Одан қалай сақтанамыз?
Өткен апталарда «Алматыдан вич шығыпты» деп біраз дүрлігіп қалғанымыз рас. Ол не жағдай? Қандай іс-шаралар қабылдануда? Жалпы, Алматы қаласының ЖИТС-тың алдын алу және оған қарсы күрес орталығында қандай жұмыстар атқарылып жатыр? Осы және өзге де сауалдарымызды аталған орталықтың директоры Марат Төкеевке қойған едік.
– Марат Сансызбекұлы, бүгінгі күні Алматыда адамның иммунтапшылық вирусының (АИТВ) таралу деңгейі қандай және инфекцияның жаңа жағдайларын уақытылы анықтау үшін нендей іс-шаралар қабылдануда?
– Қазіргі күні Алматы қаласының ЖИТС-тың алдын алу және оған қарсы күрес орталығында диспансерлік есепте АИТВ диагнозымен 4429 адам тұр. Қалада жылына шамамен 400-500 адам АИТВ инфекциясымен ресми тіркеледі. Былтыр 499 тұрғын тіркелген болса, 2021 жылы 467 адам анықталды. Біздің болжам бойынша, қалада АИТВ жұқтырғандардың тек 86%-ы осы диагнозбен өмір сүріп жатқанын біледі, ал қалған 14%-ы ешқашан АИТВ-на тексерілмеген болуы мүмкін және ағзасында белгілері байқалмаса, дәрігерге қаралмайды. ЖИТС орталығының мамандары жыл сайын АИТВ-на 450 мыңға жуық зерттеу жүргізеді.
АИТВ-ын уақытылы анықтап отыру мақсатында елімізде ЖИТС орталықтары, емханалар, стационарлар, үкіметтік емес ұйымдар, қылмыстық-атқару жүйесі мекемелері және басқа да ұйымдар арасында өзара іс-қимыл жүйесі енгізілген. Әрбір ұйым Денсаулық сақтау министрлігінің алгоритмдеріне сәйкес, тәуекел тобындағы пациенттерге эпидемиологиялық сақтықпен қарайды және бекітілген ережелерге сәйкес АИТВ-на тест алады.
Дәрігерлердің бақылауында сондай-ақ, белгілі бір клиникалық көрсеткіштері бар адамдар, қан құю, органдар, тіндер, жыныс және ұрық жасушаларының донорлары мен реципиенттері және ауруханаға түскен науқастар болады. Болашақ аналар ерекше назарымызда тұрады, олар жүктілік кезінде екі рет АИТВ-тесттен өткізіледі. Мысалы, 2022 жылы 50 мыңнан астам жүкті әйел АИТВ-на тексеріліп, олардың 24-і оң нәтиже көрсеткен. Мұндай жағдайларда біздің міндетіміз – АИТВ-ның құрсақтағы балаға берілмеуіне күш салу. Егер анасы дәрігерлердің барлық ұсынысын бұлжытпай орындаса және антиретровирустық препараттарды қабылдаса, онда АИТВ-ның нәрестеге берілу қаупі 0-2%-ға дейін төмендейді.
Бұл жерде АИТВ қазіргі уақытта өлімге әкелетін ауру емес, созылмалы ауру ретінде қарастырылатынына ерекше назар аударғым келеді.
Терапия иммунитетті қорғауды қамтамасыз етеді, сондықтан тиісті препараттарды қабылдап, дұрыс ем қабылдап жүрген АИТВ-мен ауыратын адам да ұзақ және сапалы өмір сүре алады. Уақытылы және дұрыс ем вирусты минималды деңгейге дейін төмендетіп, тіпті сол диагнозбен жүрген адамның жыныстық серіктесі үшін де қауіпсіз болады.
– АИТВ инфекциясын көбіне кімдер және қалай жұқтырады? Оны жұқтырып алмас үшін адамдар неден сақтанғаны жөн?
– Былтырғы қорытынды көрсеткендей, инфекцияның 80%-дан астамы гетеро және гомосексуалдық байланыстар кезінде жұққан. Сонымен қатар, гомосексуалдық байланыс арқылы жұққан инфекция кейінгі 5 жылда екі есеге өсіп кеткен. Ал есірткі қолданған кезде жұқтырғандардың үлес салмағы 20%.
АИТВ инфекциясының алдын алу үшін халықтың негізгі топтары арасында «Зиянды азайту» бағдарламасы іске қосылған, оны мемлекет қаржыландырады. Оның аясында есірткіге тәуелді адамдарға шприцтер беріледі, әлеуметтік жауапкершілігі төмен әйелдер мен ерлерге контрацепция құралдары таратылады. Сондай-ақ, сол топтағы адамдарға жедел тестілеу жүргізіледі. Бұл мақсаттарға жылына 100 млн теңгеге дейін қаржы бөлінеді.
