Бардың малын шашатын...

Бардың малын шашатын... интернеттен

Торқалы тойда қуаныштың шашбауын көтеріп өзгенің мейрамын өз тойынан кем көрмейтін қазақ топырақты өлімде де тік тұрып қызмет етуді борыш санайды. Тойға жарасымды деп соңғы уақытта түрлі ерсі қылық пен ойдан шығарған дәстүрді тықпалайтын жұрт қазалы үйді де «аямайтын» болған. Еліміздің аймақтық ерекшеліктеріне сай, әр өңірдің өз «салты» бары белгілі. Кісі қайтыс болған үйде қазан көтерілмейтінін, дастарқанды қарапайым етіп жаю керектігін ескертіп жүрген молдалар да бар, бірақ қалыптасқан әдет бойынша үстелді қайыстырып тағам қою, кілем таратып, жыртыс бөлу әлі қалған емес.

Осы туралы жасы сексенге таяған кейуананың ойын сұрап едік.

«Тойдың салтанатынан кем қылмай дастарқан дайындайтынымыз да, жыртыс-шүберекке таласатынымыз да бар, салт-дәстүр, жоралғы дейміз ғой, осының қалмай келе жатқаны бәрімізді ойлантады, «төрінен көрі жуық» жаста отырған өзіміздің ертеңіміз не боларын білмейміз. Осы жасыма келгенше біраз жердің той-томалағы мен өлім-жітіміне куә болдым, «әр елдің салты басқа» демекші, Қызылордадағы құдамыздың қазасына барғанда бас-басымызға кілем таратқаны тіпті таңғалдырды, ол жақтың салты солай екен. Шымкент жақтың өлік жөнелтуін де көрдім, олар жерге шүберек дастарқан жайып, барынша қарапайым жасауға тырысады екен. Қазір молдалар қазалы үйге келгенде «қатты жыламаңдар, дастарқанды толтырып жасамаңдар» деп ескертіп айтып-ақ жүр, бірақ үйреніп қалған жұрт тоқтай алмай жатыр, мұны ел болып реттеу керек шығар, ертеңгі күні өз бала-шағамыздың басына да осы күн туады ғой деп, барынша әдептен аспаңдар, жұрттан озбаңдар деп отырамын, Алла біледі ғой алдағыны», деді Сарқыт Оңдасынқызы.

Қазақ қайтыс болған адамды жөнелтудің оңай еместігін бұрын да айтып кеткен, қазір тіпті күрделеніп кеткен сияқты. Жақында бір жаназаға барғанда екі кісінің әңгімесін естідім, ұққаным, Алматының бір жерінде зират салатын орын 8 миллион теңгеден сатылып жатыр, оны да таныс арқылы алып жатқан бар екен. «Өлгесін қайда жатқаның бәрібір емес пе, үй салатын жер алмаймын ба ол ақшаға» деді тыңдап тұрған бір кісі. Расымен қазір бейіт салатын жер де, зираттың көлемі де әл-ауқаттың өлшемі болып бара жатқаны жасырын емес. Кейбіреулер зәулім зират соғу мен аста-төк дастарқанды жақындарының марқұмға деген құрметі деп бағамдайды. Алайда ол құрмет діни талаптардың шегінен шықса, керісінше жағдайға соқтырмай ма? Осы сұрақтарымызға жауап берген ҚМДБ «Qamqor-Sharapat» орталығының басшысы Мейрамбек Рсымов былай деді:

Қазақстан Мұсылмандары Діни Басқармасының (ҚМДБ) Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының бастамасымен 2020 жылы «Ғұламалар кеңесі» жаназа және жерлеу рәсімдерінде, зират көтеруде, сондай-ақ құдайы ас-жиындарда ысырап пен бәсекелестіктің алдын алу мақсатында «Зират және зиарат мәдениеті», «Ас беру мәдениеті» концептуалды құжаттар қабылдады.

