ffin.kz

Аймановтың Алматысы

Аймановтың Алматысы almaty-akshamy.kz


 


Тұлғаға оралу


Күркіреп кезеңдер, дүркіреп дәуірлер өтсе де көңіл төрінде тұратын тұлғалар болады. Солардың бірі де, бірегейі, қазақ киносының көшбасшы кемеңгері Шәкен Кенжетайұлы Айманов екені алғаусыз ақиқат.


Алдымен мынадай бір сауалға иек артып сөйлейік. Біз тұлғаларға неге оралып отырамыз, неге үлгі-өнеге тұтамыз? Қазіргі қазақ киносы, сахнасы неге жиі сынға ұшырайды? Ұлттың көркемдік кеңістігінде не болып жатыр өзі? Сіздің рухани қажетіңіз неге қанағаттандырылмайды? Себебі,  біз, дұрысы, ұлт өзін-өзі жоғалтып алған тәрізді. Ұлт руханияты өз тамырынан кіндік үзіп барады. Жұрттың бәрі дүниелік, заманауи тақырыптарға бұрылып кеткен сыңайлы. Міне, осы тұста ұлт руханиятының көш басында болған тұлғалар тағылымын сүзгіден өткізіп, оларға оралудың қажетін терең сезінбеске әддің жоқ.



  • Шәкен Аймановты қазіргі интернеттің иіріміне түсіп кеткен ұрпақ білмеуі немесе «старомодный» деуі әбден мүмкін. Дейді демейміз, әбден мүмкін. Ал шын мәнінде, Айманов кім? Ол сол шеңберден шығармайтын заманның өзінде жаңашылдыққа ұмтылып, ұлт болмысын ұлықтай білген ұлық тұлға болды.

  • Шәкен 1932 жылы небәрі 18 жасында Ғабит Мүсіреповтің назарына ілінді. Әлі де оңы мен солын танып үлгермеген бозбаланың бойынан ұлы Ғабең не көрді?


Арада жөңкіліп жылдар өткен соң барып өзін-өзі дәлелдеген Аймановтың бойынан сырбаз суреткердің не байқағаны қалың қазаққа түсінікті болып шыға келді. Моцарт екі-үш жасында құлағы шуылдап жылай береді екен. Осыған ұқсас бір жайды Шәкеннің тетелес інісі, халқына аты мәлім Кәукен аға Кенжетаев айтып еді. Шәкен аға бала күнінде жылауық болыпты. Тіпті, Баянауылда бір Секертас деген жер бар екен. Соның үстіне шығып алып жылайтын көрінеді. Бір күні мұны көрген Айманның ағасы Аббас деген кісі «әй, сендер бұған тимеңдер, мұны өнер қысып жылап отыр» депті. Сол кісі айтқандай, басқа сүрлеумен кетсе де ол тегін адам болмас еді. Халқының бағына өнерге келгенін қарасайшы. Міне, сол бір бойына бірнеше өнер жиған Айманов ұлт өнерін биікке көтерді. Елу алты жасында өмірден озды. Не деген ұқсас тағдыр десеңші, Мәжит Бегалин де, Абдолла Қарсақбаев та осы жаста бақиға қайтты. Осы бір кездейсоқтықтың өзінде де бір қисын бар ма қалай?! Егер отыздан асқанша қалыптасу, даму үстінде болды десек, небәрі 20–25 жылдың ішінде қалдырған ісінің өзі аңыз етуге жарап жатыр. Камал Смайыловтың айтқанындай, өмірден озарының алдында «енді Абайға кірісуге болады, актерім  де әбден пісіп, жетілді» деген екен жарықтық. Демек, бұған дейінгі жанкешті ізденістер осы кесек туындыға барар жолдағы баспалдақ болған екен ғой деп топшылаймыз.



Жүйені жаңылдырып отырды


Аймановтың күні бүгінге дейін халық сүйіспеншілігінен бір елі ажырамай келе жатқанының сыры неде? Ол сол кездің өзінде ұлтшыл болды. Осы қасиеті оның ешкімге ұқсамайтын болмысын қалыптастырып, озық дүниелер жасауына жол ашты.  Әуезов айтқандай, ол ұлт мүддесін қорғауға келгенде «қол батыры да, ой батыры да» бола алды. Кино ұлттық болған жағдайда ғана сен өзіңді де, өзгені де мойындата аласың деген берік ұстаным ұстанып өтті өмірден. Оның ұлттық өнерімізге алып келген осы қолтаңбасы талайлардың ұйқысын да бұзған. Озбыр орталықта отырып алып, ойына келгенді жазып, жүйкесіне ши жүгірткендер де болған. Сол тұста «Известия» газетінде «Бір қолға екі қарбыз» деген фельетонсымақ жарияланып, мәскеулік тәсілмен Шәкен ағаның мысын басқысы келген. Алайда, алып Айманов оны елеуші ме еді, пысқырған да жоқ. Ұлт мұраты жолындағы суреткер ондай ұсақ-түйекпен, құқаймен айналысуға уақыт таба да алмайтын.



