ffin.kz

Ұлттық ұлан мегаполис тыныштығын күзетеді

Ұлттық ұлан мегаполис тыныштығын күзетеді almaty-akshamy.kz

Еліміздегі Ұлттық ұлан әскери бөлімдері мен әскери қызметшілері бірнеше мемлекеттік маңызы бар міндеттерді атқарады. Солардың қатарында Алматы қаласындағы 3650 әскери бөлім де бар. Бұл бөлім де еліміз үшін аса маңызды мемлекеттік және стратегиялық нысандарды күзетеді. 

Осы әскери бөлімде қызмет атқарып жүрген, әскери мамандықты бала кезінен армандап, ата жолын ұстанып, Отанын қорғауды мақсат тұтқан қарауыл бастығының көмекшісі кіші сержант Ерлан Баштыбаевпен кездесіп, әңгімелескен болатынбыз. 

Ерлан Берікбайұлы іргеміздегі Жетісу облысына қарасты Н.Есеболат ауылында дүниеге келген. Оның спортқа қызығушылығы да жүрегіне сонау бала күнінде қонақтаған. 2005 жылы Талдықорғандағы экономикалық-техникалық колледжіне оқуға түседі. Ол жастайынан Ішкі істер органында қызмет атқарған атасының қасында жүріп кеудесіне Отанға, елге, жерге деген махаббатты орнықтыра білді. Оқуды жақсы аяқтап, сол аймақта орналасқан Үшарал қаласындағы 40398 әскери бөлімге әскери борышын өтеуге келеді. Жауынгерлік қызметпен қатар спортты да бірге алып жүрген Ерлан самбодан өткен жарыстарда көптеген жетістікке жетіп көзге түседі. 

Әскери борышын абыроймен өтеп келген соң, мамандығы бойынша көптеген жерде қызмет атқарады. Бірақ бала кездегі арманы жүрегіне тыныштық бере қоймайды. Сөйтіп ата тәрбиесін көріп өскен ұл 2011 жылы 3650 әскери бөліміне келісімшарт қызметкері болып сарбаз атқыш лауазымына тағайындалады. Қазіргі күні әскери бөлімде болып жатқан жауынгерлік, спорттық самбо күресінен болатын жарыстарға қатысып, жоғарғы көрсеткіштер көрсетіп келеді. «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы және әскери бөлім басшылығы тарапынан көптеген грамота, алғыс хаттармен марапатталған. Жауынгерлік қызметтегі қырағылығы үшін «Қоғамдық тәртіпті сақтағаны үшін» төс белгісімен де наградталған.
Ал былтыр аға маман-қарауыл бастығының көмекшісі лауазымына тағайындалды. Асыл жар үш қыздың әкесі.

– Қарауылдық қызмет – кез-келген адамның қолынан келе бермес шаруа. Себебі 12 сағат бойы кірпік қақпай, тікесінен тік тұрып, өзінің жауапкершілігіне берілген аумағы мен бекетін қорғау және қадағалау – үлкен міндет. Сондықтан күн сайын қолына қару ұстап, жауынгерлік тапсырманы орындау үшін тек шыдамды, моральдық-психологиялық ахуалы мығым, қырағы, батыл, сергек те зерек деп танылған үздік келісімшарт қызметкерлері тағайындалады. Мемлекеттік маңызды нысанды қорғайтын және күзететін келісімшарт қызметкері түрлі психологиялық тест тапсырып, физикалық шарттарға сәйкес келуі керек. Сондықтан олар жауынгерлік қызметке келгеннен бастап өздерінің арнайы міндеттерін және қаруды қалай қолдану керектігін, жауынгерлік дайындықтарын арттырып отырады. Қаруды қалай қолдану керектігін жатқа білу және оны шынайы жағдайда қолдану әркімнің қолынан келе бермейтін іс десек те болады. Өз қаруын автоматты түрде қолдана білу үшін айына екі рет күндіз және түнгі уақытта атыс жаттығулары өткізіледі. Атыс барысында офицерлер, келісімшарт қызметкерлері, сарбаздар өздерінің командирлерімен бірге қауіпсіздік шараларын сақтай отырып, қарауылдық қызметке тікелей қатысы бар әртүрлі жаттығуларды орындайды. Біздің 3650 әскери бөлімінің сарбаздары, сержанттары және офицерлері мегаполистің тыныштығы һәм қауіпсіздігі үшін қай кезде де сапта тұрады, – дейді кіші сержант Ерлан Баштыбаев.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнату
2
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

19:10

18:45

18:02

17:43

17:39

17:31

17:20

17:17

17:05

16:54

16:41

16:15

16:05

15:56

15:39

15:21

15:14

14:45

14:40

14:34

14:07

13:47

13:30

12:58

12:32