«Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы - адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары», - деп жазылған еліміздің конституциясында. Алайда бұл сөздерге көпшілік мән бере бермейді. Бұл мақалада осы олқылықтың орнын толтыруға тырысамыз. Себебі заң үстемдігі орнамай, «Әділетті Қазақстанды» орнату мүмкін емес. «Қасіретті Қаңтар» оқиғасы мен оның себеп-салдары осыны меңзейді.
Заңға немқұрайлылық саяси дертіміз
Халқымыз үшін қасіретті «қаңтар оқиғасы» өткеніне 2 жылдан астам уақыт болды. Осы орайда 3 қаңтарда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Egemen Qazaqstan газетіне сұхбат берді. Онда 2022 жылғы уақиғалардың шығу себебіне ерекше тоқталды.
«Мен 2019 жылы Президент болып сайланғаннан кейін мемлекетіміз саяси жүйені демократияландыруға, қоғамдық өмірге еркіндік сипат беруге, экономиканы монополиядан арылтуға бет бұрды. Реформаларды әзірлеуге және оны жүзеге асыруға қоғам өкілдері, белсенді азаматтар, сарапшылар қатысты. Түрлі диалог алаңдарында, соның ішінде, менің ұсынысыммен арнайы құрылған Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің отырыстарында көптеген бастама көтеріліп, жан-жақты пысықталды.
Ашығын айтсам, осы жаңа бағдарымыз кейбір ықпалды адамдарға мүлде ұнаған жоқ. Олар бұл өзгерісті елімізде әбден тамыр жайған жүйеге және билік құрылымындағы өздерінің «ерекше мәртебесіне» төнген қатер деп қабылдады. Мұндай адамдар елдегі өзгеріске астыртын, кейде тіпті ашық қарсылық білдіре бастады. Ақыр соңында реформаның бетін қайтарып, өздеріне ыңғайлы бұрынғы қалыпқа оралу үшін бәрін тас-талқан етуге шешім қабылдады.
Жоғары лауазымды тұлғалардан тұратын бұл топтың күштік құрылымдарға да, қылмыс әлеміне де орасан зор ықпалы болды. Сондықтан билікті күшпен басып алуға бел буды. Тергеу мәліметтеріне жүгінсек, олар 2021 жылдың ортасына таман дайындыққа кіріскен. Сосын Үкімет сұйытылған газдың бағасын күрт өсіру туралы жан-жақты ойластырылмаған, құқықтық негізі жоқ шешім қабылдады. Маңғыстау облысында арандатушылардың айтағына ілескен жұрт шеруге шықты» - деді Президент.
Сұхбаттың осы бөлігін оқи отырып, ертедегі француз ғалымы Алексис де Токвильдің демократия жайлы болжамы еске түседі. Ғалым «Америкадағы демократия» атты еңбегінде әлемде ерте ме, кеш пе демократия орнайды, оған биліктегі адамдар мен сол билікті иемденуге талпынатындар арасындағы қақтығыс жол ашып береді деген. Қақтығысқа түсушілер демократияға жол ашып жатқанын сезбейді дейді ол. Токвиль Францияның саяси тарихын зерттеп, католик шіркеуі мен патша, патша мен дворяндар арасындағы қақтығыстың соңы демократиялық өзгерістерді әкелгенін жазады. Болжам XIX ғасырдың басында айтылған. Біздің қазіргі тарихымызға қарасақ, экс-президент Н. Назарбаев пен Жоғарғы Кеңес, оппозициямен текетірестері билік транзиті мен демократиялық өзгерістерге алып келді.
Сұхбатты мұқият талдасақ, біраз сұраққа жауап табамыз. Рас, кім кінәлі деген сұраққа атын атап, түсін түстемесе де, белгілі бір ой қорытуға болады. Себебі, сот процесі аяқталмай, мемлекет басшысы болсаң да, нақты аты-жөнді атауға құқылы емессің. Мұны сот үкімі шешеді.
Ендеше, Президенттің сөздерін талдап көрелік. 2019 жылы 19 наурызда экс-президент Н. Назарбаев өз өкілеттігін тоқтату туралы шешім қабылдады. Конституцияға сәйкес оның міндетін уақытша атқару сол кездегі Сенат төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевқа өтті. Сол жылы 9 маусымда сайлау өтіп, заңды түрде президент атанды. Кейін Президент өзі сұхбатында айтқандай саяси жүйені демократияландыру, қоғамдық өмірге еркіндік беру, экономиканы монополиядан арылтуға бет бұрылды. Алайда экс-президент құрған саяси жүйенің жемісін көрген контр-элитаға өзгерістер ұнаған жоқ. Әрине, кім май шелпектен бас тартады? Олардың кім екені алдағы уақытта белгілі болар. Себебі «Қаңтар оқиғасына» қатысты сот процесі әлі жалғасуда.
