлекет» дегеніміз, «мемлекеттің бүкіл материалдық игіліктері, тапқан табысы мен байлығын әділетті бөлуді көздейтін мемлекеттік саяси модель. Оның басты мақсаты – азаматтардың лайықты өмір сүруіне жағдай жасау, әлеуметтік айырмашылықтарды барынша азайту және мұқтаж жандарға көмек көрсету». Көріп тұрғанымыздай, әлеуметтік мемлекет тек мұқтаж жандарға көмек көрсетумен шектелмейді. Бірақ бізде мемлекеттік саясат тек осымен шектеліп қалған.
Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та айтқан еді. Президент 2020 жылғы халыққа Жолдауында: «жалпы, бізге әлеуметтік саясаттың жаңа парадигмасы керек. Әлеуметтік қамтамасыз ету саласы 17 заңмен және заңға сәйкес ондаған актімен реттеледі. Бұл реттеу ісінің күрделенуіне және жүйесіздігіне әкеп соқтырды. Соның салдарынан мемлекет жауапкершілігі айқындалмай, азаматтар өз құқықтарын жете түсінбей жүр», – деген еді.
Шынында да бізге жаңа әлеуметтік парадигма қажет. Мемлекет өзінің әлеуметтік саясатын жөнге келтіруі керек. Ол үшін мемлекеттің материалдық игіліктері, тапқан табысы мен байлығы әділ бөлінуі тиіс. Мұндағы басты мәселе әділ бөлінуде. Мемлекеттің табысын қалай әділ бөлеміз?
Бұл сұраққа коммунизм байлардан алып, кедейлерге үлестіру керек деп жауап береді. Кеңес Үкіметінің 70 жылдан астам кезеңдегі саясаты бұл қағидаттың дұрыс емес екенін көрсетті. Осы орайда әкемнен естіген оқиға еске түсіп отыр. Революция кезі екен. Көшеде наразылар ұрандатып жүрген. Оны көрген қызы әкесіне жүгіріп келіп: «Әке, көшеде адамдар ұрандатып жүр екен», – десе, әкесі не айтып жатыр деп сұрапты. Сонда қызы: «Әлемде байлар жойылсын», – деп айқайлап жүр деп жауап берген. Сонда әкесі: «Бұлар қызық екен. Мен өмір бойы Құдайдан әлемде кедей адам болмасын деп тіледім ғой», – деген екен.
Демек, коммунизм ұсынған жол теріс екен. Сол сияқты, шетелдік компаниялардан, инвесторлардан бизнесті тартып алып, үкіметке беру идеясы да теріс. Бұл отандық бизнеске де қатысты ой. Рас, былтырдан бері елімізде өтіп жатқан экономиканы монополиясыздандыру үрдісі қажет. Бірақ бұл жеке кәсіпті тұншықтырмай жүзеге асқаны жөн.
Бұл тұрғыдан қарасақ, нарықтық экономика мен әлеуметтік мемлекет бір-біріне кереғар емес. Мемлекет өзінің шынайы әлеуметтік саяси моделін қалыптастырса, бизнес те оған ілесе кетеді. Яғни кәсіпкерлер тапқан табысын әділ бөле бастайды. Кәсібі әрі қарай жаңғыруына және жұмысшылардың әлеуметтік жағдайына мән берсе, кәсіпкер шынайы әлеуметтік міндетін атқарады. Мемлекет те солай. Ендеше, осы салаға қатысты заңнаманы талдасақ.
Заңдағы жүйесіздік
Президент айтқан заңдағы жүйесіздік мемлекеттің жауапкершілігін айқындамауына және жұмысшылардың өз құқығын жете түсінбеуіне алып келді. Еліміз тәуелсіздік алғаннан 2015 жылға дейін кәсіпкерлер мен кәсіпкерлікке қатысты заңнамада жүйесіздік болған. 29 қазанда Қаазақстан Республикасының «Кәсіпкерлік кодексі» қабылданып, 2016 жылдың 1 қаңтарынан күшіне енді.
Кодекс оған дейін шашыраңқы болған бірнеше заңдардың күшін жойып, бір арнаға келтірді. Атап айтар болсақ, «Шаруа немесе фермер қожалығы туралы», «Инвестициялар туралы», «Жеке кәсіпкерлік туралы», «Бәсекелестік туралы», «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік бақылау және қадағалау туралы», «Индустриялық-инновациялық қызметті мемлекеттік қолдау туралы» заңдардың әрқайсысы салаішілік мәселелерді реттеді. Мысалы, ҚР-ның 2003 жылғы 8 қаңтардағы «Инвестициялар туралы» заңы елімізде инвестицияларға қатысты қатынастарды реттеген. Оның ішінде инвестицияларды ынталандыру, инвесторлардың құқықтарын қорғау және олар қатысатын дауларды шешу тәртiбiн белгiледі. Бұл көбіне шетелдік инвесторларға арналған заң болатын. Ал отандық кәсіпкерлерге қатысты «Жеке кәсіпкерлік туралы» бөлек заң да кезінде қабылданған. Сол сияқты, кәсіпкерлер арасындағы бәсекелестік бөлек заңмен реттелген. Бұл олқылық «Кәсіпкерлік кодексі» қабылданған соң жойылды.
