Қаланың қарбалас тіршілігінде көлікке тәуелді әрқайсымыз үшін жаяу жүру сирек әдетке айналып барады. Жаяу жүру – бұрынғыдай күнделікті қажеттілік емес, ұмыт бола бастаған дағды секілді. Ал дәл осындай заманда жаяу жүруді хобби емес, өмірлік салтына айналдырған Асхат Қажытай есімді Қарағандылық азамат Түркиядан Грузияға дейін 1111 шақырымды жаяу жүріп өткен. "Әлемді жаяу аралаймын" деген ұранмен сапарға шыққан саяхатшы жаяу жүрудің адам денсаулығына ғана емес, жан дүниесіне де пайдасы зор екенін айтады. Аqshamnews.kz тілшісі «ЖаяуMan» атанған жиһанкезбен сұхбаттасты.
Асхат Қажытай – Қарағанды облысы, Ақтоғай өңірінің тумасы. Балалық шағы Қызыларай тауының баурайында өткен азамат, табиғатты сүйіп, бала күнінен жаяу жүруді сүйіп, оңаша серуендеуді әдетке айналдырғанын атап өтті. Жұрт Асхат Қажытайды «ЖаяуMan» деп атап кеткен.
Алғашқы шақырымдар
Жаяу жүруге деген құштарлық бала кезден қалған асқақ арманнан басталған Асхат мырзаның өзінше, туған жерге деген ыстық махаббат берік мақсатқа айналып, ұзақ сапарға жетелеген.
«2000-жылдары 5-сынып оқып жүргенімде әкемнің жұмысына байланыста басқа ауылға көштік. Сол кезде Ақсораңмен қимай қоштастым. Жасым 11-12 шамасында болатын. Сол сәтте “Ақсораңым, мен сағанәлемнің қай түкпірінен болсын жаяу болсын қайта келемін” деп бала көңілмен уәде бергенім есімде. Сол уәдемді 2021 жылы орындадым. Алғаш рет Қарағандыдан Ақсораңға дейін 7 күн ішінде 333 км жаяу жүріп өттім. Марафон соңында теңіз деңгейінен 1565 метр биіктіктегі Ақсораң шыңына шығып, ту тіктім. Алғашқы сапарым осылай басталған еді» дейді «ЖаяуMan».
«Дәрігерлер жаяу жүруіме қарсы болды»
Алғашқы ұзақ сапарын артқа тастаған азамат алдынан шыққан кедергілерге де мойынсұнбаған. Айтуынша, дәрігерлер ұзақ сапарға шығуына қарсы болып, денсаулығын күтуге шақырған. Десе де жан қалауына ерік берген ЖаяуMan ұзақ шақырымдарын қайта бастаған.
«Бала арманым орындалды ғой, қоямын-ау деген ойда болып едім. Бірақ тағы дайындалып Қарағандыдан Ұлытауға дейін 777 шақырым жүріп өттім. Бұл менің Қазақстандағы екінші ұзақ сапарым болды» деді ол.
1111 шақырым қалай еңсерілді?
2024 жылы жаз айында Асхат Қажытай шетелдегі алғашқы ұзақ сапарын сәтті аяқтады. Сапарға шықпас бұрын ЖаяуMan Испания мен Германия мемлекеті арасында дайындық жүргізген.
«. Бұл сапарға 1 жыл физикалық-психологиялық тұрғыда дайындалдым. Испанияға виза алдым. 7 шілде күні Астанадан Франкфурт арқылы ұшып, Мадридке келдім. Испания астанасында Еуропа ауа райына бейімделіп, аэропорттан әйгілі «Реал» командасының стадионы Сантьяго Бернабеуге дейін 33 км жаяу жүріп барып қайттым. Кейін Түркияға жетіп, Анкара қаласынан Грузияның Батумиіне дейін 1111 шақырым жүріп өтті. Сапар уақыты 26 күнге созылды» деді Асхат мырза.
«Жаяу жүрудің өзі ғылым»
Асхат мырза жаяу жүрудің көпшілік үшін мәселеге айналып бара жатқанын, халық оның маңызын түсінбей жатқанын атап өтті.
«Осыдан бірнеше жыл бұрын адамдар жаяу жүру деген тегін комфорттан бас тартады деп ешкім ойламады. Қазір адамдар жаяу жүруге зар болып отыр. Оның пайдасын, маңызын түсініп отырған жоқ. Тағы бір жарты жылдан кейін бұл одан сайын күрделі мәселеге айналады. Мен қазір күніне кемі 30 шақырым жүріп отырамын. Бұл менің алдағы жоспарларым үшіне де керек дүние» дейді ол.
ЖаяуMan ендігі сапарын Еуропаға жоспарлап отырғанын айтты. Қазір ол осы сапарға дайындық жүргізіп жатыр.
«Жаяу жүрудің өзін адамдар қрапайым дүние деп ойлауы мүмкін. Алайда ол үлкен бір ғылым. Оны әрқашан жетілдіріп отыру керек. Бірден алыс қашықтыққа шығып кетуге болмайды. Күніне 10-15 км жүріп тәжірибе жинақтауға болады. Ұзақ сапарға шығамын дейтін жандар үшін физикалық дайындықтан бөлек, психологиялық күй де аса маңызды. Жаяу жүру жүрек жұмысын жақсартатын ең жеңіл жаттығу. Көбі осы пайдасы үшін де жаяу жүруді әдетке айналдырса деймін» деп жауап берді ол.