Сұхбатта «ерекше мәртебе» иелері туралы сөз болды. Әңгіме сол контр-элита жайында екені белгілі. Ал «ерекше мәртебе» қай уақытта қалыптасады? Әрине, демократиялы саяси институттар орнықпаған, құқықтық мемлекет қалыптаспаған елде пайда болады. Конституцияның 3-бабы 3 тармақшасында: «Қазақстан Республикасында билікті ешкім де иемденіп кете алмайды. Билікті иемденіп кетушілік заң бойынша қудаланады», - делінген. Бұдан «ерекше мәртебедегі» адамдардың билікті иемденуге талпынысы конституцияға қайшы екенін көреміз.
Сұхбатта жоғары лауазымды тұлғалардан тұратын осы топтық күштік құрылымдарға, қылмыстық топтарға ықпалы болғаны туралы айтылады. Күштік құрылымға Бас Прокуратура, ҰҚК, Қорғаныс және Ішкі істер министрліктері кіреді. ҰҚК бұрынғы басшысы Кәрім Мәсімов пен Қорғаныс министрлігінің бұрынғы басшысы Мұрат Бектанов, ІІМ бұрынғы министрі Ерлан Тұрғымбаевқа қарсы сот процестері қаңтар оқиғасы аясында өтіп жатқаны да бекер емес. Сондықтан президенттің сұхбатындағы ерекше мәртебедегі адамдардың бар екені, және де олардың ықпалды болғанына күмәнмен қарай алмаймыз.
Мұның бәрі неден болады? Құқықтық нигилизмнен. Қарапайым тілмен айтқанда заңға немқұрайлы қараудан пайда болады. Бұл суперпрезиденттік режимнің жемісі. Қандай адал ниетпен келсең де, биліктің аты билік. Тіпті саяси институттар тепе-теңдік және тежемелілік принципімен жұмыс істегеннің өзінде билікте бір адам ұзақ отырмауы тиіс. Қандай демократиялы басқарсаң да, сыртқы өзгерістердің ықпалына үнемі лайықты жауап бере алмайсың.
Заң демократиялы болуы тиіс
Қарапайым адамда мынадай сұрақ туындауы мүмкін. Бізде конституция бар. Онда демократиялы, құқықтық мемлекеттерге тән билік бөлінісі, адам мен азаматтың құқықтары танылған. Алайда құқықтық нигилизм қайдан пайда болды?
Заңға деген немқұрайлылық суперпрезиденттік режимді қалыптастыру кезінде және соның салдарынан пайда болған. Еліміздегі демократияландыру процесіне 1995 жылы Жоғарғы Кеңестің таратылуы алғашқы соққы болды. Кейін қазіргі Конституция қабалданып, Парламент құрылды.
Алдағы уақытта Конституцияға көптеген өзгеріс енгізіліп президенттік институт өзге билік тармақтарына ықпалы күшейді. Бұл саяси жүйедегі күш балансын бұзды. Конституцияның 42-бабы 5 тармақшасында «Бір адам қатарына екі реттен артық Республика Президенті болып сайлана алмайды» делінген. Алайда 2007 жылы 21 мамырда бұл тармақша келесідей сөздермен толықтырылды: «Бұл шектеу Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентіне қолданылмайды». 2022 жылы қаңтар оқиғасынан кейінгі жүргізілген саяси реформалардың нәтижесінде бір адам екі реттен емес, бір реттен артық президент бола алмайтыны туралы өзгеріс енгізілді. Есесіне президенттің өкілеттігі 5 жылдан 7 жылға ұзарды. Мұндай өзгерістерді саяси жүйені демократияландыруға жасалған маңызды қадам деуге болады. Дегенмен аталмыш норманың жұмыс істеу-істемеуі 2029 жылы белгілі болмақ. Егер бүгінгі конституциялық норма сақталса, қазіргі президенттің ел дамуына қосқан теңдессіз үлесі болмақ.
Қала берді, Президент сұхбатта әлеуметтік желіде тарап жүрген қауесетті жоққа шығарды. «Президент Конституцияға қатысты референдум өткізіп, 2026 жылы тағы да сайлауға түсуді жоспарлап отыр деген қауесет тарап жатыр. Бұл рас па?», - деген сұраққа:
«Бұл – жалған ақпарат. Бұдан былай әркім ойына келгенін істеп, Ата заңға оңды-солды өзгеріс енгізе алмайды. Ал осындай маңызды мәселеге келгенде, тіпті мүмкін емес. Мен бұған нық сенімдімін. Конституциялық реформа Ата заңға қалай болса солай өзгеріс енгізе беру үшін жасалған жоқ», - деп жауап берді Президент.
