Өмір сондай күрделі. Ешкімнің де алдында үнемі даңғыл жол жатпайды. Соқтықпалы, соқпақты тар жолдарға да түсеміз. Адасып жүріп, жол табамыз. Өмірдің өзі үлкен ұстаз. Өткеннен сабақ алып, тәжірибе жинап, есейеміз дегендей. Біз бүгін ӘКЕ туралы сөз қозғаймыз. Әлеуметтік желіде осы тақырыпта пікір бөліскен, ой айтқан жандардың сырына үңілеміз.
«ҚАРТАЙҒАН ШАҚТА ҚАЙТЕСІЗ?..»
Әуелі осы тақырыпты неге жазғым келгенінен бастайын. Үлкен шаһардан бұрынғы әріптесімді кездестіріп қалдым. Анасының осыдан бес-алты жыл бұрын қайтыс болғанын естіген едім. Өзінің, әкесінің жағдайын сұрадым.
– Әлі күнге таңертең тұрып, бейіт басына барып келеді. Жаныма батады жалғыздығы. Көп күрсінеді. Мамам екеуінің махаббаты ел қызығатындай болған ғой негізі. Дастархан басында екеуміз ғана отырамыз, үнсіз шәй ішеміз. Мен де тұрмыс құрмадым. Уақыт өтіп барады.., – деді ол.
Бір әйелдің бұрын бір айтқан әңгімесінің есіме түсіп отырғаны осы ретте.
– Үйде өңкей қызбыз. Шешем қайтыс болды. Уақыт өте, алдымыз тұрмыс құрып кетіп жатты. Әкеме үйлену керек болды. Сонда мен қайтыс болып кеткен шешемді қызғанып, үйде жүрген бөтен әйелді елестете алмай, «сіз үйленетін болсаңыз, мен үйден кетем» деп тентек мінезіме бастым. Ол әрекетімнің теріс екенін кейін түсіндік қой, – деген еді.
Facebook-тегі парақшама осы жайтты жаздым. Тақырып көпшілікті бей-жай қалдырмады, көзіқарақты оқырмандарым пікірлерін қалдырып жатты.
Гүлжан Амангелдіқызы:
– Еркектің алдында әйелі кеткен жаман. Өмірдегі ең қорқыныштысы да сол.
Гүлімай Әбішқызы:
– Ешбір адам баласы жалғыз болмағаны жөн. Жалғыздықтан құтқару керек. Әрекетпен көмектеспесе де, кеңес беріп, ниет қосып.
Рауза Темірғалиева:
– Ер адамға жалғыз қалу тіпті жаман. Артық айтсам, Алла өзі кешірсін мені, әйелінің артында көбіне жарын бағаламаған еркектер қалады. Ниеті түзу еркектер әйелінен бұрын кетеді.
Бекмырза Сырымбетұлы:
– Мәңгілік ештеңе жоқ. Екеуінің біреуі бірінші болып кетеді.
Бірақ ер адамның бірінші кеткені қолайлы. Келіні қанша жақсы болса да, үлкен кісінің жағдайын жасай алмайды. Ыңғайсыздық тудырады. Қариялар аман болсын!
Нако Қабдықайырқызы:
– Әкем «мені Бақыттың алдында алсын» деп отырушы еді, шын тілеген екен, кете барды енді немере қызығын көреді дегенде...
Майра Айтуар:
– Бір таныс кісіні білемін, әйелі қайтыс бола сала басқа әйелге кетті...
Төлен Рамазанұлы:
– Нағашы әжем қайтқаннан кейін атам кемпір алмақшы болған. Қыздары қарсы болған екен: «Қартайған шақта қайтесіз. Қонақтап әр қызыңыздың қолында бірер ай тұрмайсыз ба?..» дегендей. «Е-е, сендер не білесіңдер?!» деп, бәрібір үйленіп алыпты нағашы атам. Ол кезде, шамамен, 70-75-терде екен. Нағашы атам 100-ге жақындап қайтты. Сонда анамның: «Кемпір алғаны дұрыс болыпты, өзімен-өзі отырды. 25 жыл ішінде бәрімізді мезі етер еді», – дегені есімде.
