Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде әйел-аналардың иығына отбасының ғана емес, бүкіл ұлттың жауапкершілігі жүктеліп отырғанын айтып, «Ел басына күн туғанда, асыл аналарымыз бен аяулы аруларымыз қиындыққа мойымай, ұлт тағдырына араласты. Еселі еңбегімен және ерен ерлігімен танылған әйелдердің есімдері тарих жылнамасына мәңгілікке жазылып, жадымызда жатталады. Бүгінгі егемен елімізде де әйелдер қауымы үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашылды. Отбасы институтын, көп балалы аналарды, кәсіпкер әйелдерді қолдау және гендерлік теңдікті қамтамасыз ету – мемлекеттік саясаттың аса маңызды басымдығы», – деген еді.
Сондай үлкен жолда өзіне деген сенім үдесінен шығып келе жатқан Сәбила Мырзашқызы өзі таңдаған мамандыққа арнап қана қоймай, жиғаны мен тергенін, көргені мен түйгенін жас ұрпаққа жалықпай үйретіп келе жатқан ұлағатты ұстаз. Сонымен қатар, Сәбила Мырзашқызы қаламыздағы Пушкин атындағы №4 гимназияның білікті басшысы. Ұстаздар отбасынан тәлім-тәрбие алған алғыр қыз сонау 1982 жылдан бері осы жолда абыроймен еңбек етіп келеді. Нағыз еңбек адамы. Жас кезінде өзге құрбы-құрдастарының бірі экономист, енді бірі заңгер мамандығын таңдап жатқанда, Сабила еш ойланбастан ата-анасының жолын қуып, ұстаздық жолды таңдады. Қазір қарап отырса, қателеспеген екен. Егер басқа саланы таңдағанда өзі қалаған арман биігінен көрінер ме еді, көрінбес пе еді? Кім білсін? Талай баланың қолына қалам беріп, қара танытқан әкесі Мырзаш сол ауылдағы әрбір үйдің қамқоры болса, анасы қоғамдық жұмыстың бел ортасында жүретін нағыз белсенді еді.
Бүгінде 93 жасқа келген анасы Астанада тұрып жатыр. Осындай ортадан тәрбие алып, ізгілік нұрынан нәр алған Сәбиланың өмір дастаны да ата-анасы салған жолмен түйісті. Қаланың қызы бола тұра, оқу ордасын бітірген соң, жолдамамен ауылға барды. Алғашқы еңбек жолын ауыл мектебінен бастады. Міне, содан бері ширек ғасыр бойы осынау ұстаздық атты ұлы жолда имандылық пен ізгілік, адалдық пен әділдік сынды асыл қасиеттерді бойтұмар етіп келеді. Арада қанша жыл өтсе де, өзінен де, өзгеден де талап ететін мінезі әлі бар. Ұлағатты ұстаз осынау жылдар ішінде еңбек жолын мектеп мұғалімі болып бастап, балабақшада тәрбиеші, әдіскер, мектеп директорының орынбасары сияқты барлық педагогикалық баспалдақтардан өтті. Ұзақ жылғы тынымсыз еңбегінің арқасында мектеп басшысы атанды. Қарап отырсаңыз, Сабила Мырзашқызының еңбек жолының ерекшелігі де осында болса керек.
Бүгінде өз саласының білгірі атанған Сәбила Мырзашқызының өз жолы бар. Мыңдаған шәкірт тәрбиелеп, өзінің шеберлік мектебін қалыптастырды. Медеу ауданындағы жас педагогтардың ақылшысына айналды. Жалпы, әйел адамның қызметте, әсіресе басшы қызметте жүруі әрине қиындау. Мұндай кезде көбіне отбасының мәселесін емес, өзі басшылық етіп отырған мекеме туралы ғана ойлап, көп ой түюге тура келеді екен.
– Ұстаз болудың өзі - үлкен құрмет. Ұстаз еңбегінің қызығы мен қиындығы қатар жүреді. Қиындығы ұстаздың алдында үлкен жауапкершілік, қыруар міндет тұр. Болашақ ұрпақтың елдің көсегесін көгертетін, асқақ рухты болуы да ұстазға байланысты. Сондықтан еліміздің өсіп-өркендеуіне ұстаздың қосып отырған үлесі мол дер едім. Ал енді қызығы, ұстаздардың мәңгі жас кейпін сақтап, жан жылуын жоғалтпайтын асыл қасиеті. Мен өз өмірімде қазақ білімінің өркендеуіне өлшеусіз үлес қосып, еліміздің Тұңғыш Еңбек Ері атанған Аягүл Миразованы ерекше пір тұтамын. Сол кісіге ұқсағым келеді. Ұстаздардың ұстазынан үйренгім келеді. Қазіргі ақпараттық заманның желі ұстаздарға да өзіндік әсерін тигізіп жатыр. Сондықтан болар, бізге қойылып отырған талап та жоғары. Қазіргі заманғы ұстаз ақпараттандырылған, жаңа форматты, жан-жақты, дүниетанымы кең, тәрбиелі әрі саналы шәкірт дайындауда оқытудың тиімді әдіс-тәсілдерін, заманауи инновациялық технологияларды терең меңгеруі керек. Сондықтан да мен өз ұжымымыздағы ұстаздарымыздың осы талапқа сай болуын бірінші орынға қоямын. Қазіргі уақыттың бізге қояр талабы – мұғалім де, мектеп басшысы да сапалы білімге жету жолында аянбай еңбек етуі керек. Сондықтан мектебімізде қоғамдық өзгерістерге тез икемделетін, жаңалыққа жаны құмар, шығармашыл, яғни деңгейлік курс бағдарламасын оқып-үйреніп, тәжірибеде қолдану арқылы нәтижеге жетіп жүрген ұстаздарымыз өте көп, – дейді Сабила Мырзашқызы.
Бүгінгі білім жүйесі жаңаша дамыған, өзгерістерге толы. Жас ұрпақ жаңа буынды оқулықтармен, жаңа технологиялармен білім алуда. Өркениеттің төл туындылары төрге озды. Осынау ұшқыр уақыт заманауи басшыдан не талап етеді? Қазіргі мектеп басшысы қандай болуы керек? Ең алдымен, сенімді жетекші болу, жауапкершілікті өзіне алу, ұйымдастырушылық қабілетін дәлелдеу, өз жұмысын үнемі іштей бағалау және алдағы қажеттеліктерді анықтау, жаңа идеялар мен үрдістерді зерделеп, қажеттісін таңдауда бастамашыл болу, берілген тапсырмалардың уақытында дұрыс орындалуын қадағалау, мектеп өмірінде кездескен ситуациялық жағдайларды шеше білу. Міне, осындай ерекшеліктер табиғат берген сабырлы мінез бен ұзақ жылғы тәжірибеге бай Сабила Мырзашқызының бойынан табылары анық.
Ұлағатты ұстаз мектепте білікті басшы болса, отбасында асыл жар, ардақты ана, сүйікті әже. Жарасымды отбасының отағасы Талғат ғылым саласында, профессор, балалары Нәдір, Әсел, Ғалымжан, Ақмарал, Аружан, қылығы балдай тәтті немерелері Сәбила Мырзашқызын әркез сағына тосып отырады. Ортасына да, отбасына да қадірлі Сәбила Мырзашқызы сынды әйелдермен әлем де әдемі екен.
Әзірлеген Рая ЕСКЕРМЕСҚЫЗЫ.