20 минутта жайылып, жиналатын киіз үй

20 минутта жайылып, жиналатын киіз үй Самат Құсайынов

Дала дәстүрі мен инновация үйлесім тапқан қолданысқа ыңғайлы, жылы, жарық, әрі оңай құрылып, жиналатын киіз үйді жасаушы, шебер Марат Бексұлтанов 1983 жылы Ресейдің Санкт Петербург қаласында дүниеге келген, 4 жасында отбасы Қазақстанға қоныс аударып, осында білім алған. 2015 жылға дейін басқа салада еңбек еткен, мамандығы – байланыс инженері. 

«Кейінірек бағытымды басқа арнаға бұрып, қазір киіз үй жасайтын шебермін, инновациялық-трансформациялық идеяларды жүзеге асырып жүрмін. Бұл идеяның әу баста қайдан келгені есімде жоқ, жеке кәсіпке ауыссам ба деп жүрген кезімде бажамда бір киіз үй болған, осыдан оншақты жыл бұрын Наурыз мерекесінің үлкен көлемде тойлана бастаған кезі ғой, сол жалғыз киіз үйді жалға беруді бастадық. Сол бір үйден басталған бизнесіміз қазір үлкейіп, 50 шақты киіз үйді жалға беріп отырмыз. Жасаған киіз үйлерімізді апарып түрлі байқауларға қатысу мені одан сайын шабыттандырады. Біздің қолымыздан шыққан үйлерді сатып алушылар да жеткілікті. Киіз үй сатып алушылардың арасында өз еліміздің азаматтары да, шетелдіктер де бар», дейді шебер. 

Киіз үйлердің сату бағасы 2 миллион теңгеден басталады, ал жалға беру құны апаратын мекенжайға, үйдің көлеміне, жабдығына, неше күн қолданатынына байланысты өзгеріп отырады. Бұл киіз үйлер әдеттегі қазақ үй сияқты 6, 8, 12, 16 қанатты өлшемде жасалған.

«Бизнесті бастайтын кезде мемлекеттен көмек сұраған жоқпыз, жеке қаржымызға тәй-тәйлап бастаған ісіміз осы дәрежеге жетті. Кеңесшім, мотиваторым, бухгалтерім, серіктесім – ол менің өмірлік серігім, бұл біздің отбасылық бизнесіміз, кеңесші ретінде көмек беретін жақын достарым бар. Кез келген бизнестің жолы оңай емес, аспаннан ештеңе түсе қалмайды, біз де сол қиындықтардан өтіп келеміз. Өзім жұмыс істегенде шабыттанып, «жанып» тұрамын, күн демей, түн демей бастаған істің нәтижесін көргенше тыныштық таппаймын, біздің бизнестегі көп кедергіні азайтқан осы қасиетім шығар деп ойлаймын», дейді ағынан жарылған Марат мырза. 

Қазір киіз үйдің түрі көп, инновациялық заманауи қазақ үйінің сүйегі неден жасалады деген сұрағымызға жауап берген шебер: «Ата-бабамыз киіз үйді тек ағаштан жасаса, қазіргі уақытта үй жасауға болатын неше түрлі материал бар, мен де шабытыма қарай ағаштан, темірден алюминийден жасап жүрмін. Бір киіз үйді жасап шығуға 2 аптадан 1 айға дейін уақыт кетеді. Киіз үйдің сүйегін өзім жасаймын, біртіндеп үйді жабдықтайтын дүниелерді де жасап үйреніп келеміз, кейде дайын бұйымдарды сатып алып қолданамыз. Біздің жұмыс орнымыз басқа бұйым жасайтын шеберлердікі сияқты цех қана емес, студия деуге көбірек келеді. Мысалы көліктің қандай екенін білу үшін автосалонға барып, іші-сыртын көріп ақпарат аламыз ғой, дәл сол сияқты киіз үйдің не екенін білгісі келген адам біздің салоннан бәрін көріп білуіне болатындай жағдай жасап қойдық. Себебі, қалада тұратындар үйінің қасына киіз үй тігіп отырған жоқ, үйінде әке-шешесінен қалған киіз үйі барлардың өзі оны құрып қоймайды, көбіне сарайда жинаулы тұрады, сондықтан оны көріп сезіне алмайды, ол үшін үйге кіріп отырып көру керек. Ұлттық нақыштағы түсірілім жасауға да бізге келетіндер бар», деді. 

Кез келген кәсіпкердің ісін одан әрі ұлғайтқысы келетін жоспары болуы заңды. Біздің бүгінгі сұқбаттасымыздың да арманы асқақ.

«Бизнестегі алғашқы саты – табыс табу дегенімізбен, ақша табу деген күндердің күнінде қызығы кетіп, қалыпты тіршілікке айналады, кәсіптен рухани, шығармашылық ләззат алғың келетін уақыт туады. Сондай ойдан туындаған бір мақсатым – келешекте өзіміздің ұлттық құндылықтарды насихаттау, шетелдік қонақтарға таныстыру үшін үлкен бір этноауыл салу», дейді болашақ мақсатын айқындаған азамат. 

Бүгінгі әңгімеге арқау болған инновациялық қазақ үйінің бұрынғы қазақ үйлерінен ең басты айырмашылығы – кәдімгі қолшатыр сияқты тез жиналып, оңай құрастырылатыны, сондықтан тұрмыста қолдануға өте ыңғайлы.

«Өте ыңғайлы болуымен қатар бұл киіз үйдің жабыны жаңбыр, жел жағдайына төзімді, тез тозып кетпейтін, су тисе тез кебетін, шірімейтін, исі шықпайтын заманауи материалдан жасалған, жарық түсіп тұратын терезесі бар. Киіз үйдің бүкіл элементтері кереге, уық, шаңырақ бір-бірімен буындап қосылған. Сонда адамның дене мүшесі сияқты қимылдап бір конструкция ретінде жиналады да, бұзылады» қоса кетті идея авторы. 

Өз қолынан шыққан туындыларын асқан сүйіспеншілікпен таныстырып шыққан шебер сөз соңын «Алматы қаласының азаматы, осы қалада тіркелген кәсіпкер ретінде жерлестеріме ұлттық мұрамызды ұлықтай білейік, бөтен елден келген достарыңыз болса, халқымыздың жәдігер құндылығын көрсетіп, таныстыра жүрейік деп үндегім келеді» деп түйіндеді.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

19:01

17:47

16:20

16:16

16:03

15:41

15:35

15:21

15:00

14:50

14:49

14:48

14:33

14:27

13:54

13:48

13:36

13:34

13:31

13:30

13:28

13:25

13:22

13:20

13:18