«Жүрерге жол жоқ». Алматы іргесіндегі Абай ауылындағы ортақ көше жер телімі ретінде жекеменшікке сатылып кеткен. Соның кесірінен тұрғындар өзі жамап-жасқап отырған жолынан айырылып қалған. Жер иесінің де құжаты түгел. Сондықтан жан-жағын қоршап, құрылысты бастап кеткен. Ал үйіне кіріп-шығуы мұңға айналған жұрт енді кімге шағым айтарын білмей отыр, деп хабарлайды aqshamnews.kz КТК телеарнасына сілтеме жасап.
Абай ауылының тұрғындары жердің сатылғаны туралы жаңалықты осыдан бір ай бұрын естіген. Иесі аумағына бірден тас төгіп, жан-жағын қоршауға алыпты. Бес көшемен қиылысып жатқан орталық көшені енді халық айналып өтуге мәжбүр.
Ал айналып өтетін екінші жолдың сиқы да жаман. Дәл ортасында кесілген ағаш діңкелері мен дөң бар, ал маңайы шөп-шалаң. Жұрт: «атқамінерлер, ең болмағанда, осы жолды тегістеп берсе» дейді.
- Осы жер жол болып тұрды. Бес көшенің тоғысы болды. Жан-жақтан келетін көшелердің бәрі осы көшеден тоғысады. Мектепке баратын жол да осы болатын. 13 жыл бойы бос жатқан жер бір күнде, бір айдың ішінде белгісіз бір себептермен қоршалды. Халық сол Молдағұлова көшесін ашу үшін ақша жинау керек пе? Не себепті халық бұл көшеде жабайы өскен ағаштың діңкесін алу керек?! - деп шағымданды ауыл тұрғыны Мәриям Аяпова.
Жол жоқ, не алдында да, не артында жол жоқ. Бәрін бекітіп тастаған. Біз қазір иірлеп-иірлеп, әйтеуір бір жерден тесік тауып барамыз, баратын жерімізге. Сонда мына жер қалай ғана сатылып тұр?! Әлеуметтік,, халықтың жүріп-тұратын жерін бір жеке адам өзіне ала сала ма?!, - деп ашынды Рахметолла Қазданұлы.
«Тар жолға таңылдық» деген тұрғындар ауылда, әсіресе, көлікпен қатынау қиындады дейді. Жедел жәрдем шақырса, көлік үйдің маңайына да келе алмайды екен.
-Балаларымыз сабаққа барады. Міне, қыркүйек те келіп қалды. Мына жерде дөң жатыр, балалар өте алмайды. Бала-шағамызға сол жолды дұрыстап берсеңіздер деген өтінішіміз бар. Сосын мынау шашып тастаған нәрседен жүре алмай жатырмыз Жедел жәрдем көлігінің келуі де қиындады, -дейді ауыл тұрғыны Айман Тәтиева.
Ал көпке ортақ жолды сатып алған адам жұрттан босқа дүрлікпеуді сұрады. «Он сотық жер учаскесін заңды түрде сатып алдым» деген ол, барлығын сотта дәлелдеуге дайын.
Менің шекарам міне, міне. Мына бағана тұр ғой содан былай қарай менің шекарам. Ана үй де заңсыз, мына үй де заңсыз. Барлығы жолға кіріп алған. Сотқа берсе, бере берсін. Бұл жер, негізі, 2011 жылы алынған, 2019 жылы мен сатып алдым. Бұл жердегі түсінбеген адамдар мені әкіммен байланысы бар дейді, ал мен әкімнің кім екенін білмеймін де, - деді жер иесі Әсия Жолдасова.
Атқамінерлер халықтың мәселесінен хабардар. Тек қайсысының жері заңды, қайсысы заңсыз, ол жағын білмейді. Десе де алдағы екі аптада арнайы маман шақырып, жағдайды ретке келтіруге уәде берді.
Амантай Терлікбаев, Райымбек ауыл округі әкімінің орынбасары:
-Түстен кейін мына бос жерге техника кіргізіп, жолды ашып, қолданысқа береміз. Уақытша, қазір бере тұрамыз. Алдымен жолын ашып берейік, содан анық-қанығын анықтап, сосын жоспарлаймыз. Комисия шығып, мына кіріп кеткен үйлерді геодезист шақырып, қазықтарын қақтырып, хабарлама таратып береміз.
Бірақ бұған халықтың сенімі аз. Өйткені әкім «әзірге жүріп-тұруға жарайтын жолды реттеп береміз» деп, бұған дейін де уәде беріпті. Сондықтан жұрт олардан қайыр болмаса, сотқа жүгінеміз деп отыр.