ffin.kz

АҚШ – Қытай «жылымығы»: Державалар бәсекесі

АҚШ – Қытай «жылымығы»: Державалар бәсекесі cezarium.com

Қазақстан мен аймаққа қалай әсер етеді?


Өткен аптада Қытайдың АҚШ-тағы жаңа елшісі өз қызметіне кірісті. Ұзақ үзілістен кейін Бейжіңнің Құрама Штаттардағы дипломатиялық іс-қимылдары қайта жанданды. Ал содан бірер күн бұрын Президент Байден Жапонияда тұрып, АҚШ – Қытай қарым-қатынасында «көп ұзамай жылымық болады» деген еді. Бұндай сәйкестік шетелдік БАҚ пен сарапшылардың назарын аудармай қалған жоқ. Бұл - біздің тарапымыздан да көңіл бұратын мәселе. Себебі, АҚШ – Қытай қатынасы Қазақстан мен Орта Азияға кейде тікелей, кейде жанамалай әсер етеді.



ҚАЙШЫЛЫҚТЫҢ ҚАЙНАРЫ – КӨШБАСШЫЛЫҚ ОРЫНДА


Трамп кезіндегі сауда соғысы­нан тартып, АҚШ – Қытай қарым- қатынасы тұрақты түрде нашарлап келді. Турасында, қайшылық бұдан әлдеқайда ерте кезеңнен тамыр ал­ған. Келіспеушілік тек сауда қаты­настарынан ғана емес, зияткерлік меншік құқығының қорғалуы, ашық экономика, адам құқығы және демократия принциптеріне қатысты ұстанымдарда да көрініс тапты. Оңтүстік Қытай теңізіндегі территориялық даулар, Гонконгта­ғы құқықтық өзгерістер, Тибет және Шыңжаң мәселелерінде ұста­нымның алшақтығы Вашингтон мен Бейжіңнің қайшылығын есе­лей берді. Айналып келгенде, қай­шылық астарында АҚШ пен Қы­тайдың жаһандық көшбасшылыққа таласы жатты. Қос тарап та халық­аралық қатынастардың ережесін өз мүддесіне бейімдеуге деген держа­валық мақсаттан бас тарта алмады.


Соңғы жағдайларға келер бол­сақ, екі ел ортасында «нәзік тақы­рып» делінетін Тайвань мәселесі соғыстың қауіпті білтесі ретінде аталып тұрған шақта, әлемді дүрліктірген «бақылау шары» оқи­ғасы отқа май құйғандай болды. Бұл тұста көптеген сарапшылар АҚШ пен Қытай қақтығыстың қауіпті қызыл сызығына қарай сыр­ғып барады десті. Украинадағы соғысқа байланысты Батыстың Қытайға артқан үміті ақталмайты­ны белгілі болды. Керісінше, Бейжіңнің Мәскеумен қарым-қаты­насы дамып, Вашингтонмен диа­логтары нәтижесіз күйде қалды. Бұндай картинаға қарап, әлемнің бірінші және екінші экономикасы­на ие елдер арасындағы диплома­тиялық байланыстарды қалпына келтіруге жол қалмағандай көрін­ген.



Дәл осындай жағдайдағы ҚХР мен АҚШ қатынасын түрлі сарап­шылар түрліше бағалады. Айта­лық, АҚШ Мемдепартаментінің Саясатты жоспарлау бөлімінің бұ­рынғы мүшесі Роберт Мэннинг жақындағы бір сұхбатында: «АҚШ пен Қытай қарым-қатынасы біртін­деп «өлім спираліне» түсіп бара­ды, сондықтан да екі тарап барын­ша белсенді жұмыс істеп жатыр, себебі жағдайдың бақылаудан шығып кетуін екі жақ та қаламай­ды», – деген пікірін жеткізген екен.



Міне, осы кезде Қытайдың диа­логқа қарай қадам жасауы және Байденнің мәлімдемесі «жылы­мық» көрінісін елестетті. Ал Қы­тайдың 4 айдай бос тұрған АҚШ-тағы елшісінің орнына жаңа тұлғаның келуі де бұл картинаның бояуын қалыңдата түсті.



ЖАҢА ЕЛШІ «ЖЫЛЫМЫҚ» АЛЫП КЕЛДІ МЕ?


