Әкеге тағзым: 35 жылдан бері үзілмеген ерекше дәстүр

  • 10:37, 14 мамыр 2025
Әкеге тағзым: 35 жылдан бері үзілмеген ерекше дәстүр сурет: кейіпкердің жеке архивінен

9 - мамыр Манас Батырбаевтың отбасы үшін тек тарихи мейрам ғана емес, бір отбасының 35 жыл бойы үзбей жалғастырып келе жатқан қасиетті дәстүрі. Жеңіс күні олар әр жылы Мәңгілік алауға барып, соғыс және еңбек ардагері, ұлағатты ұстаз Рахманберді Батырбаевты еске алады. 35 жылдан бері үзілмеген осы тағзым дәстүрі биыл Жеңістің 80 жылдығында да жалғасын тапты.  15 мамыр – Отбасы күні қарсаңында Aqshamnews.kz тілшісі ұрпаққа өнеге болар мызғымас дәстүр туралы Манас Батырбаевтың өзінен сұрап білді.

"Әке тірі тұрғанда асқар тау аласармайды екен"

Манас Рахманбердіұлы 1989 жылдан бастап әр Жеңіс күнінде бір минут үнсіздік жасап, отбасымен әкесінің рухына тағзым етеді. Бастапқыда бұл рәсім шағын ғана еске алу сәті еді, ал бүгінде – бірнеше ұрпақ жалғайтын үлкен әрі жауапты дәстүрге айналған.

 

Әке – ұстаз, ардагер, адамдықтың үлгісі

Манастың Рахманбердіұлының әкесі – Рахманберді Батырбайұлы Батырбаев 1912 жылы Жамбыл облысы, Талас ауданы, Ойық ауылында дүниеге келген. 17 жасынан ұстаздық қызметін бастап, өмір бойы балалар тәрбиесіне арнаған жан. Ел ішінде білімді насихаттауға белсене араласып, “Қызыл отау” ұйымын басқарып, алғашқы пионер үйін ашқан. Соғыс жылдары майданға аттанып, Отан алдындағы борышын өтеп қайтқан. Бір қолына бор, бір қолына қару ұстаған бұл азамат “Қызыл жұлдыз”, “Құрмет белгісі” ордендерімен, түрлі медальдармен марапатталған. Соғыстан ІІ топ мүгедегі болып оралса да, 47 жыл бойы ұстаздық қызметін тоқтатпаған.

“Біздің үйдің жүрегі – әкем еді”

11 баланың 9-ыншысы болған Манас аға әкесін ерекше мейірімді, парасатты жан ретінде сипаттайды.

"Әкем ешқашан дауыс көтермейтін. Жақсы мен жаманды байыппен түсіндіретін. Бізге бірде-бір рет қол көтермеген, тіпті қатты сөз де айтпаған. Көп шәкірті кейін елге танымал лауазымды азаматтарға айналды. Олар әкемді жиындарда еске алып, алғыс білдіріп жатады", – дейді ол.

Марқұм анасы Қызбала Құмарбекова – "Батыр ана" атанған жан. 1922 жылы дүниеге келіп, 2003 жылы өмірден озған. Бүгінде Рахманберді Батырбайұлы мен Қызбала Құмарбекованың 47 немере, 37 шөбересі бар.

Мәңгілік алау жанындағы үнсіздік

Манас ағаның айтуынша, әкесіне тағзым ету – жай еске алу емес, бұл – тәрбие, ұрпаққа берілетін өнеге, әкеге деген сағыныш.

“Мен Алауға той тойлау үшін бармаймын. Бұл – менің сағынышымның сәті. 9 мамыр – әкеме арналған күн. Ол кісіге деген құрметімді балаларыма сіңірсем деймін. Біз бір минут үнсіз тұрамыз. Сырт көзге қарапайым рәсім болуы мүмкін, бірақ біздің отбасымыз үшін – қасиетті сәт”, – дейді ол тебіреніспен.

Бәрі 1990 жылы басталған. Әуелде тек өз отбасы жиналып суретке түссе, уақыт өте келе балалары мен немерелері қосылып, ортасы кеңейіп отыр. Тіпті бұл отбасының жыл сайынғы дәстүрі соншалық орнығып кеткен, отбасы бұл күнді алдын ала жоспарлайды.

“Бұл күні құдаларға да, келіндерге де алдын ала айтамын: 9 мамыр – біздің отбасылық күн. Қазір бәрі қызығып қатысады. Бір жыл бұрынғы суреттерді шығарып, қалай өзгергенімізді салыстырамыз”, – дейді Манас Батырбаев.

Медицина саласында ұзақ жыл қызмет еткен Манас Рахманбердіұлы – тәжірибелі дәрігер-стоматолог. Қазір зейнетте. 1982 жылы шаңырақ көтеріп, бүгінде екі қыз, бір ұл тәрбиелеген. Барлығы дерлік отбасылық дәстүрге үлес қосып, атасының алдындағы міндетін жүрекпен атқарып келеді.

“Әкем тірі тұрғанда асқар тау еді – енді соны ұмыттырмау менің міндетім”, – дейді ол сөз соңында.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды
1
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

14:29

14:05

13:05

12:54

12:52

12:27

12:18

12:11

11:45

11:32

11:01

10:53

10:37

10:37

10:22

10:20

10:16

20:04

17:57

17:28

17:13

16:14

16:12

16:09

16:06