Трамп Украина мен Ресей арасындағы соғысты "менің проблемам емес" деді. Сарапшылар пікірі қандай?

  • 13:56, 21 мамыр 2025
Трамп Украина мен Ресей арасындағы соғысты "менің проблемам емес" деді. Сарапшылар пікірі қандай? Nathan Howard / Reuters

The New York Times басылымы АҚШ-тың президенті Дональд Трамптың Украинадағы соғысқа қатысты жаңа ұстанымын берді. Сайлауалды науқан кезінде Трамп Ресей мен Украина арасындағы соғысты 24 сағат ішінде тоқтатуға уәде берген Трамп қазір не дейді? Толығырақ aqshamnews.kz материалында.

The New York Times басылымы Дональд Трамп Владимир Путинмен әңгімелескен соң келіссөздер процесінен шығуға ниеттенгенін айтты. 

Басылым мәліметінше, Трамп Украина президенті Владимир Зеленскийге және басқа да еуропалық көшбасшыларға Ресей мен Украина соғысын аяқтаудың жолын өздері табуға тиіс екенін айтқан. Талқылау барысымен таныс алты шенеунік Трамп Ресейге қарсы жаңа санкцияларды қамтитын еуропалық қысым науқанына қосыламын дегенінен бас тартқан.

"Трамп әкімшілігі жұмысының басынан бастап жүргізген саясаты – агрессор Ресейге емес, құрбан Украинаға қысым жасау", – деп жазды Киевтен сәуірде кеткен бұрынғы елші әрі тәжірибелі дипломат Бриджет Бринк.

Трамп өз пікірлерінде Путинмен болған әңгіме қандай да бір серпіліс әкелгенін тұспалдап айтты. 

Еске салайық, сайлауалды науқан кезінде Трамп Ресей мен Украина арасындағы соғысты 24 сағат ішінде тоқтатуға уәде берген еді. Алайда содан бері бұл мәселе керісінше әлдеқайда күрделене түсті.

Дүйсенбіде жариялаған жазбасында ол АҚШ-ты бұл талқылаудан шығарып, Ресеймен іскерлік мәмілелерге көшу ниетін ашық білдірді. Соғысты тоқтату шарттарын "екі тарап өзара талқылайды, өйткені келіссөздердің егжей-тегжейін тек солар біледі" деп жазды Трамп.

Саясаттанушы не дейді?

Саясаттанушы Пердехан Шәмшиев Трамптың ісіне пікір білдірді. Оның айтуынша, саясат бизнес емес, онда ұлттық мүдделер қақтығысады.

"Трамп билікке келгелі бері мемлекеттер арасындағы қақтығыстарды шешуші адам ретінде көрінгісі келеді. Бірақ саясат бизнес емес, ұлттық мүдделер қақтығысы екенін енді түсініп келе жатқан сияқты. Мұны Ресей мен Украина арасындағы мәселені шешуге талпынысы, ұстанымы мен мәлімдемелерінің жиі өзгеруінен байқаймыз", - дейді ол. 

Саясаттанушы Трамп Ресей мен Украина арасындағы соғысты неге тоқтата алмай жатқанын түсіндірді. 

"Иә, ол Үндістан мен Пәкістан арасындағы кикілжіңге араласып, қақтығысты тоқтатты. Себебі мұнда қақтығыс енді басталған болатын. Ал Ресей мен Украина арасындағы қақтығыс шарықтау шегіне әлі жете қоймады. Себебі арада екі елдің ұлттық мүддесі тұр. Сондықтан Трамптың қақтығысты бизнестің тәсілімен шешу әрекеттері сәтсіздікке ұшырап келеді. Себебі бизнесте "сен маған мынаны, мен саған басқасын беремін" деген қағида іске асқанымен, саясатта бір тілім жер де айырбасқа түспейді", - деп қорытындылады ол. 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

19:53

18:26

17:58

17:42

17:18

17:07

16:55

16:25

16:23

16:07

15:53

15:45

15:34

15:16

14:30

14:01

13:56

13:18

12:58

12:43

12:39

12:31

12:18

11:50

11:22