Қытай тағайындаған жаңа елші Сие Фэн (Xie Feng) өзінің диплома­тиялық қызметін бастау үшін өткен сейсенбіде АҚШ-қа барды. Нью- Йорктегі Джон Кеннеди халықара­лық әуежайынан түсе сала, оны америкалық БАҚ өкілдері сұрақ­тың астынан алды. Сондағы қысқа жауаптарында Сие Фэн қазіргі Қытай – АҚШ қарым-қатынасы күрделі қиындықтарға тап болға­нын мойындады және өзінің екі ел арасындағы алмасу мен ынтымақ­тастықты арттыруға күш салу үшін келгенін мәлімдеді.


Құрама Штаттар тарапы да Сие Фэннің елші болып келуін құпта­ды. Мемдепартамент бұған қатыс­ты тек позитивті мәлімдемелер жасады. Мысалы, аталған департа­мент өкілі Мэттью Миллер өзінің ресми мәлімдемесінде: «Біз тағайындалған елшімен, оның команда­сымен жұмыс істеуді асыға күтеміз. Бұған дейін де айтқан едік, бәсеке­лестікке жауапкершілікпен қарау­ды жалғастыра береміз», – деген болатын.



АҚШ – ҚЫТАЙ ҚАРЫМ- ҚАТЫНАСЫНЫҢ  БІЗГЕ ЫҚПАЛЫ ҚАНДАЙ?


Кейінгі он жылда АҚШ Үнді-Тынық мұхиты аймағын тұтастай бір геосаяси аймақ ретінде қарас­тыруды түбегейлі орнықтырды. Бұл тәжірибені Екінші дүние­жүзілік соғыс кезіндегі Германия­дан алғанын білеміз. АҚШ пен Қытай сынды екі держава арасын­дағы қайшылыққа толы қарым-қа­тынастар міне, осы аймақта болып жатыр. Бір қарағанда, бізге алыс аймақтағы жағдайдың Қазақстан мен Орта Азияға қатысы жоқтай көрінеді. Шындап келсек, мүлде олай емес. Қытайдың соңғы кездегі Орта Азияға экономикалық және саяси қатысуының белсенді бола түсуі - тікелей аталған алып аймақ­тағы бәсекелестіктің нәтижесі.


Олай дейтініміз, Қытай өзінің шығыс және оңтүстік бағыттарын­да сыртқы әлеммен қатысу бойын­ша үлкен қиындықтарға тап болды. Оңтүстік Қытай теңізі аумағында­ғы территориялық дау-шарлар, АҚШ-тың осы даулы мәселеге қа­тысты елдермен орнатқан ынты­мақтастығы ондағы Қытайдың түрлі саладағы іс-қимылдарына тосқауыл қойды. Аймақтағы АҚШ, Британия, Жапония, Аустралия секілді ірі күштердің ортақ қа­дамдары алып аймақтағы Бейжіңнің ықпал көлеміне тұсау бола алды. Өзінің импорт және экспорт жолдарының, әсіресе, энер­гетика мен тауар тасымалы жолдары­ның кедергіге ұшырауы Қытайды құрлық арқылы балама қауіпсіз жол табуға итермеледі. Міне, осы арада АҚШ – Қытай қатынасының Орта Азия мен Қазақстанға тікелей ықпалы қандай? Жалпы, осы са­раптамада тұжырымдалған мәселе­лерге қарағанда, Бейжің мен Ва­шингтон өзара қарым-қатынастағы қайшылықты оң бағытқа ауысты­рып, диалог арқылы селкеу түскен сенімді қайта орнына келтіретіндей болып көрінеді. Шын мәнінде солай ма? Байденнің мәлімдемесі, Қытай­дың позитивті қадамдары және елшінің тағайындалуы АҚШ – Қы­тай арасындағы мұзды еріте ала ма? Біз бұл сауалдарды отандық сарапшыларға қойып көрдік.



Сарапшы дәл қазіргі АҚШ– Қытай қарым-қатынасының жіби қоятын түрі жоқ деп санайды. Бірақ эксперт бір түйінге баса назар ауда­руға шақырады. Айталық, Қытай тарапынан Ресейдің Украинадағы әрекеті агрессия қатарында бағала­нуы Бейжің–Вашингтон ортасын­дағы келісімге жол ашуы ықтимал. Ресейге қарсы санкциялық қысым­дардың тиімділігі үшін АҚШ пен Еуропа елдері Қытайдан Ресейге қолдау көрсетпеуін күтеді. Бұл жа­ғынан Бейжің шегіністі қадам жа­сап жатса, онда қарым-қатынастар­дың тұрақталуына негіз бар деген ойымен бөліседі. Расында да, АҚШ пен Қытай арасындағы қарама-қай­шылықтар дипломатиялық, саяси салқындық қана емес. Екі мемлекет түбірлі ұлттық мүддесі ретінде қа­растырған мәселелерде бәсеке­лестік орын алған. Геоэкономика­л ы қ , геосаяси және жаңа технологиядағы бұл қызу бәсеке ондаған жылдарға созылатын «Жаңа қырғиқабақ соғысына» алып келуі де бек мүмкін. Тіпті, бұл үрдіс әлдеқашан басталып кет­кен де болар деген болжам бар.



