Бұрынғылардың болжамы бойынша, енді күн жадырап, шаруаға қолайлы шақ көрініс береді
«Он бес күні Құдайдікі, он бес күні кедейдікі» деген наурыз айы ортасынан ауды. Күннен-күнге көктем жақындап келеді. Оны құстардың сайраған әсем үні мен сайлардағы қар суларының шуылынан аңғаруға болады. Иә, жылдағыға қарағанда биыл дала құстары ерте келе бастады. Бау-бақшаларда да ертелі кеш сайрап, қыстай тұнжырап тұрған орманға тіл бітіргендей. Таңқаларлығы, бұлбұлдың сазды да назды үні әлі естілген жоқ. Оның үстіне күні кеше ертеңгілік жерге қырау түсті. Бұрынғының шалдары наурыздың ортасында бір күндік «бесқонақ» болады деуші еді, соның әсері ме екен? Неде болса, бұл көріністер сақтық шараларына шақырып тұрғандай...
20-сынан бастап «Әбдікей» амалы көрініс береді. Ол осы айдың 25-іне дейін созылады. Мұны қазақ «сиырдың ораза ұстауы» деп атаған. Осы күндері қар шеті сөгіліп, еріп, су ағады. Суға торғай шомылатындай болса, жаз ерте шығады деп есептейді. Мардымсыз болса, жаз жәй шығады деп санаған. Жер астындағы тоң жіби бастайды, далада қалған мал мен адам үсіп өлмейтіндей жағдайға жетеді. Жан-жануарлардың масаттанатын кезі де осы уақыт. Мұз астындағы судан қанып іше алмаған сиырлар еріген қар суына қанып, қардан шыққан көлденең шөпке тойып, арқасын күнге қақтап, бірнеше сағат жайылмай тұрады, міне, бұл «сиырдың ораза ұстауы» деп аталады. Бұрынғы табиғат тамыршылары «сиырдың ораза ұстау» уақытына қарап, қыс аяғы мен көктемнің келуіне болжам жасап отырған. Ораза демекші, осы айдың 22-сінен 23-іне қараған түні қасиетті Рамазан айы мұсылман табалдырығын аттайды. Дінімізде: Ережеп Алланың айы, Шағбан Пайғамбардың (оған Алланың нұр-шапағаты жаусын) айы, Рамазан мұсылманның айы делінген.
Көктемнің алғашқы айы наурыздың соңына қарай жылы жақтан құстар қайтып келе бастайды. Осы кезде қар аралас жаңбыр жауады, суық жел тұрады. Мұны халқымыз «Құс қанаты» деп атаған. Артынша қар еріп, жер лайсаң болады. Бұл – жыл мезгіліндегі аласапыран басталатын шақ. Қолданыстағы күнтізбе бойынша, бүгін наурыздың 16-сы. Ай есебіне сүйенсек, айдың 24-і, ал қазақша наурыз айының 10-ы. Апта айдың басы мен ортасына және соңына сәйкес келіп тұр. Бұл қазақы пайымның болжауынша, алдағы апта жауын-шашынды болады дегенді білдіреді. Күннің жылуы да ептеп азаяды. Бірақ ол ұзаққа созылмаса керек. Күн мен түн теңелетін, Самарқанның көк тасы еритін, жер бусанып, ел жадырайтын Наурыз мерекесі (22 наурыз) осы аптаның еншісінде... «Қызыр қамшысы», «Тобылғы жарған», «Қызыл жұмыртқа», тағы да басқа амалдар да көктемнің ішінде... Өз ретімен келе береді. Әйтсе де, оңтүстік өңірлерде тоң еріп, жердің көбесі сөгілді. Аз күнде өрік гүлдесе, артынша шие, сосын алма гүлдейді. Табиғат-Ана мейірімін шашып, сол жемістерді елге бұйыртсын. Өңірімізден шаттық, өңімізден күлкі кетпесін...
БАБАЛАР БОЛЖАМЫ
Табиғат пен құстардың қимылына қарап жасалған жорамал:
*Күн ерте күркіресе, жауын-шашын мол болмақ.
*Ай қораланса, бұршақ пен жаңбырлы болады.
*Қоқиқаз былтырғы ұясын жөндемей жұмыртқаласа, құрғақшылық болады, ескі ұясын жөндеп, биіктетсе, жаңбырлы болады.
*Ұзақ қарға алдымен келсе, көктем тез шығады, ал сарыала қаз ерте келсе, созылады.
*Аққан қар суына торғай шомылатындай болса, жаз ерте шығады