Жасы жетпіске жетсе де, апай деп айтуға ауыз бармайды
Қазақта үлкен кісіні «апа», «апай» деп құрмет көрсетіп атау әдетіміз бары рас. Алайда Раиса Мамбетованы алғаш көрген жан оның ширақ қимылына, жайдары жүзіне қарап, есіміне «апай» дегенді жалғағың келмейді. Себебі, оның өн бойынан тасып тұрған энергиясы жастардан асып түспесе, кем емес. Раиса ханым жасы жетпіске келсе де, спортты серік етіп, әр күнін белсенді өмірмен өрнектеп жүрген жан.
Денсаулықтың қадірін ауырғанда білесің
Раиса ханым спортқа кездейсоқ келмеген. Бірде жұмыс кезінде қан қысымы көтеріліп, есінен танып құлайды. Дәрігерлер денсаулығын бақылауға алуды ұсынғанымен, ол дәрі-дәрмекті емес, қимыл-қозғалысты таңдайды. Қызының қолдауымен интернет арқылы ізденіп, салауатты өмір салтының шипалы жол екенін ұғынады.
Ерте тұрған әйелдің бір ісі артық...
Раиса Мамбетова мен жұбайы бес жылдан бері күнде таңғы төртте тұрады. Жылы су ішіп,көп ұзамай жүгіруге шығады. Қала әкімдігінің маңындағы саябақта екеуі он айналым жасап, таңғы жаттығуды да ұмытпайды. Бұл ерлі-зайыптының күнделікті әдетіне айналған.
Би – денсаулықтың тағы бір көзі
Раиса ханым биге де қатысады. Оның айтуынша, «жас ұлғайған сайын билеу аса маңызды. Қозғалыс азайған жерде ауру көбейеді. Ал билеген кезде дене түгел қозғалысқа түседі». Бұл пікірін ол кітаптан оқып, тәжірибеде дәлелдеп жүр.
Спортпен ғана шектелмейді
Раиса ханым 53 жасында көлік жүргізуді үйренген. «Немеремді шахматқа апару үшін жүргізуші болуға тура келді. Біреуге жалынғанды ұнатпаймын. Өз бетімше үйрендім», — дейді ол. Бұл – жаңа нәрсені үйренуге ешқашан кеш емес екенін дәлелдейтін тағы бір мысал.
Үйінде теледидар жоқ
Раиса Мамбетованың үйінде теледидар жоқ. Себебі, теледидарға кететін уақытты ол өзін дамытуға, кітап оқуға, пайдалы ақпарат іздеуге жұмсайды.
«Өмір 50-ден кейін тоқтамайды»
«Көп адам 50-ден асқан соң өмір бітті деп ойлайды. Шын мәнінде, бұл – тек бастамасы», — дейді Раиса ханым. Оның пікірінше, көптеген дерт — адамның ойында. «Миыңды тазартсаң, тән де сауығады. Өмірге ренжімей, ашуланбай, шүкіршілікпен қарау керек», — дейді ол.
Жексенбі – белсенді демалыс күні
Раиса Мамбетова мен өзге де белсенді зейнеткерлер жексенбі сайын Медеудегі Горельникке шығып, мұздай суға шомылуды әдетке айналдырған. Бұл – оларды рухани әрі физикалық сергітетін тәсіл.
Раиса Мамбетова үшін жас шектеу емес. Ол өмірге құштарлықпен қарайтын жандардың жарқын үлгісі. Ол өзінің өмір жолымен әр адамға мотивация бола алады: денсаулықтың кілті – қозғалыста, ал бақыт – өз қолыңда.
Жетпісте де жүгіру, билеу, көлік жүргізу, мұздай суға түсу – мүмкін емес дейтіндердің бәріне жауап. «Өмір бітті» деп емес, «өмір енді басталды» деп өмір сүруді үйрететін жанның сөзі де, ісі де шабыттандырады.
Раиса ханымның үлгісі — белсенді өмір салты жасқа қарамайтынын, ал позитивті ойлау кез келген қиындықты еңсеруге көмектесетінін дәлелдейді.
Раиса ханымнан кеңестер
• Күліп жүріңіз. Көңіл күй – денсаулықтың негізі.
• Спортпен айналысыңыз. Қозғалыс – өмір.
• Негатив ойдан арылыңыз. Көңілге ауырлық түсірмеңіз.
• Жас – тек сан. Қалауыңыз болса, алынбайтын қамал жоқ.