Соңғы сегіз жыл тарихтағы ең жылы кезең болды. Ал Қытай мен Еуропада жаз өте ыстық болған. Сондықтан метеорологтар климаттың өзгеруіне байланысты жаңа катаклизмдерге дайындалуды ұсынды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz ВВС-ге сілтеме жасап.
БҰҰ-ның дүниежүзілік метеорологиялық ұйымы алдағы бес жылға арналған болжамды жаңартты. Оған сәйкес 2023-2027 жылдары орташа температура өткен бес жылдықтан да жоғары болуы мүмкін. Ғалымдар ықтималдық деңгейі 98% екенін айтады. Сәйкесінше ең ыстық жыл ретінде тіркелген 2016 жылдың рекорды да жаңарады.
"Жерде температура көтеріле береді. Ал үйреншікті климат туралы біз тек тарихтан ғана оқитын боламыз", – деді болжамды жасаған ғалымдардың бірі Леон Хермансон.
Ғаламдық жылынудың орнауына адамның іс-әрекеті себеп болып отыр. Дүниежүзілік метеорология ұйымының бас хатшысы Петтери Таалас мұның салдарымен күресу үшін адамзаттың қауқары жеткіліксіз екенін мәлімдеді.
"Бұдан шығатын қорытынды келесідей: біз әлі ғаламдық жылынуды тоқтата алмай отырмыз, демек, кері бағытта келе жатырмыз. Салдарынан денсаулыққа, қоршаған ортаға орасан зор зиян келіп, тамақ пен су қолжетімсіз болады. Осыған дайындалу керек", – деді Петтери Таалас.
Климаттың өзгеруі планетаның салқындату жүйесіне, су мен ауа айналымына зақым келтіреді. Аяз, құрғақшылық, дауыл мен орман өрттері, су басу деректері жиілейді. Салдарынан кедейлік деңгейі, мәжбүрлі миграция мен шығын артады.
Сондай-ақ температураның көтерілуі салдарынан көз жұматын адамдар көбейеді. 2022 жылы Еуропада жаздың ыстық болуынан өлген адамдар саны 15 мыңнан асып кеткен. 2010 жылы құрбандар саны 50 мың болса, 2003 жылы 75 мың адамның өмірін қиған.
Әлем үшін қос жағымсыз жаңалық
Ғалымдар екі дерекке сүйеніп, алдағы бес жылдықтың ыстық болатынын болжап отыр. Біріншіден, Тынық мұхитында үш жыл қатарынан байқалған температураның төмендеуі феноменінен кейін (Ла-Нинья) бұған қарама-қайшы феномен орнайды. Демек Эль-Ниньо кезінде мұхиттың беткі қабатында температура көтеріледі. Салдарынан атмосфераға бөлінетін бу деңгейі артып, ғаламдық жылынуға әсер етеді.
Әдетте Эль-Ниньо күзге қарай қалыптасып, келер жылы ауа райының жылынуына септігін тигізеді екен. Дегенмен бұл құбылыс уақытша және белгілі аумақта ғана болады.
Екінші дерек – Жер полюстеріндегі мұздықтардың еруі. Жаңартылған болжамға сәйкес, ауа райының көтерілуі ақ аюлар, еуропалықтар мен ресейліктерге кері әсер етеді.
"Болжам бойынша, Арктикада байқалған жылыну одан әрі артады. Қар мен мұздықтар тез еріп, температураның көтерілуіне әкеп соғады", – деді Петтери Таалас.
Әлем елдері Париж келісіміне қол қойып, ғаламдық жылыну деңгейін +1,5 градус деңгейінде ұстап тұруға келіскен. Алайда қазір жердегі орташа жылдық температура +1,2 градусқа артқан. Сәйкесінше, алдағы жылдары келісімде көрсетілген +1,5 градусқа да жетеді.
Мемлекеттер ғаламдық жылынуды тоқтату үшін парниктік газдардың бөлінуін азайтуға келіскен. Әйткенмен, газ бөлінуді бірден тоқтатса да, ғаламдық жылынудың салдарынан сақтану мүмкін емес.