Жалпы бір адамның қатарынан екі реттен артық сайланбауы туралы норма АҚШ-ң экс-президенті Франклин Рузвельттен кейін тәжірибеге ене бастады. Ол өткен ғасырда ұлы экономикалық депрессия кезінде билікке келді. Кейін екінші дүниежүзілік соғыс басталып кетіп, соғыс уақыты болғасын билікте қалды. Сөйтіп қатарынан 4 рет президент лауазымын атқарды. Дағдарысқа байланысты билікте отыруы дұрыс болды дегеннің өзінде, алдағы уақытта екі реттен артық билікте отыра алмайтыны туралы норма тәжірибеде қолданыла бастады.
Дегенмен АҚШ батыс өркениетіндегі ел. Қазақстанға шығыс, оның ішінде Оңтүстік Корей (Корей Республикасы) елі жақынырақ. Оңтүстік Корея саяси тарихы күрделі кезеңдерді басынан өткізді. Қазіргі билік «Алтыншы республика» деп аталады.
Әділдік – халықтың қалауы
Біз қайда барамыз? Бұл сұрақты 1991 жылдан бері қойып келеміз. Конституцияның 1-бабы 1 тармақшасында «Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы - адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары», - деп тайға таңба басқандай жазылған. Көпшілік осы сөздерге мән бермейді. Бұл бапта негізгі сөз «орнықтырады» екенін атап өткен жөн. Орнықтыру белгілі бір мақсатқа жету дегенді білдіретін процесс. Жоғарыда мысал ретінде келтірген Оңтүстік Корей елінің конституциясының 1-бабының 1 тармақшасында: «Корей Республикасы өзін демократиялық республика ретінде таниды», - деп жазылған. Демек олар өздерін демократиялық елміз деп есептейді. Ал бізде өзгеше: «демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады», - деген. Демократияның дамуы туралы түрлі әлемдік рейтингтерді қараған кезде осы бір фактіні ескеру қажет.
Мысалы, ағылшындық The Economist Intelligence Unit атты халықаралық зерттеу ұйымы жылда демократия дамуы индексін шығарады. Былтырғы рейтингте Қазақстан 120-орынға жайғасқан. Зерттеушілер елімізді авторитарлы режимдегі мемлекет деп бағалаған. Алайда сарапшылар конституциядағы жоғарыдағы бапты ескермей келеді. Демократияландыруды процесс ретінде қарасақ, бізде оң динамика байқалады. 2021 жылы қасіретті қаңтар оқиғасына дейін Қазақстан 128 орында болған. Демек екі жылдың ішінде 8 пунктіге ілгеріледік. Корей Республикасы сол жылы 16 орынға жайғасып толық демократиялы ел ретінде танылған. Алайда бұл көрсеткішке бірден жете қойған жоқ. 1948 жылдан бері 6 республика ауысқан. Ол не үшін ауысады? Саяси дағдарыстың әсерінен.
Демократия және тағы да өзгелері бәріміз үшін қажет. Алайда адам үшін ең бастысы оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары екені сөзсіз. Жалпы айтқанда адамға әділдік керек. Әділдікті халқымыз қалайды.
Ойымыз жалаң сөзге емес, нақты статистикалық мәліметтерге сүйеген. Мысал ретінде азаматтарымыз тарапынан қазіргі Мәжіліске жолданған арыс-шағымдарды алайық. Былтыр көктемнен бері VIII шақырылым депутаттары жұмыс істеуде. 2023 жылы 29 наурыз-30 маусым аралығында депутаттарға халықтан 5 174 хат пен жолданым келген. Оның 1 612-сі сот төрелігі мен құқықтық тәртіп бойынша түскен. Бұл ең жоғары көрсеткіш. Қалған мәселелер бұған қарағанда аз қамтылған. Демек азаматтарды сот үкімі мен заңның бұзылуы толғандырады деген сөз.
Депутаттардың халықты қабылдауы кезінде де осындай жағдай тіркелген. Басым көпшілігі жұмыстан заңсыз шығару, қылмыстық және азаматтық істер, әкімдіктердің азаматтардың сауалдарына сапасыз жауап беру мәселелері бойынша шағымданған. Мұндай жағдай былтыр 1 қыркүйек-29 желтоқсан аралығында да тіркелген. Азаматтар онлайн түрде 11 074 хат жолдаса, соның 4 092-сі сот төрелігі және құқықтық тәртіп мәселелері бойынша шағымданған.
Сондықтан әділдікті орнатуда сот және құқық қорғау органдары жүйесін реформалаудан бастау қажет. Себебі азаматтар өз құқығы бұзылған кезде сотқа, полицияға, прокуратураға жүгінеді.
Осы бағытта жұмыс кеш болса да басталды. Кеш дейтініміз 1991 жылдан бастау керектігін білдіреді. Ұлттық Құрылтайда «Әділетті Қазақстанды» құру туралы бастама көтерілді. Жалпы ішкі өнімді екі есе арттыру идеясын қалың көпшілік түсінбесе де, «Әділетті Қазақстан» және әділдік бәрімізге түсінікті және қолдайтын мақсат.