Сонымен, алып экономикаға ие екі елдің қайшылықты қатынасы біздің еліміз бен аймаққа ықпал етіп жатқанына көз жұма алмай­мыз. Бұл, тиісінше, қоғамдағы көзі­қарақты жұртқа АҚШ – Қытай қа­тынасына ұдайы сергек қапер таныту міндетін жүктеп отыр. Де­генмен, бұл арада Қытайдың ай­маққа қаратқан дербес стратегия­сының бар екені ескерілуі тиіс.


Тақырыпқа орай



Өмірбек ҚАНАЙ, Алматыдағы Еуразия ғылыми-зерттеу институтының аға ғылыми қызметкері, Үнді-Тынық мұхит аймағы бойынша сарапшы:


«АҚШ пен Қытай қарым-қатынасы бір елшіге неме­се қандай да бір кішігірім оқиғаға байланысты үлкен өзгерістерге ұшырай қоймайды. Өйткені, бұл арада екі елдің сыртқы саяси-стратегиялық бағыттарына қарау керек. Әсіресе, Америка кейінгі кездері Үнді-Тынық мұхитына барынша на­зар аударып отыр. Бұрынғы келісімдердің сыртында AUKUS деп аталатын жаңа экономикалық ынтымақтастық платформасы қалыптасты. Олардың бұл ауқымды аймақтағы саясаты өзгере қоймайды. Басты мақсаты осы аймақтағы елдермен экономикалық, саяси және әскери ынтымақтастықты барынша да­мыта отырып, Қытайдың Үнді-Тынық мұхит аймағындағы геосаяси және геоэкономикалық ықпалын кеңейту саясатына қарсы тосқауыл қою. Міне, бұған қарағанда елшілердің келуі, министрлердің кездесуі секілді қысқа мерзімді жылымықтар болуы мүмкін, бірақ түбегейлі оң бағытқа қарай өзге­реді деп айту қиын. Бұл ретте Қытайдың қандай талпынысы бар, соған да назар салып қарау керек.


Ал Үнді-Тынық мұхитындағы сауда, энергетика жолдарының қысылуы міндетті түрде Қытайдың Қазақстан, Орта Азия арқылы өтетін тасымал дәліздеріне деген қажеттілігін арттырады. Пәкістан арқылы Парсы шығана­ғына шығатын дәлізі әлі жүзеге аса қойған жоқ, Малакка бұғазына Мьянма арқылы өте алатын жаңа жобасы ондағы әскери төңкеріске байланысты қауіпке тап болды. Ресей–Украина соғысы да Қытайдың Еуропаға сауда жо­лын буып отыр. Осының бәрі Еуропамен болған тауар тасымалында Орта Азияға көбірек көңіл бөлуге итермелеп отыр».


Бұдан бөлек, ол алпауыт елдердің арасындағы сауда-экономикалық қай­шылықтың бізге тікелей әсері етуі сауда соғысы кезінде анық көрінгенін алға тартады. «АҚШ-тан Қытайға экспортталатын ауылшаруашылық өнімдеріне тарифтер күшейген кезде, бұл өнімдерді Орта Азия елдерінің Қытайға экс­порттауы күшейген болатын. Бұл ұзақ уақытқа жалғаса ма, жоқ па, оған бірде­ңе деу қиын. Бірақ осындай мүмкіндіктерді аймақ елдері барынша пайдаланып қалуы керек. Америка – Қытай сауда соғысы кезінде бұл орайды Өзбекстан жақсы пайдаланды. Өзбек тарапының Қытайға бағыттаған ауылшаруашылық дақылдары мен көкөніс, жеміс-жидектерінің көлемі зор көлемде артты. Керісінше, Қазақстан бұл мүмкіндікті жеткілікті деңгейде пайдалана алмады.


Сіздің реакцияңыз?
Ұнату
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

19:10

18:45

18:02

17:43

17:39

17:31

17:20

17:17

17:05

16:54

16:41

16:15

16:05

15:56

15:39

15:21

15:14

14:45

14:40

14:34

14:07

13:47

13:30

12:58

12:32