Отан – отбасынан басталады. Отбасы құндылығы – қай заманда да, қай елде де мемлекет саясатының темірқазығы, ардақ тұтар қазынасы. Ал Отанның қауіпсіздігі ел іргесін сақтап, қорғап жүрген әскери қызметшілерге тікелей байланысты.
Бүгінгі кейіперіміз Қазақстан Республикасының Ұлттық ұланында қызмет етіп жүрген кинолог-маман кіші сержант Тұрсынәлі Рауан Қайратұлы жайлы болмақ.
Рауан Тұрсынәлі Алматы облысы, Кеген ауданы, Нарынқол ауылының тумасы. Бүгінде Жетісу облысы, Талдықорған қаласында орналасқан 5514 әскери бөлімінде қызмет етеді. Отан алдындағы борышын өтей салысымен, 2015 жылы келісімшарт бойынша аталған әскери құрылымға қызметке орналасақан. Содан бері ұлттың мүддесі үшін еңбек етіп Отанды да, отбасын да сақтап келеді.
– Алғашқы сауалымызды отбасыңыздан бастасақ. Ата-анаңыз, бауырларыңыз туралы айтып өтсеңіз? Олардың қандай қасиетін бойыңызға сіңірдіңіз!
– Біз әскери тәртіппен өскенбіз. Өйткені, әкем де, анам да әскери салада осы мен қызмет етіп жатқан Ұлттық ұланның 5514 әскери бөлімінде қызмет атқарған жандар. Қазір екеуі де құрметті еңбек демалысында. Анам Меурерт Тікенбаева бөлімнің медицина пунктінде санитарлық нұсқаушы қызметінде, әкем Қайрат Тұрысбеков пәтер-пайдалану қызметінің бастығы лауазымында болған. Біздің үйде де әскери тәртіп, тазалық. Үш ағайындымыз. Өзімнен кейін қарындасым және інім бар. «Арбаның алдыңғы дөңгелегі қайда жүрсе, артқысы да сонда жүреді» демекші, артымнан ерген бауырым да биыл колледжін аяқтап, ер азаматтың парызы саналатын Отан алдындағы борышын өтеуге ниетті.
Бұл өмірдегі адамға қойылатын ең басты талаптың бірі – адами асыл қасиеттерді бойыңа сіңіру. Мен ата-анамның ізгілік, кішіпейілділік, мейірімділік, адамгершілік секілді қасиеттерін сіңіре білдім. Сол кісілердің арқасында қанатым қатайды, Отанға деген сүйіспеншілігім артты. Жалпы, өмірде адамдардың имандылығын, ұқыптылығын бағалаймын. Сатқындықты ұнатпаймын, ондай адамдар жолықпаса екен деймін.
– Әскери салаға қалай, қашан келдіңіз? Бұл саланы таңдағаныңызға өкінбейсіз бе?
– Әскер қатарына 2013 жылы шақырылып, мерзімдік қызмет сарбазы аталған күні 19 жасқа толдым. Отан алдындағы қызметімді Тараздағы шекара қызметінің 2035 әскери бөлімінде өтедім. Онда кинолог қызметінде болдым. Әскер қатарындағы қызметімді болашақ өмірімен байланыстырып, 2015 жылдың желтоқсанында құқықтық тәртіп әскерінің 5514 әскери бөліміне тыл қызметінде іс жүргізуші маманы болып келісімшарт бойынша қызметке орналастым. Кейін араға бір жыл салып 2016 жылы Қаракемердегі оқу орталығынан білім алып келгеннен кейін, кинология қызметіне ауыстым. Бүгінде қарамағымда алты әскери қызметшісі бар кинология тобын басқарып отырмын. Осы жолды таңдағаныма ешқашан өкінбеймін. Ал оған менің ата-анам әрқашан сеніммен қарап, демеп отырады.
– Қызметтік итіңіз туралы кеңірек әңгімелеп беріңіз. Қанша итіңіз болды? Иттерді қалай баптайсыз? Қандай тәсілдермен жаттықтырасыз?
