Адыраспан

Адыраспан qadam.asia



Қазақ халқы бұл емдік шөптің үй ауасын тазартатын қасиетіне қатты көңіл бөлген



Наурызға дайындық  үйімізге, айналамызға, өзімізге тазалық жасаудан басталады.


Ең алдымен қора-қопсыны, үйдің ішін жуып-тазалаймыз. Үйдегі сынық ыдыс, кетік кеселерге дейін тастап, қариялар сақал-мұртын басып, апалар жаулық-орамалын нілге салып, аппақ қылып ағартып, балаларды жуындырып, шайындырып, тырнақтарын алып, кекілін қиып, айдарын жөндеп, үлкен дайындық басталып кетеді. Тазалық жүргізіп болған соң, әжелеріміз үйдің айналасын, қора-қопсыны адыраспанмен аластайды.


Қазіргі бала адыраспанның түтіндеген иісіне танауын тыржита қалады. Ал біз сол адыраспанмен өстік. Үйіміздің дәл іргесінде өсіп тұратын. Әлі де бар. Гүлінен кәдімгі алманың түріндей кішкентай түйнек пайда болады. Оны біз, бүлдіршіндер жұлып алып, «үй-үй» ойнағанда «дастарханға» алма деп қоятынбыз. Бірақ иісі өткір, ащы болатын. Оған да үйреніп кеткенбіз.


Оны мал да жемейтін. Сондықтан айналамызда адыраспаннан басқа шөп болмайтын. Сөйтсек, дәмі ащы, сабы мен гүлінде у болады екен ғой.


Ауылдағы әрбір шаңырақтың керегесінде адыраспан ілініп тұратын. Бұл шөп сол үйдің ажырамас бір бөлшегі іспеттес саналатын. Иә, қазақ халқы «адыраспан- ның киесі бар» деп, аяқтың астына таптамай, ат үстінен керекті мөлшерін ғана алып ем қылған. Бәле-жәледен сақтайды деп кереге басына іліп қойған. Ал жаңа қонысқа кірерде босағаға «жын-шайтан мүлдем жоламасын» деген тілекпен адыраспанмен аластаған. Сонымен қатар, жын-шайтандардан тазарту үшін оның бір бұтағын отқа тұтатып, үйді аластайтын болған. Қазақ халқы бұл емдік шөптің үй ауасын тазартатын қасиетіне қатты көңіл бөлген.



Бір адыраспанның бірнеше қасиеті бар. Мәселен, қыз-келіншектер адыраспанды ұзақ қайнатып, күрең қызыл бояу шығарып, жүннен жасалатын колөнер бұйымдарына пайдаланған. Әйелдері текемет басқанда, киіздің қасына көз тимесін деп адыраспан және қызыл түсті мата төсеген. Өйткені, ондайда текеметке немесе киізге көз тисе, салынған өрнектер қиғаш немесе қисық түседі-мыс.



Жас келін босанғанда, сәбилер сырқаттанғанда, өкпе ауруына шалдыққанда адамдарды аластаған. Адыраспанға қылшаны және ермен, кермек жусан шөптерін қосып, күн батар кезде әдейі арналған ыдысқа өртеп, оның түтінімен адамды емдеген деседі.



Халық емшілері адыраспанды адамның құяңын, жүйке ауруын емдеуге пайдаланған. Адыраспанды зерттеу барысында оның құра- мында гармалин бар екені анықталған. Ол – антидепрессант. Дәрігерлер адыраспан жүрек қағысын тұрақтандырып, оның құрамындағы гармалиннің гидрохлориді туберкулез қоздырғыштарына қарсы тиімді күресетінін айтады. Тұмау тиіп ауырғанда да отбасы мүшелерін адыраспанға тұз қоса оты- рып, аластаудың магиялық функциясымен қатар, ем дарытатын қасиеті де бар. Адамның жел-құздан қозған буын ауруын емдеу үшін адыраспанның жас сабағын қиып алып жаншып, буынға тарту керек дейді мамандар. Көп жағдайда суық тиіп, ауру басталғанда адамның денесі мұздап, қалтырап берекесі кетеді. Сол кезде адыраспанның қайнатпасын ішсе, ауруды жеңілдететін көрінеді.



Малдың қотырын адыраспанды қайнатып жуған. Көшпелілер кесіртке тәрізді жәндіктер жараланғанда, олар адыраспанға аунап жазылатынын байқаған.


Міне, қазіргі мың сан химиялық қоспа қосылып дайындалатын түрлі ауа тазартқыш құралдардың қасында адыраспанның қасиетін менің бабам ілім, ғылым меңгермей-ақ ежелден біліп қойған.


Сіздің реакцияңыз?
Ұнату
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

20:28

19:50

19:04

18:48

18:02

17:16

17:11

16:56

15:49

15:29

15:00

13:56

13:41

13:37

13:11

11:20

11:04

10:42

09:58

09:35

09:05

08:47

08:03

17:03

16:05