Абай күні
Ұлы ақын, ағартушы Абай Құнанбайұлының туғанына 178 жыл
Елімізде Мемлекет басшысының бастамасымен 2020 жылдан бастап 10 тамыз – «Абай күні» тойлана бастады. Осынау күнді Үкімет арнайы қаулымен бекітіп, мерекелік күндер тізбесіне ресми енгізді. Алғаш рет өткізілген мереке әлемдік пандемиямен тұспа-тұс келгеніне қарамастан, 100-ден астам іс-шара өткізілген еді.
Халықтың жадында мәңгі сақталады
Әр халықтың ұлы ақын-жазушылары жетерлік. Мәселен, немісте Гете, орыс халқында Александар Пушкин, ал қазақта хакім Абай бар. Бұлардың баршасы халықтың мұңын мұңдап, жоғын жоқтап, қоғамдағы ащы шындықты өлеңмен суреттеді. Білімсіздік пен надандықты сынады. Соның нәтижесінде халықтың жадында мәңгі сақталды. Бүгінде біз қазақтың бас ақынын қаншалықты тани алдық?!
Әр дәуірде өзінің айрықша туған ұлдары болады. Бірі батыр болып елді жаудан қорғайды. Ендігісі шешен болып, дау- дамайды әділ-төрелігі арқылы шешеді. Келесісі ел қамын жеген ақынға айналады. Осылай тізімді ұзарта беруге болады. Дегенмен, бұл өмірде әрбіріміздің өз миссиямыз бар.
Ал дүниеге өзінің кемеңгерлігі, ақыл- парасаты, ойшылдығымен танылған хакім Абайдың жөні бөлек. Ұлы ақынның мұраларында сан-сауалдарға жауаптар табылады. Сонау ХІХ ғасырда айтып кеткен философиялық ойлары әлі күнге дейін шамшырақ болып келеді. Шығыс пен Батыс идеологиясын қатар пайымдаған алып тұлғаның ой-өрісіне әлі жете қоймадық десек, артық емес.
Кемел адам ұғымын түсіне алмай келеміз
Ғаламда аты мәшһүр тұлғалар көп дедік. Қарасаң, бәрінің де атынан ат үркеді. Осы арада сұрақ туындайды. Сонда тарихта атын қалдыру бірінші мақсат па, әлде өзінің рухани жан дүниесін әлемге сыйлап, биік- белеске көтерілу маңызды ма? Біздің ше, екіншісі қисындырақ. Әлгінде айтқанымда тарихта миллиондаған, миллиардтаған адам болған. Бәрі де келді һәм кетті. Біреуінің ныспысын білеміз, ендігісі есте жоқ. Бірақ білмеген адамның құндылығы Жаратқан алдында төмен деуге келмейді. Сізде он балаңыз болса, бөле-жармайсыз ғой. Қайта бәріне тең қарайсыз.
Біз Абайдың «Кемел адам» дейтін ұғымын түсіне алмай жүрміз. Қанша жерден айтсақ та, жазсақ та жұртшылықтың жүрек түпкіріне жетпей жатыр. Жастар шетелдің ақын-жазушыларына еліктейді. Орысша, ағылшынша өлең кітабын, том-том роман оқиды. Алайда, өзіміздің алып тұлғаларды біле бермейді. Неғұрлым жастарға заңғар тұлғаларды насихаттасақ, соғұрлым қадірі артады.
Ғылыми тұрғыдан зерттейік
Хакім Абай атамыз «Біріңді қазақ, бірің дос, көрмесең істің бәрі бос» дейді. Расында, осы ойдың тереңіне үңіле бермейміз. Кісінің кемшіл тұсын бірден көруге ынтықпыз. Ал ерекше жағын байқай бермейміз.
Бұл дүниеде бір ғана өлшем бар. Дәлірек айтқанда, ақиқатқа, рухани заңдылыққа жақын болуымыз керек. Адамды адамгершілікке итермелейтін қашанда игі қасиеттер. Бұл – шындық.
Абайдың «Толық адам» идеясына әлі көтеріле алмадық. Рухани кемелдену, таза ниетті болу, кісіге жақсылық ойлаудан қалып барамыз.