Сонымен бірге ҚМДБ жанынан «QAMQOR-SHARAPAT» салттық қызмет көрсету орталығы құрылып, марқұмды соңғы сапарына рәсіммен шығарып салу бойынша бірізді қызмет атқаруда. Орталық төмендегі қызметтерді көрсетеді:

         •        марқұмды жаназаға дейін тоңазытқышта сақтау;

         •        шариғат талабымен жуындыру-кебіндеу;

         •        жаназа намазын оқу;

         •        тасымалдау (авто және авиа);

         •        қабір қазу және жерлеу;

         •        бірыңғай стандартпен зират құрылысын салу;

         •        Құран бағыштау мен бата жасау.

Халық сұранысына байланысты Орталықтың бөлімшелері ел аумағындағы бірнеше мешіттердің жанынан ашылып, тәулік бойы қызмет көрсетуде. Жергілікті зират әкімшіліктері Орталыққа арнайы жер-секторлар бөліп, бірізділік енгізуге қолдау білдіруде.

Зираттарды цифрландыру – замана талабы

«ҚазАэроСпейс» және «Жеті Ата» ІТ компанияларымен бірлескен меморандум аясында зираттарды цифрландыру жобасы жүзеге асуда. Жоба қабірлерді GPS арқылы картаға енгізу, марқұм туралы деректерді электронды базаға тіркеу және QR-код арқылы ақпарат ұсыну мүмкіндігін қамтиды. Бұл:

         1.      тарихи мұраны сақтау;

         2.      іздеуді жеңілдету;

         3.      күтімді бақылау;

         4.      рухани-танымдық жұмыстарды дамыту;

         5.      заңсыз жерлеудің алдын алу және ашықтықты қамтамасыз ету секілді артықшылықтарға ие.

Құдайы ас мәдениеті

ҚМДБ-ның «Жаназа және жерлеу рәсімдері» кітабында құдайы ас — шариғат бойынша міндетті амал еместігі, ол жасалмаса күнә болмайтыны нақты көрсетілген. Астың мақсаты - Алланың разылығы, марқұмға дұға және Құран бағыштау.

ҚМДБ қабылдаған «Ас беру мәдениеті» құжатындағы негізгі 7 ұстаным:

         1.      Шынайы ниет

         2.      Құдайы асқа жиналу

         3.      Құран оқу, бата беру, дұға жасау

         4.      Ысырапқа жол бермеу

         5.      Уағыз-насихат айту

         6.      Марқұмды еске алу және қаралы отбасын жұбату

         7.      Қарапайымдылықты сақтау

Ысырапқа жол бермеу – басты талап. Қымбат дастархан, бәсекеге түсу, көп қаржы жұмсау – шариғатқа да, мәдениеттілікке де сай емес. Астың ең дұрыс үлгісі – қарапайым дастархан, дұға, Құран және марқұмды еске алу. Жетім-жесірлерге көмектесу, садақа беру, ағаш егу, қайырымдылық жасау –әлдеқайда сауапты амалдар.

Неліктен ысырапқа барамыз?

         «Ел не дейді?» деген қоғамдық қысым

         Басқа отбасылармен салыстыру

         Діни білімнің жеткіліксіздігі

Ислам бойынша марқұмға ең пайдалысы – дұға, садақа және жақсы амал. Кең дастархан мен сән-салтанат марқұм алдындағы міндет емес.

ҚМДБ-ның негізгі ұстанымы – дәстүрді сақтау, бірақ ысырапсыз және шариғатқа сай орындау.

Қарапайымдылық – шынайы мәдениеттің белгісі.

Марқұмның рухына құрмет ең алдымен  дұға, бата және сауапты амалдар арқылы көрінеді.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

11:23

11:19

11:15

10:54

10:35

10:25

10:05

09:50

09:40

09:25

09:20

09:10

08:55

08:30

17:53

17:32

17:06

16:43

16:27

15:58

15:49

15:41

15:35

15:29

15:12