 Айтары жоқ, Айманов «түрі ұлттық, мазмұны социалистік» деген қағида қағынып тұрған тұстың өзінде ол түрі де, мазмұны да ұлттық дүние жасаудың жолын тапты. Шәкен қанша рет кино түсірсе, сонша рет сүйікті партияны да сан соқтырған шығар деп ойлайсыз. Ұлттың пайдасына әрине. Ол кезде басқа халықтан гөрі қазаққа хандар, батырлар туралы фильм түсіруге мүлдем тыйым салынған болатын. Шәкен бұл тығырықтан да жол таба білді. Комедия жанрына батыл ден қойды. Аңыздағы кейіпкер Алдар көсе туралы ғажап фильм түсірді. Әзілдің түбінде зіл, астарында ақиқат жататыны белгілі ғой. Осы туынды арқылы да ұлттың тарихын, ақылмандығын қызықты деректермен көктей шолып көрсетті. Қысқасы, өз ұлтына бүйрегің бұрып бара жатса, тез сезе қойып, мәселеңді май шаммен қарайтын жүйені адастырып отырды.



 


Шәкенсіз сөйлемейтін


Шәкен халқынан ғана емес, өз ортасы, әріптестерінен де зор құрмет көрген адам. Соның бірі өнердегі жан серігі, жан досы, оператор Беркович еді. Оның бар киносын осы досы түсірді. Беркович өмірден озарының алдында қолында Шәкеннің даусы жазылған бірнеше таспа барын айтып, тиісті орындар назарына жазған хатына да сол кездегі берекесі кете бастаған билік мойын да бұрмағанға ұқсайды. Шәкен жөнінде кітап жазған ол арнайы деректі  фильм де түсіріп, шәкентануға тұңғыш түрен салды. Ал бұдан соң ұлы Мұраттың «Сен және фарс» (сайқымазақ қоғам) атты фильмі тұсау кесті. Бұл фильмнің басқалардан ерекшелігі, онда ой еркіндігі, әкесінің қазақ киносының лайықты өкілі екенін айта отырып, сенің заманың енді туып еді деген өзек өртер өкініш байқалады. Соның бәрін өзінің ішкі монологына, жанайқайына, сана сарғайтқан сағынышына сыйғыза отырып, бекзат баяндайды. Сөйте тұра автордың кей тұста әке атына айтылған өкпе-назынан Шәкен аға беделіне еш нұқсан келмесе де, жалпы бұл қоғам қабылдауға тиісті жанайқай еді. Кезінде қоғамда үлкен айтыс туғызып, жұрт назарын аударған туындының тұсаукесерінде бірге болған Камал Смайыловтың мына пікіріне ден қойып көрейікші.



– Оператор Берковичтен кейінгі бұл фильмнен Шәкен ағаның өзімізге жақсы таныс өмірінің кейбір сәттерін көріп толқыдық. Әрине, әр суреткердің өз ұстанған бағыты болады. Мұрат уақыт жағына көп ауып кеткен, оны да түсінуге болады. Бірақ Шәкен ағаны өз мүмкіндігін пайдалана алмады, ісінде тиянақ болмады деуі кей тұста қайшы пікір туғызады. Фарс деп отырғаны да сол. Олай айтуға да болмас па еді. Шәкен аға өз жолымен жүрді, өзінің мақсатын, мұратын орындап отырды.



Қысқасы, бұл фильм сол кезең көзімен қарағанда сан қырлы, тағдырлы тұлғаның өмір жолындағы кейбір жұмбақтардың кілтін ашуға жасалған тұңғыш талпыныс еді.