Қазақтың бас ақынының түрлі қыры айтылып келеді. Айтылудан кем болып жатқанымыз жоқ. Талай кітап шығып, диссертация қорғалды. Жалпы, тіл мамандары, философтар, әдебиеттанушылар да зерттеп жатыр. Осымен тоқтамайық. Әлде де, зерделей түсу керек. Неге? Өйткені, адамның өз-өзін һәм дүниені тануы ешқашан тоқтамайды. Өзі «Менде жұмбақ адаммын, оны да ойлап» деп тұр ғой. Онда «сіз де жұмбақсыз» дегенді меңзейді. Іште жатқан рухани байлығыңызды тысқа көрсете алу, міне, осының бәрін мәселе етіп көтереді. Абайдың басқалардан артықшылығы, ол «осы дұрыс, осы ұғымда қатып қал» демейді. Қайта аталған ойларға дендеп, дамытуға шақырады. Әсіресе, «Жазғытұры», «Күз», «Қыс» сынды өлеңдерінде табиғатты ғажап суреттеп қана қоймай, өзінше кейіптейді. Ақын көзі солай көрсе, біздің көзқарасымыз сәл өзгешелеу болуы да ықтимал. Онда тұрған ештеңе жоқ. Мәселе, қоршаған ортаға пайда әкеліп, әп-әдемі ғұмыр сүре білуде. Өмірді қолдан қиындатып, әр нәрсені қазбалай беру опаға жетелемейді.
Біршама уақыт бұрын М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының әдебиетші ғалымдары «Абай шығармаларының академиялық толық жинағын» шығарды. Жалпы, ғалымдардың еңбегін бағалаған дұрыс.
Сонымен қатар, «Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп» айтты. Ол тек бір ғана ұлтты сүюге үндемейді. Мейлінше, барша әлемдегі халыққа сүйіспеншілік нұрыңды шаш дегісі келеді. Біз Абайдың деңгейіне жету үшін тепе-теңдік ұстауымыз керек. Оған әлгінде айтып өткенімдей, әлі жеткен жоқпыз. Бәлкім, бір уақыттарда бұл деңгейден де асатындар пайда болар. Ол жағы уақыттың еншісінде.
Өлеңдерінен өмір шындығы көрінеді
Осы күні ұлттық құндылық, ұлттық болмысты айтып жүрміз. Бұл жөн-ақ. Алайда, құр ұрандата бермей, арғы жағына үңілейік. Сонда «Жаңа Қазақстан» бастамасын жете түсінеміз.
Елімізде қаншама жас-өрен өсіп келеді. Жауқазындай жайқалған қаракөздерімізді ізгілікке, адамгершілікке, адалдыққа тәрбиелейік. Оны да жәй сөз ретінде айта бермей, өзіміз үлгі-өнеге болайық. Ұрлық-қарлыққа, жемқорлыққа жол бермейтін ұрпақ өсірейік.
Көбіміз Абайды гуманитарлық саланың ойшылындай көреміз. Десе де, нақты ғылым, технократия, кәсіпке қатысты ойлары тасада қалып жатады. Ақынның «мал тап», «кәсіп игер» деген пайымдауларына үңіле бермейміз. Бұл жөнінен экономика ғылымының докторы, академик Оразәлі Сәбденнің еңбектері орасан зор. Сол сияқты, тың дүниелерді әрі қарай дамыта түсу қажет. Дүние үнемі қозғалыста. Сәл аялдасаңыз, өзгелер басып озады. Сол себепті де, қай салада болсын, кідіріс жасауға болмайды.
Абай бір өлеңінде «қолымды мезгілінен кеш сермедім» деп айтады. Демек, өз кемшілігін өзі мойындайды. Осы тақылеттес ойды Орта ғасырда сопылық ілімнің негізін қалаушы Қожа Ахмет Ясауи айтып кеткен. Сонда ертерек әрекет еткенде «…Хақ дидарын көрер едім» деген сияқты хикметхикметтерін жазып қалдырған. Ойшылдың «Диуани Хикметінде» бірқатар сұраулардың жауабы тұр. Соны оқысаңыз, ойыңыз шыңырауға жетеді.
Дүниедегі ұлылардың баршасы өзінің жетіспейтін тұстарын жасырмаған. Қайта ашып айтқан. Сондықтан кеткен кемшіліктен ұялудың қажеті шамалы. Ұялма дегенде, қателігіңді мойындамай, арсыздыққа бар демейміз. Дұрыс емес жасадыңыз ба, дереу түзетуге тырысыңыз. Сонда ғана кемелденесіз. Дүниенің сыры қарапайымдылықта. Осыны естен шығармайық.
Бұл ғаламның ғажабы ізгілікте. Неғұрлым мейірбан ілтипатты болсаңыз, соғұрлым рухани жаңару жолына қадам басасыз. Түбінде әр адам осы қасиеттер мен сезімдерді сезінер. Кез келген ақын, жазушы, ділмар, қарапайым адам түптің түбінде ақыл тоқтатады. Бұл – дүниенің жазылмаған заңдылығы.