Әрине, бұл жұмысқа үкіметтік емес ұйымдар да көп қолдау көрсетеді. Биыл ҮЕҰ іске асыратын мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде жергілікті бюджеттен халықтың негізгі топтарына арналған 5 жобаға 75 млн теңге бөлінді.
– АИТВ жұқтырған адам анықталған кезде қандай іс-шараларды қолға аласыздар?
– АИТВ диагнозы анықталған кезде дәрігерлер кеңес береді, қайдан жұққаны туралы мәліметтерді тексеріп, зерделейді. ДДҰ мен Денсаулық сақтау министрлігінің соңғы халықаралық хаттамаларына сәйкес бірден антиретровирустық терапия тағайындалады. Алматы қаласының пациенттері үшін 2023 жылға арналған мемлекеттік бюджеттен тегін негізде берілетін препараттарды сатып алуға 1,9 млрд теңге бөлінді. Антиретровирустық терапиямен қамту көрсеткіші 85%-ды құрайды, ал жүргізілетін терапияның тиімділігі шамамен 90%.
Қайталап айтамын, тиімділік деп отырғаным – ем-дом нәтижесінде адам ағзасындағы вирустың концентрациясы нөлге дейін төмендеп, сәйкесінше вирустың басқа адамға берілу қаупі мен иммундық жүйеге тигізер зардабы да айтарлықтай азаяды. Жүргізілген ем-терапия нәтижесінде былтыр осы аурудан болатын өлім-жітім 2021 жылмен салыстырғанда екі есеге төмендеді. Біздің орталықта жоғары білікті мамандар жұмыс істейді, олардың ішінде психологтар, жұқпалы аурулар дәрігерлері, гинекологтар, дерматовенерологтар және осы салада тәжірибесі мол басқа да мамандар бар. Пациенттер үнемі дәрігерлік бақылауда болады, емдеудің зертханалық мониторингі жүргізіледі, науқастарға кез келген мәселелер бойынша кеңес беретін «телеграмм-бот» бар. Әрине, бұл ретте пациенттер туралы ақпарат барлық уақытта құпия сақталады.
– Бізде донорлар мен қан компоненттерін бақылау жүйесі қандай? Бұл қаншалықты тиімді?
– Алматы қаласында, донорлар мен реципиенттерді қоса алғанда, пациенттерді уақытылы тестілеу бойынша халықаралық нормалар мен әлемдік тәжірибелер негізінде құрылған жүйе жұмыс істейді. АИТВ бойынша анықталған барлық оң жағдай ұлттық тіркелімге енгізіледі. Зертханалық және эпидемиологиялық зерттеулердің сапасына мониторинг жүргізіледі. Пациенттерді Қазақ дерматология және жұқпалы аурулар ғылыми орталығы енгізеді, бұл бүкіл процестің ашықтығын қамтамасыз етеді. Донорлықтың қауіпсіздігін республикалық және қалалық қан орталықтары қамтамасыз етеді. Ондағы мамандар донорды зертханалық жұмысқа дейін тексеріп, сұрау салып, оның бәрін диспансерлеу жөніндегі дерекқорлармен салыстырып, жабық үлгідегі анализаторларда ИФА/ИХЛ және ПТР әдістерімен екі кезеңдік тестілеуден өткізеді.
Сонымен қатар, қан компоненттері лейкофильтрация, вирусинактивация, карантиндеу сияқты қауіпсіздік іс-шараларымен қосыша қамтамасыз етіледі. Диагнозды нақты растау үшін оң сынамалар ЖИТС орталығына жіберіледі. Қан құйылған соң 1 және 3 айдан кейін АИТВ-на реципиенттерді тексеруді бақылауды ЖИТС орталығы да, аумақтық емханалар да жүзеге асырады, нәтижелері туралы ақпарат тиісті тізілімдерге енгізіледі. Реципиенттерді тексеруді бақылау жаңа жағдайларды уақтылы анықтауға, эпидемиологиялық зерттеулер жүргізуге мүмкіндік береді және АИТВ-ның одан әрі таралуының жолын кеседі. 2022 жылы қан құюға дейін АИТВ-на 9965 адам тексерілді. Нәтижесінде бұл вирус 10 адамнан шықты. Ал биылғы 5 айда 4886 реципиент тексеріліп, АИТВ-мен ауыратын 4 адам анықталды.
– Алматыдағы Орталық қалалық клиникалық ауруханадан АИТВ жұқтырған науқастардың анықталғаны туралы ақпараттан хабардармыз. Эпидемиологиялық тергеу қалай жүріп жатыр?