– Тоғыз жылдық қызметімде өзім жеке үйреткен төрт итім болды. Қазіргі қызмет етіп жүрген итімнің аты «Пуля». Ол белгиялық овчаркалардың малинуа деген түріне жатады. Кинолог болу – өте қызық кәсіп. Қызмет уақытымда өзіме бекітілген итімді жаттықтырамын, серуендетемін, күтіп-баптаймын, тұрған орнын тазалап, оның дұрыс тамақтануына көңіл бөлемін. Патрульдеу-іздестіру қызметін атқаратын «Пуля» жеке құраммен бірге қаланың тыныштығын сақтау үшін қызметке күнделікті шығып жүр. Жарты жылға жуық уақыт қызмет етіп келе жатқан төрт аяқты серігім еңбегімді ақтап келеді. Қызметтік итіммен бірге бірнеше іздестіру шараларына қатыстық. «Пуляның» қазір нағыз күш-қуаты бойында тұрған шағы. Дегенмен, иттермен күнделікті жаттығу жасап тұру қажет. Біз жаттығудың көбіне ойын әдісін қолданамыз. Тәтті беріп еркелетеміз. Ит – өте сезімтал. Ол иесінің көңіл күйін сезіп тұрады. Иесіне өте адал.
– Итіңізбен бірге қызметте қандай көрсеткіштерге қол жеткіздіңіздер? Мысалы, қылмыскерді ұстауда, жоғалған адамды іздеуде немесе есірткі заттарын табуда қандай қызықты оқиғалар болды?
– Бірінші итім «Мұхтар», ол әскерге 8 жыл қызмет етіп, «зейнетке» шыққан. Неміс овчаркасының тұқымы қызмет еткен жылдары түрлі қылмыстардың ашылуына атсалысты. Әскер көлемінде өткен жарыстарға қатысып, алғыр ит ретінде талай жүлдені де жеңіп алдық.
Былтыр желтоқсанда 14 жасар Карина есімді қыз түсініксіз жағдайда жоғалып кеткені туралы ақпарат түсті. Жедел іздестіруді бастағаннан кейін полиция «қыз қылмыстың құрбаны болуы мүмкін» деген болжам жасады. Жоғалған жасөспірімді іздеуге ішкі істер органдарының қызметкерлерімен бірге 5514 әскери бөлімінің әскери қызметшілері де жұмылдырылды. Іздестіру барысында төрт аяқты көмекшім «Пулямен» бірге, бүкіл елді дүр сілкіндірген өгей әкесінің қолынан қаза тапқан өрімдей 14 жасар қыздың денесін Талдықорғаннан 40 шақырым қашықтықтағы Текелі тауынан таптық.
– Отбасыңыз туралы айта кетсеңіз.
– Жұбайым Жадыра Русланқызымен 2018 жылы шаңырақ көтердік. Бір ұл, бір қыз тәрбиелеп отырмыз. Қызым Раяна 4 жаста, балабақшаға барып жүр. 3 жасар ұлым Фараби ата-әжесінің қасында. Мен оқу-жаттығуларға кеткен кезде үйдегі бала-шағама ата-анам бас-көз болып отырады. Үйдегі жарым да қас-қабағыма қарайды. Мені түсініп, үнемі сыйлап отырады.
– Ұл тәрбиелеп отыр екенсіз. Балаңыз әке жолын қуып, әскери боламын деген таңдау жасаса, қалай қарайсыз?
– Әрине, егер әскер жолын таңдап жатса, қуана қабылдаймын. Баламның таңдауын әрқашан қолдаймын. «Әке көрген оқ жонар» демекші, ұлым мен үйге келген кезде киімдерімді киіп алып ойнайды. "Әке, мен өскенде полковник боламын" дейді. Отан қорғау – абыройлы іс. Абыройлы істі абыроймен алып жүргенге жететін дүние жоқ.
– Сұхбатыңызға рақмет! Қызметіңізге табыс тілейміз.