28 мамыр күні Түркиядағы президент сайлауының екінші кезеңі өтті. Жоғары сайлау кеңесі қазіргі президент Режеп Тайып Ердоғанның жеңіске жеткенін мәлімдеді. Нәтижесінде алдағы бес жылдағы түрік жұртының билік тізгіні Әділет және даму партиясының төрағасы Ердоғанның қолында қалды. Ол қарсыласы Кемал Кылычдароғлын 4 пайыздан аса дауыс басымдығымен жеңген.
Тайып Ердоғанның үшінші онжылдықтағы билік дәуірі басталды.
Дауыс беру құқығына ие Түркия азаматтары бұл сайлауда да белсенділік танытты. Жоғары сайлау кеңесінің мәлімдеуінше, саяси науқанға сайлаушылардың 85 пайызы қатысқан. 99,43 пайыз бюллетеньдерді санау қорытындысынан кейін ӘДП төрағасы, іс басындағы президент Ердоған 52,14 пайыз, Республикалық халық партиясының лидері, әрі оппозициялық альянстың ортақ кандидаты Кемал Кылычдароғлы 47,86 пайыз дауыс жинағаны мәлім болды. Бұл Ердоғанның өз қарсыласынан 2 миллионнан аса дауысты артық жинағанын көрсетеді.
Түркияның Жоғары сайлау кеңесінің алғашқы қорытындысынан кейін Ердоған: «Сайлауда Түркия жеңіске жетті, – деді, әрі, – Алдағы бес жылда елді қайтадан басқаруды сеніп тапсырғаны үшін еліміздің әрбір мүшесіне алғыс айтамын», – деген мәлімдемесін жасады. Ал Кылычдароғлы кезекті сайлауды «соңғы жылдардағы ең әділетсіз сайлау» деп бағалады. Сондай-ақ, Түркияда демократия үшін күресті жалғастыруға уәде берді.
Дауыс берудің қорытынды нәтижесі әлі жарияланбады. Бірақ қадағалаушылар қалған 0,53 пайыз дауыс қазіргі нәтижеге үлкен өзгеріс әкелмейтінін айтады. Көріп отырғанымыздай, Ердоған сайлауда жеңіске жеткенімен оған қарсы дауыс берушілердің саны да ел азаматтарының ауқымды бөлігін иеленді. Бұның өзі елдегі саяси бөліністің жоғары деңгейде екенін аңғартып отыр. Сайлау нәтижесі 20 жылдан бері билік тізгінін ұстап келе жатқан Ердоғанның үшінші онжылдықтағы билік дәуірінің басталғанын білдіреді. Осыған байланысты сын-пікір де көптеп айтылуда. Оның саясатын сынаушылар жағынан «Демократияға нұқсан келтірді, өзін сынаушыларды қамауға алды және билікті орталықтандырды» дейтін айыптар жиі айтылады. Кезекті сайлауда ол «ұлтшылдық картасын ойнау арқылы жеңіске жетті» деп сынап жатқандар да жоқ емес.
Ал Ердоған билігін қолдаушылардың да өз уәждері бар. Түркияның батыстық одақтастарымен күрделі қарым-қатынастарында, сондай-ақ, Сирия мен Украина секілді көрші елдердегі қауіпті сынақтарда елге күшті көшбасшы керек деп санайды. Сайлау алдындағы агитациялық жұмыстарында Ердоған командасы осы көзқарасты өз жақтастарына мықтап сіңіре алғанын көреміз. Тіпті, президент Ердоған да оппозициялық кандидатты «Терроризмге қарсы тым жұмсақ» саясаткер ретінде сынағаны бар. Оның жақтаушылары Республикалық халық партиясының лидерін және оппозициялық альянсты Түркия мүддесін батыстық державаларға жығып береді дейтін көзқарастары да әлеуметтік желіден жиі кездеседі.
Режеп Тайып Ердоған билігі кезінде Түркия сыртқы саясатта ырықтылық таныта түскені мәлім. Батысқа, әсіресе, шекаралас жатқан ЕО елдері үшін Ердоған «ыңғайлы» тұлға саналмайды. Бұл Жерорта теңізіндегі табиғи газды өндіру бойынша Италиямен болған бәсекеде, таласты аралдар мәселесіндегі Грекиямен текетіресте және босқындар ісі бойынша Еуродақпен болған кірбеңдіктерде анық байқалды. Оның үстіне, Еуропа елдері консервативтік бағыттағы саясаткердің Түркияны діни мемлекетке айналдырып жіберуінен алаңдайды. Керісінше, Таяу-Шығыс қақпасы саналатын Анадолы түбегі ашық, демократиялы жұрт ретінде сақталып қалуын қалайды. Ал Украинадағы соғыста НАТО- дағы одақтастары мен Батыс елдерінің үміті ақталмай қалғаны тағы бар. Олар Түркияның түбегейлі Украинаны қолдаушы ретінде тұруын үміт еткен, бірақ Ердоған Путинмен қарым-қатынасты бұрынғыша сақтап қалды.
Әрине, Анкара билігі ауысып жатқан күннің өзінде Түркияның сыртқы саясатында үлкен өзгерістер болмайтынын бұған дейін сала эксперттері айтып кеткен болатын. Дегенмен, Кылычдароғлының сайлауалды бағдарламасы мен кейбір мәлімдемелеріне байланысты алаңдаушылық та болды. Түркия билігінде Ердоғанның қалуы түркі елдерімен, соның ішінде Орта Азиядағы елдермен ынтымақтастық байланыстардың үрдісі дәстүрге сай сақталып қалатынынан дерек береді. Осы орайда «президент Ердоған ендігі жерде ішкі және сыртқы саясатта қай бағытқа басымдық беруі мүмкін?» деген сұрақты халықаралық қатынастар маманы Айнұр Ноғаева ханымға қойып көрген едік.
Айнұр НОҒАЕВА, Түркиядағы Бинали Йылдырым университетінің ұсыныс етілген профессоры:
«ТҮРКИЯ ҒАСЫРЫ БАСТАЛДЫ»
Режеп Тайып Ердоған сайлаудан кейінгі мәлімдемесінде өзін қолдаушылардың ғана емес, тұтас елдің президенті екенін және «Түркия ғасыры басталғанын» жеткізді. Бұған қарап, сыртқы саясатта қазірге дейін ұстанып келген көпвекторлы саясатын жалғастыра беретінін болжаймыз. Әрі елдің әл-ауқатын арттыруға мән береді деп ойлаймын. Әсіресе, қауіпсіздік-әскери экономикалық, технологиялық салаларын дамытуға күш салады. Қазақстан және өзге түркі мемлекеттеріне бұл жеңіс өте тиімді, себебі көп тұрғыдан, әсіресе осы технология трансферті, т.б. мүмкіндіктерді біз де тиімді пайдалануымыз керек.