– Қалалық ЖИТС орталығының белсенді әрі жүйелі жұмыстарының нәтижесінде мегаполисте бұрын-соңды болмаған жағдай анықталды. Стационарға түсетін пациенттерді, оның ішінде реципиенттерді тестілеудің қолданыстағы жүйесінің арқасында екі пациенттің бір ауруханадан медициналық көмек алғаны анықталды. Осы ақпарат келіп түскен сәттен Алматы қаласының Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының өкілдері шұғыл іске кірісіп кетті. Жедел жұмыс нәтижесінде санитарлық-эпидемиологиялық бақылау органдарын ақпараттандыру туралы шешім қабылданды. Стационарда байланыста болған пациенттерді тексеру бойынша іс-шаралар жедел қолға алынды. Эпидемиологиялық белсенді зерттеу нәтижесінде АИТВ диагнозы қойылған тағы бір науқас анықталды. Олармен байланыста болған адамдарды тестілеу және іздеу, анықтау жалғасуда. Сол пациенттердің осының алдында барған болуы мүмкін барлық медициналық ұйымдар да тексеріліп жатыр. Қазіргі уақытта тиісті салалар мамандарынан құрылған комиссия күшейтілген режимде тексеру жұмыстарын жүргізуде. Нәтижесін хабарлайтын боламыз.
– Бұқаралық ақпарат құралдарында сол пациенттердің ауруханада сәуір айында жатқаны туралы ақпарат тарады. Сонда бұл диагноз неліктен кеш қойылып отыр?
– Нормативтік-құқықтық актілерге сәйкес, гемотрансфузия (қан құю) алған пациенттер 1 және 3 айдан кейін АИТВ-на тестілеуден өтеді. Бұл мерзімдер иммунологиялық «терезені» ескере отырып белгіленеді: ағзада вирус болғанмен, оны тиісті деңгейде анықтайтын антиденелер әлі де жеткілікті мөлшерде түзіліп бітпейді. Яғни жалған теріс нәтиже алып қалуымыз мүмкін. Инфекцияның болғанын немесе болмағанын тек бірінші айдың аяғында ғана анықтауға болады, ал үшінші айдың соңында барлық науқаста антиденелердің жеткілікті титрі түзіліп бітеді.
Орталық қалалық клиникалық аурухана пациенттеріне келетін болсақ, олар сәуір айында ауруханада болды, ал тексеру мамыр айының соңында, яғни бір айдан кейін жүргізілген. Ал біздің зертханадағы заманауи зерттеу әдістерінің арқасында вирусты ерте сатысында анықтадық. Тиісінше, республикалық деңгейде растайтын тест жедел жасалды. Осылайша, тестілеу алгоритмі диагностикалық ережелерге толықтай сәйкес келеді.
– Орталық қалалық клиникалық аурухана өткен ғасырда салынған ғимарат. Көпшілік қабылдау бөлімінің, шұғыл операциялық және реанимациялық залдарының санитарлық-гигиеналық талаптарға сәйкес келмейтінін жиі айтады. Аурухана ғимаратын жаңарту жоспарда бар ма?
– Иә, бұл сонау 1971 жылы салынған ғимарат. Ақпан айында қала әкімдігі аурухананың 500 төсектік жаңа корпусының құрылысын жобалау жұмыстарын бастады. Осы мақсатқа 2023 жылғы бюджеттен 192 млн теңге қаражат бөлінді. Жаңа корпус Алматы қаласының Бостандық және Медеу аудандарының 650 мың тұрғынына мамандандырылған сапалы және жоғары медициналық көмек көрсететін болады. Онда заманауи аппараттар, желдететін, зарарсыздандыратын құрылғылар халықаралық талаптарға сай орнатылады. Жаңа корпус орта мерзімді кезеңде салынатындықтан, биыл Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы ауруханамен бірлесіп зарарсыздандыру бөлімшесін қайта жарақтандыру және реанимацияны жаңғырту бағдарламасын іске асыруда.
– Қазір адамдар АИТВ туралы қаншалықты хабардар деп ойлайсыз?
– Бүгінгі күні халық арасында АИТВ-инфекциясының таралуын болдырмау үшін ең тиімді іс-шара – ол ақпараттық-ағарту бағдарламаларын жүргізу. Былтыр ЖИТС орталығының мамандары колледж бен ЖОО студенттеріне 122 дәріс өткізді, онда барлығы 12 500-ге жуық адам қамтылды. Мектеп ұстаздары үшін 83 тренинг, ал колледж және ЖОО оқытушылары үшін 63 тренинг ұйымдастырылды. 1109 адам оқытылды. Сондай-ақ, түрлі акциялар, конференциялар, форумдар өткізіледі. Сонымен қатар, инфекция негізінен 30–49 жас аралығындағы адамдарда жиі тіркелетінін ескере отырып, біз халыққа, әсіресе, БАҚ, әлеуметтік желілер арқылы шығып, сақтану жолдарынан хабардар етіп отырамыз. Тұрғындар тіпті қорғаныссыз бір ғана жыныстық қатынастың өзінен-ақ осы инфекцияны жұқтырып алуы мүмкін екенін біліп жүруі керек. Өкінішке қарай, бүгінде тұрмысы тәуір, көзі ашық деген адамдардың арасында кездейсоқ жыныстық қатынасқа түсіп АИТВ-ын жұқтырып алып жатқандар көбейген...
Сұхбаттасқан Нұржамал ӘЛІШЕВА.