Айнұр Сағиева:
– Ер адамның үйленіп алғаны дұрыс. Үйдің берекесін әйел келтіреді.
Рая Тұябақова:
– Менің құрбым жалғыздықтан шаршадым деп жүрді. Бір күні көршісінің таныстары әйелі қайтыс болған бір кісімен таныстырады. Ол кісі туыстарын жинап, «Мына кісімен бас қосамын. Кір-қоңымды келінге жуғызуға ұяламын. Ертеңгі күні ауырғанда да қарайтын адам керек, бәрі жұмысқа, сабаққа кетеді, күнімен жалғыз отырамын. Бұл ойыма не дейсіздер?» дейді. Келін-бала, бауырлары қуанады. Кафеде дастархан жайылып, біз құрбымызды ұзаттық. Қазір үй-іші риза. Келін жұмыстан келгенде үй жинаулы, тамақ дайын, балалар тоқ. Дастарханды жайнатып отыр құрбым. Немерелер «апалап» еркелеп жүр. Кеше келіп әңгімелесіп кетті. Жасы 63-те, күйеуі 70-те. Еш айыбы жоқ, шүйіркелесіп шәй ішеді, немерелерді қарайды.
Жанар Жыланды:
– Жалғыз-жарты адамдар болмаса деп тілеймін. Теңін тауып жатқандарды көргенде қуанамын.
БАРЫҢДЫ БАҒАЛАҒЫН
Instagram платформасында осы әлеуметтік желінің Айка есімді қолданушысы қолын артына ұстап, ақырын аяңдап келе жатқан әкесін алыстан суретке түсіріп алып салып, астына «Жаным, әкешім! Ер адамның артта қалғаны өте қиын екен. Анамыз кеткелі қанша жылдар болды! Әкемізге ұл-қыздары той жасап берейік десек, көнбей отыр. Жанымда аналарың жоқ, жалғыз өзім қалай шығамын ортаға деп. Осынау өмірімде маған ең ауыр әсер еткен сөз осы болды...» деген әсерлі жазба қалдырған болатын. Бұл жазба да көптің нәзік көңілін бір тербеп алды.
– Менің де 39 жасымда келіншегім қайтыс болды. Бес жыл өтті, жалғыз өзім еш жерге барғым келмейді. Үй, жұмыс, балаларым, басқа ешнәрсе қызық емес.
– Әкем марқұм мамам кеткен соң үш жыл шыдап, ауырып, тұра алмай, артынан кетті. Жас күндерінде кездескен бір тал бар екен, соның түбінде жүздесеміз деп уәделесіпті көзі тірісінде. Сонда күтетін боламын сені деген ғой анам...
– Мен де жеңгемнен айырылдым. Ағамды көрсем, жүрегім қатты ауырады. Жарым көңіл болып қалады екен ғой ер адам.
– Ер адамның әйелінің артында қалғаны қиын. Менің әкем де көпке бармады, анамнан кейін екі жылдан кейін қайтты. Сонда қанша көңілін табуға тырысып, үлкен- кішіміз түгел бәйек болып, барлық дәмдіні алдына қойып, жағасын да кірлетпей, әдемінің бәрін үстіне жапсырып жатсақ та, жетімнің күйін кешкендей мұңайып жүретін, үнсіз ойланып отыратын сәттері өте көп еді...
– Еркек әйелі кетсе ешкімге керексіз адамдай, кішкентай қорғансыз баладай жәутеңдеп қалады. Бәрі өтіп кеткен соң өкінбес үшін, барыңда бағалау керек сондықтан.