Оны дүниенің қай бұрышына барса да құрметтейтін. Шекспирдің 400 жылдығында Англияда Отелло роліндегі актерлердің әлемдік сайысы өтті. Сол бәйгеде бас жүлдені алып, топ жарды. Оның дүниелік деңгейдегі дегдар екеніне мұндай мысал жеткілікті. Алайда, осы тұстан тақырыбымызға тура тартсақ, Ғабеңнің қалауымен 1932 жылы Алматыдағы драма театрға келген Аймановтың осында 40 жылға жуық саналы ғұмыры өтті. Ол осында жар сүйді, перзент көрді. Қазақ өнерінің құбылысқа айналған айтулы кезеңдері өзінің ғажайып дәуренін бастан кешті. Аймановтың арқасында талай бұлақтың көзі ашылып, көркемөнеріміздің биік тұлғаларына айналды. Тақырыпқа тұздық болсын, Айманов ашқан аймаңдай тұлға Асанәлі Әшімұлының күнделігіндегі мына бір жолдарға назар қоныстатыңызшы.



«Лермонтов театрында Померанцев Юрий Борисовичтің 95 жылдық мерейтойы болды. Шал спектакльде ойнады. Аса таңқаларлық құбылыс. Екі жарым сағат сахнада болып, әрі билеп, әрі толғанып, елді таңқалдырды. Мен: Юрий Борисовичке 95, маған 80 жас. Мен 95-ке келгенде ол 110-ға шығады. Екеуміз осы сахнада «Король Лирді» ойнаймыз. Ол король мен Лир боп, деп жұртты ду күлдірдім. Ұлы режиссер Стуруа Роберт Робертович Грузиядан арнайы келіп, қатысып отырған. Ол менің сөзімді жалғастырып. «Мен» «Король Лирді» қоюшы-режиссері боламын. Жүргізуші Якушев (театрдың директоры) қандай ұлы треугольник «Ашимов – Померанцев – Стуруа» деді.



Басқасын былай қойғанда, Алматы дегенде Шәкен Аймановтың «Біздің сүйікті дәрігер», «Тақиялы періште» көркем фильмдері еске түспей тұрмайды. «Біздің сүйікті дәрігердегі» басты кейіпкерді сомдаған әлгінде айтқан, Шәкен десе шығарға жаны бөлек Юрий Борисович. Қазақстанның Еңбек Ері, жүзге келіп өмірден өткен ақсақалдан қай кезде сұхбат алсаң, әңгімесінің жартысы Шәкен болатын. Шәкенсіз сөйлемейтін. Соңғы рет өмірден озарының алдында да «Шәкенді сағынып жатырмын» деп еді жарықтық.



Айтса айтқандай, ол Шәкенді бір күнде естен шығарған емес. «Мен алдымен Аймановқа, сонсоң Алматыға, Аймановтың Алматысына қарыздармын. Егер мені Айманов фильмдеріне түсірмесе, мен кім болар едім?» дейтін шалдың сөзін біз жиі естіп өстік.


Аймановтың Алматысы. Шынында да Шәкеннің фильмдері арқылы тек сан қилы тағдыр, қызық өмір ғана емес, Алматының қайталанбас тарихи, көркем келбеті де қалды. Оның фильмдеріне ұлттық элитаның озық өкілдерінің бәрі түсті. Иә, қазіргі Алматы заманауи үрдістермен адам танымастай өзгерді. Алайда, арықтарында баланың басындай апорт жүзіп бара жататын, ауасы саф таза, жауыны жаңа жауып басылған, кептелісі жоқ Аймановтың Алматысын да сағынбай тұра алмайсың. Алыптарды берген, жақсылардың табанының ізі қалған Алматы ғой бұл. Бүгінде өзі жарты ғасырға жуық өмірі өтіп, мәңгілікке тыныстап жатқан Алматысында өзінің атында киностудия, даңғыл бар.


Қайсыбір жылы Алматы қонақ үйінің алдында корифейге ескерткіш қойылды. Өзінің мәңгі жас, абат қалпын фильмдерінде мәңгілікке өшпестей етіп қалдырып кеткен ұлы режиссер сол күні тіріліп келгендей қуанып еді қала жұртшылығы. Соның ішінде де бәрінен де бетер қуанған Юрий ақсақал еді.


 


Қ.ҚОШҚАРҰЛЫ.


«Аlmaty-akshamy», №35, 26 сәуір, 2024 жыл

Сіздің реакцияңыз?
Ұнату
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

14:45

14:40

14:34

14:07

13:47

13:30

12:58

12:32

12:13

11:56

11:52

11:40

11:29

11:11

11:05

10:49

10:47

10:36

10:16

10:08

09:54

09:17

09:03

08:49

08:05