Жұрттың баласы мен оның ақшасы.
Тура біз сияқты мұнай сататын Әзірбайжан 2015 жылдан бері бір АҚШ доллары 1,7 манатқа тең бағамды ұстап келеді. Және The Economist Group болжауынша осы паритет 2029 жылға дейін тұрақты сақталуы тиіс. Яғни манаттың долларға шаққандағы бағамы 14 жыл бойы өзгермейді. Экономика мен экспорт құрылымы бізге ұқсас Әзірбайжан қалайша ұлттық валюта тұрақтылығын қамтамасыз етті? Және осы тұрақтылықтың бағасы қандай?
Теңге неге манат сияқты болмады? Және неге бола алмайды? Неге біздің теңге кез-келген әлемдегі жағдайға тым сезімтал? Осыған асықпай жауап іздесек, көп процесс сізге түсінікті бола бастайды.
Ашық мойындау керек, өз валютамызға қиянат көрсеткен кездеріміз аз болмады. Сондықтан барлығын әлемдік нарықтар мен сыртқы құбылыстарға ғана байланыстырып оқырманды алдағым келмейді. Теңге тамырына жеке мүдде жолында іштен балта шапқандар да кездесті. «Кейінгі Назарбаев» дәуірінде, яғни 2010-2015 жылдары біз үлкен қателіктер жібердік. Қазіргі тұрғыдан алғанда монетарлы қателік деп айтамыз ғой, бірақ ол кезде Назарбаевқа жақын олигархтық топтар жоғары билікті теңге девальвациясына мәжбүрлеп, содан үлкен дивидендтер алғаны жасырын емес. Мұнай, газ, метал, көмір экспорттаған ірі қаржылық топтар валюталық түсімді өзара келісіп шоғырландырып алды да, түнде үлкен кабинетке кіріп шығып, теңгені қолдан құлдыратып, артынан біршама доллар сатып, банктердегі теңгелік кредиттерін, кәсіпорындар қарыздарын, жұмысшылар айлығы сынды барлық мәселелерін шешіп тастады. Шамамен 17 адам керемет дивиденд алды, ал 19 миллион Қазақстан халқы бір сәтте 80 пайызға кедей бола түсті. Бір жауапты тұлғаның "девальвация туралы өзім жаңа ғана білдім" деп қатыратыны да осы кез. Теңге 2014 жылдың басында 20 пайызға, одан еркін айналымға кеткеннен кейін тағы 30 пайызға құлдырады.
Осы кезде экономиканы саясат белден басып, тағы үлкен қателік жасадық. Теңгені еркін айналымға жібергеннен кейін оның толық фундаменталды нарықтық деңгейіне құлап бітуін күту керек еді. Сол кезде 400-ге құласа да, қазанның түбіне жетіп, өзі тоқтап, ары қарай толық нарықтың қолына өтіп кетер еді. Оған саяси батылдық жетпей, 2015 жылдың сәуірінде өткен Назарбаевтың кезектен тыс сайлауының алдында халықты дүрліктірмес үшін 2014 жылдың күзінен 2015 жылдың көктемі аралығында теңгені ұстап тұру үшін резервтен 20 миллиард доллардан астам валюта жағылып кетті. Сайлау өткеннен кейін бір ай болмай жатып, теңге бәрібір құлады. Біз болмайтын жерде резервтен айрылдық.
Қазір осы артық 20 миллиард доллар екі жылдың бюджеттік дефицитін жабуға оңай жетер еді.
Сондықтан теңгенің қазіргі проблемаларының 30 пайызы өткен дәуірдің қателігі. Ол бүкіл экономикалық агенттердің (компаниялар, инвесторлар, халық, тб.) теңгеден қорқып қалуына, оған сенімсіздікпен қарауына алып келді. Қит етсе валюта айырбастау бекетіне жүгіру, ұзақ позициядағы капиталды теңгеде ұстамау, теңгені тек қысқа шорттарда қолдану әдеті осыдан пайда болды. Біз мұнын зардабын әлі ұзақ уақыт тартатын боламыз.
Тым көп әріптер жазып кеттім. Сонымен, экономикалық құрылымы бізге ұқсас Әзірбайжан манатының бағамы неге өзгермейді? Ал теңге неге "фигаро анда, фигаро мында" дегендей күнде құбылатын болған?
2014 жылы Қазақстан да, Әзірбайжан да өз валюталарын девальвациялап, еркін айналымға жіберді. Бірақ осыдан кейін екі елдің орталық банкі монетарлы режимнің екі бағытын таңдады.
Әзірбайжан "курс таргеті" саясатын таңдады. Яғни манат бағамын Әзірбайжан Орталық банкі белгілі бір нақты коридорда ұстап отырады. Қазір ол бір долларға 1,7 манат. Сонғы жылдары бағамды осы коридорда ұстап отыру үшін Орталық банк шамамен жылына 2 миллиард доллар шығындап келеді. Бірақ егер мұнай бағасы барреліне 60 доллардан арзандап кетсе, онда төлем балансының профициті нашарлап, интервенцияға қажет қаржы 3 миллиард долларға дейін артуы мүмкін.
Баку қор биржасындағы доллар/манат жұбын алып қарасақ, 2023 жылы биржада 1,5 миллиард доллар сатылған. Әзірбайжан манат курсына төлем балансы салмақ салмауы үшін сыртқы қарызды азайтып, оны ішкі жалпы өнімнің 7,5 пайызы деңгейіне дейін түсірді.
Қазақстан өз кезегінде "инфляцияны таргеттеу" режимін құп көрген. Яғни Орталық банк инфляцияны белгілі бір деңгейде ұстауға тырысады. Барлық күш инфляциямен күресуге бағытталады. Оның басты құралы - базалық ставка.
Ал теңге курсын анықтау Қазақстан қор биржасындағы нарықтық сауда-саттыққа жүктелді. Шок болмаса реттеуші валюта нарығына араласпайды. Бірақ кез-келген уақытта интервенция жасауға құқығы бар.
Ал біз неге Әзірбайжан сияқты теңгенің курсын тұрақты ұстамаймыз? Дәл осы кезде масштаб проблемасына кезігеміз.
2023 жылы Баку қор биржасындағы валюталық сауда-саттық көлемі 3 миллиард доллар шамасында болды. Ал біздің биржаның валюталық саудасы былтыр 820 миллиард доллардан асқан. Осы кезде Әзірбайжан үшін манат курсын ұстауға жылына 2 миллиард доллар жетіп жатыр. Ал бізге 400 теңге курсын сақтауға кемінде жылына 57 миллиард доллар қажет. Біздің таза валюталық резервтеріміз 105 миллиард доллар екенін ескерсек, "курс таргеті" режимінде Қазақстанның күші тек екі жылға әрең жетеді. Одан кейін Ұлттық қорсыз және алтын-валюта қорынсыз тұл жалаңаш қаламыз.
Әзірбайжанның резерві 70 миллиард доллар. Олар еш қиналмай манат курсын 35 жыл бойы ұстап тұра алады.
Осы жерде неге теңге мен валюталар арасындағы сауда жылына 820 миллиард доллар, ал манат саудасы бар-жоғы 3 миллиард деген сұрақ пайда болады.