– Анам 57 жасында қайтқанда әкем 59-да еді. Үш жылдан соң «мен үйленсем қайтеді?..» дегенде мен «анам ше?..» деп ағыл-тегіл жылап, «анаң бөлек қой, қызым, оның орнын ешкім баса алмайды, бірақ маған бірге қауқылдасып отырып шәй ішетін адам керек» деген. Содан әкемді үйлендірмей қойғанмын, анама сатқындық жасамаңыз деп. Ол кезде жиырмада едім. Өмірдің мәнін қайдан ұға қояйын?! Арада он жыл өткенде қатты өкіндім ғой сол қылығыма, «неге рұқсат бермедім екен» деп. Бал а-шағасының орт асында отырса да қатты жалғызсырайтын. Сол жаныма бататын. Сонда «өзім білем не істесем де!» демей, баласының көңіліне қараған әкенің жанын түсінбегенім-ай!..
ЖҮРЕКТІ ТЕРБЕГЕН БЕЙНЕЖАЗБА
Естеріңізде ме, әлеуметтік желіде, нақтырақ айтқанда, TikTok бетінде темір рельс бойымен ақырын қозғала бастаған пойызға ілесіп, сыртта, қалмай жүгіріп келе жатқан, пойыз жүрісін үдеткенде адымын одан сайын ашып, қалаға, оқуына кетіп бара жатқан баласымен қайта-қайта қолын бұлғап қоштасқан қызыл күртешелі қарапайым әкенің видеосы тарап еді ғой. Вагон ішінде видеоға түсіріп отырған баласының бұлыңғыр бейнесі де байқалады бергі беттен.
Бұл бейнежазба да барлық платформада мыңдап таралып, ел- жұрттың жүрегін елжіретті. Видеоның бетінде «Күн демей, түн демей, үш жұмысты қатар істеп, баласын оқуға шығарып салып жатқан әке!» деген сөздер бар. Әлеуметтік желі қолданушылары белгісіз әкеге барлық ықылас- ниетін арнап, амандық тілеп жатты.
– Нағыз азамат екен, бала-шағасы үшін аянбай жүрген! Бала секілді пойыз соңынан жүгіріп келеді. Баласы да жылап отырған секілді вагон ішінде. Әкесінің осы еңбегі зая кетпейтініне сенемін. Себебі, осындай мейірбан әкеден жаман бала шығуы мүмкін емес.
Жүрегім ауырып кетті мына видеоны көріп. Шіркін, менің де әкем осылай оқытқан еді, марқұм. Денсаулығына байланысты өмірден ерте озды.
***
– Бала кейін осыны түсінсе игі. Алған келіншегі дұрыс болса екен. Әкенің қиналып оқытқанын тез ұмытады қазіргі балалар. Қарттар үйіндегі қариялардың күні дәлел бұған. Отбасы тәрбиесінен бұрын сана бергей ұл-қызға!
***
– Әке мейірімін көрмеген мен түсінбейді екенмін мұндай сезімді. Қасымда бола тұра, бір келіп, басымнан сипап, маңдайымнан да иіскемеді. Жақсы әке болса, қадірлеңіздер, әрине.
***
– Әкем әр дүйсенбі жиналысқа келгенде, маған ақша беріп кететін. «Шалдың қызы» деген сайын айтқанымды істететінмін. Әкем маған разы болып кетті ме, жоқ па деп ойланып отырып, өзімнің түрлі қылықтарым есіме түсе бере жылап қаламын. Әкемді бейітінен қазып алып, мойнына асыла кетіп жыласам ғой деп қиналған, сағынған кездерім қисапсыз...