Жаңа кодекстің басты ерекшелігі – мемлекеттік-әлеуметтік серіктестік, әлеуметтік кәсіпкерлік және кәсіпкерлердің әлеуметтік жауапкершілігі мәселелері қарастырылған. Бірақ олардың әлеуметтік жауапкершілігі мұқтаж жандарға көмектесу аясында қарастырылған. Дегенмен, әлеуметтік салаға қоса экологиялық жауапкершілік те жүктелген. Бірақ кодекстің 75-бап, 3-тармағында «кәсіпкерлік субъектілерін әлеуметтік жауапкершілік бойынша қызметті жүзеге асыруға мәжбүрлеуге ешкім құқылы емес», – деп жазылған. Сондықтан үкімет те, азаматтық қоғам да кәсіпкерлерді мәжбүрлей алмайды.
Заңдағы тағы бір кемшілік әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілерін анықтауға қатысты. Онда әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілері болып табылатын халықтың осал топтарына (мүгедек, жалғызбасты (әке-ана) және т.б.) жұмыс істеуіне жағдай жасауы керек делінген. Бірақ бұл субъектілерге ірі кәсіпкерлер жатпайды (79-1-бап).
Сонымен қатар, кәсіпкерлер Еңбек кодексіне сәйкес жалақыны индексациялауға міндетті емес. Бірақ 157-бап, 2-тармағының 2-тармақшасында ұжымдық еңбек шартында индексация мәселесі реттелуі мүмкін делінген.
Десе де, мемлекет кәсіпкерлерді әлеуметтік мәселелерді шешуіне жағдай жасауы тиіс. Бұл істе шетелдік мұнай-газ саласындағы компаниялардың тәжірибесі мол.
Тақырыпқа орай
Chevron мен CNPC көшбасшы
Біздің заңнама ірі кәсіпкерлерге әлеуметтік жауапкершілікті міндеттемейді. Оларды жүзеге асыру әр компанияның өз еркінде. Соған қарамастан, мұнай-газ саласындағы шетелдік компаниялардың арасында игі істі қолға алғандар бар. Олардың ішінде америкалық Chevron және қытайлық CNPC компанияларын айтса болады.
Жалпы, еліміздің мұнай-газ саласында америкалық, еуропалық, қытайлық, жапондық, ресейлік компаниялар жұмыс істейді. Ең алғашқы инвестор Chevron. Одан басқа америкалық ExxonMobil, ConocoPhillips; ресейлік Роснефть және Лукойл; қытайлық CNPC, CITIC және өзге де еуропалық компаниялар бар.
Ал енді екі көшбасшы компанияға оралсақ. Америкалық Chevron Теңіз, Қашаған, Қарашығанақ мұнай кен орындарында мұнай өндіреді. Теңізшевройл компаниясы жұмысшылардың жалақысын индексациялауды жолға қойған. Тіпті, бұл биыл жұмысшылардың наразылығына алып келген. Ақпан айында компанияның мердігері «Сенімді құрылыс» ЖШС жұмысшылары 500 мың теңге үстемақы талап етіп, наразылық білдірген. Компанияның сөзінше, өткен жылы кейбір мердігерлердің жұмысшыларына инфляцияға байланысты жалақыларын 8,4%-ға индексациялау туралы шешім қабылданған. Ал бұл шара қабылданбаған мердігер компанияларда жыл соңында әр жұмысшыға бер реттік үстемақы бекітілген.
Бұдан бөлек, Chevron компаниясы өз бастамасымен «Игілік» бағдарламасын жүзеге асырады. 1993 жылдан 2016 жылға дейін 1,1 млрд АҚШ долларын еліміздің әлеуметтік мәселелерін шешуге бағыттаған. Компанияның саясаты әсіресе, жергілікті жердегі әлеуметтік мәселелерге мән береді. Компания сондай-ақ, азаматтық қоғамды дамытуға үлес қосуда. Жыл сайын қазақ тілді журналистер арасында «Әлеумет – қоғам айнасы» байқауы ұйымдастырылады. Оған әлеуметтік, мұнай-газ саласы бойынша қаламын шыңдап жүрген журналистер қатысады.
Қытайлық CNPC компаниясы да әлеуметтік, корпоративті жауапкершілікті ұмытқан емес. «CNPC – Ақтөбемұнайгаз» компаниясы өңірдегі көптеген әлеуметтік жобаларды қолға алған. Компания облыстық әкімшілікпен жасалған меморандум аясында түрлі жобаларды жүзеге асырған. Олардың мәліметінше, 1997–2022 жылдары 27,3 млрд теңгеден астам қаражат бөлген. Айта кетер болсақ, компания өңірлік ауруханаларға 57 жедел жәрдем көлігін, мектептерге 500 компьютер сыйлаған. Сондай-ақ, «Жанажол-КС13» газ құбырын салуға атсалысқан. Бұлардан да басқа көптеген жобалар бар.
Сөз тоқетері, әлеуметтік жауапкершілік қайырымдылық шараларымен ғана шектелмеуі тиіс және жоғарыда аталған компаниялардың оң тәжірибесі бүкілхалықтық сипат алғаны жөн.
«Аlmaty-akshamy», №136, 14 қараша, 2023 жыл