***
– Осындай әкелердің балалары, мақтаныңдар әкелеріңмен! Менің де әкем мен бой түзегенде қуанып, плащ пен туфли әкеп берген. Анамыз науқас, сондықтан барлық киімді әкеміз әкелетін. Үйде алты қыз болдық. Бәріміздің аяғымызды қарыстап өлшеп алып кететін. Үйге келгенде сатып әкелген аяқ киімі үлкендеу немесе тар болып қалса, ерінбей барып, қайта ауыстырып әкелетін. Мен тұрмысқа шыққан кез еді. Сонда үйге сегіз колготки әкелген ғой, мені де қоса есептеп, тоқсаныншы жылдардағы сонау таршылық заманда, алты қыз, жеңгем және анам, бәрімізді сегіз деп есептеген. Әйел баласын қатты құрметтейтін. Жұмысыма қолғап, аппақ шапка және жылы шұлық әкеліп тұр бірде. Адамдардан қысылып, мені ымдап шақырып алып, күртешесінің әр қалтасынан шығарып берген еді сонда сол заттарды. Жаным әкем, қазір қоларбаға отырып қалды. Келініме рахмет айтамын қарап отырған!
ӘДЕП-ИБА ӨЛШЕМІ
Бізде әйелдер, аналар мерекесі бар. Енді 2023 жылдан бастап ұлттық деңгейде Әкелер күні аталып өтіп жүр. Күнтізбемізге маусымның үшінші жексенбісі болып енген. Иә, отбасының тірегі деп – отағасыға, қарашаңырықтың иесі деп – әкеге осыншалықты мән берілгені оңды шешім болды. Сондай-ақ, «Әкелер одағының» құрылғаны да дұрыс қадам. Әкелеріміз мықты, жүректі болғандықтан, бізге осынау ұлан- ғайыр дала мұра болып қалған. Әке, ата ұғымында кие де, қасиет те бар. Демек, Атажұрт, Атамекен деген содан шыққан деуге негіз бар.
Жасыратыны жоқ, қазір кейбір ұлттық құндылықтарымыздың шегесі босап, кейбір әкелердің отбасындағы беделі төмендегені рас. Әйелге де, балаға да жуан жұдырығын ала жүгіретін, алимент төлеуден де қашып жүретін ер адамдар аз емес. Ал ондай әкеден тараған ұрпақтың қалай болатыны тағы белгісіз. Сондықтан әлі де кеш емес. Қазақы болмысымызға тән «әкенің сесі, мысы» деген ұғымдар сақталуға тиіс. Әкелер күні де сол олқылықтардың орнын толтыруға, отбасы институтын нығайтуға, отбасылық құндылықтарды дәріптеуге ықпал етері сөзсіз.
Ал негізінде әке беделінің жоғары болуы үйдегі отанасына көп байланысты. Есіңізде ме, «Абай жолында» бала Абайдың қаладан, медреседен ауылына асығып келіп, туған-туысымен қауышатын сәті?! Семейде үш жыл оқып, жайлаудағы әке үйіне күн кешкіре жеткен 13- тегі Абай аттан түскен бетте көп ішінен ең алдымен шешесін көріп, соған қарай жүре беріп еді, анасы анадай жерде тұрып: «Әй, шырағым, балам, әуелі, арғы жағыңда әкең тұр, сәлем бер!» деуші еді ғой. Бір сәтке балалығы жеңіп, қателік жіберіп алғанын түсінген жас Абай кілт бұрылып әкесі Құнанбай тұрған оқшау топқа қарай адымдай жөнеледі. М.Әуезов мұны қазақтың жүрекке жылы тиер осындай ғажап дәстүрінен хабардар ету үшін ғана емес, оның тәрбиелік маңызын да көрсетіп отыр. Ата-ананың бір- бірінің қадір-қасиетін бала алдында осылайша ардақтап, беделін асыруы – әдеп-иба өлшемдерінің терең тамырланып, кең жайылуының кепілі. Демек, ертеңгі үлкен өмірге бастайтын ұлы жол үйіміздің табалдырығынан басталады.
«Аlmaty-akshamу», №1 (6563) 7 қаңтар, 2025 жыл