Әр тамыз бен қыркүйекте Қазақстанда жалға беру нарығы жанданады, себебі жан-жақтан мыңдаған студент ірі қалалардағы жоғары оқу орны мен колледжде білім алу үшін көшіп келеді.
Студенттерге арзан пәтерді қалай табуға болады?
Арзан пәтерге бәсеке артады, ал тұрғын үй нарығына енді келгендерде арзан баспананы қайдан іздеу керек, алаяқтарға қалай алданбау керек және жалға алу келісімшартында не болуға тиіс деген көптеген сұрақ туындайды.
Жатақхана барлығына жетпейді
Krisha.kz жылжымайтын мүлік сату бөлімінің жетекшісі Имран Османовтың айтуынша, әсіресе Алматыда студенттер тарапынан сұраныс үнемі жоғары.
– Жыл сайын Алматының өзіне шамамен 200 мың студент келеді, олардың 120–140 мыңы аймақтардан келген. Көбі жатақханада тұрады, бірақ кейбірі жалдамалы пәтерде өздері немесе достарымен бірге тұруды жөн көреді, – дейді ол.
Ғылым және жоғары білім министрлігінің мәліметінше, Алматыда студенттерге жатақханада шамамен 10 мың орын жетпейді. Астана мен басқа қалаларда орын жеткілікті.
Студент баспананы қайдан іздеуі керек?
Көбі университетке жақын жерде тұруды қалайды, бірақ жоғары оқу орындарының жанындағы баспана бәріне бірдей қолжетімді емес.
Кейде сәл алыста тұрған пәтерді жалдаған тиімдірек, алайда бұл жағдайда мынаны ескерген жөн:
Қоғамдық көлік – автобус, метро немесе жедел бағыттар желісі жолға кететін уақытты қысқартады, таңдауға болатын аудандар көбейеді.
Инфрақұрылым – маңайдағы дүкен, дәріхана, дәмхана мен спортзал уақыт пен қаражатты үнемдейді.
Қауіпсіз аудан – үйге кеш қайтатындар үшін маңызды.
Алматыдағы студенттер үшін қолайлы аудандар
Алматыда студент Тастақ, Сайран, Саяхат және Шұғыла ықшамаудандарын қарастырғаны жөн.
– Мұнда метро жақын, қоғамдық көлік қозғалысы ыңғайлы және бағалар қолжетімді, – дейді Имран Османов.
Сондай-ақ маман Әуезов ауданындағы цифрлы ықшамаудандарды, Таугүл мен Жетісу-1,2,3 ықшамаудандарын қарастыруға кеңес береді. Бұл – аймақтар «Момышұлы», «Сарыарқа» және «Москва» метро станцияларының маңында болғандықтан, университетке қатынауға көп уақыт кетпейді.
Тағы бір лайфхак: бірінші немесе соңғы қабаттағы пәтерді іздеңіз. Олар арзан болады, жайлылығы бойынша аса айырмашылық жоқ.
Жалға алу құны
Мысалы, Байтұрсынұлы мен Сәтбаев көшелерінің қиылысында орналасқан, бірнеше оқу орны бар ауданды алсақ, онда 1 бөлмелі пәтерді жалға алу бағасы айына 300–350 мың теңгеден басталады, ал 2–3 бөлмелі пәтердің құны орта есеппен 600–700 мың теңге тұрады.
Бағаларды салыстырайық:
Әуезов ауданында, сарапшы атаған ықшамаудандарда пәтер жалдау құны едәуір төмен. Оның үстіне, студент метромен бар-жоғы 4–5 станция жүреді, шамамен 15 минут:
1 бөлмелі – 120–200 мың тг;
2 бөлмелі – 200–250 мың тг;
3 бөлмелі – 300–350 мың тг айына.
Қалай үнемдеуге болады?
Баспананы анағұрлым арзанға жалдаудың тағы бірнеше жолы бар.
Жалға бөлме алу – пәтердегі бір бөлмені жалға алуға болады. Кемшілігі – асүй мен жуынатын бөлме ортақ, бірақ жеке пәтер жалдағаннан әлдеқайда арзан. Коммуналдық төлем де өзге тұрғындар арасында бөлінеді.
Алматыда бөлмені бір айға жалға алу құны орта есеппен 60 мың теңгеден басталады.
Бөліп жалға алу – пәтерді екі-үш адам бірігіп жалдап, жалға алу ақысын бөліп төлейді.
Мысалы, 250 мың теңгелік пәтерді екі адам жалдаса, әрқайсысы шамамен 120 мың теңгеден төлейді.
Егер біреуге қосылып тұратын болсаңыз, жалға алу келісімшартын міндетті түрде қарап шығыңыз. Онда қосымша адам кіргізуге немесе қосалқы жалгерлікке (мысалы, пәтерді өзіңіз жалдап жүріп, кейін басқа адамды қосуды ұйғарсаңыз) тыйым салатын тармақ бар-жоғын тексеріңіз.
Бастапқыда пәтерді екі немесе үш адам бірігіп жалдайтын болсаңыз, жалға алу келісімшартын дұрыс жасап, онда тұратын адамдардың нақты санын көрсетіңіз.
Алаяқтарға алданып қалмау жолдары
Көрмей тұрып төлем жасамаңыз – пәтерді көрмей және жалға берушінің құжаттарын тексермей тұрып, ешқандай алдын ала төлем немесе брондау үшін ақша жібермеңіз.
Жалға берушінің жеке басын міндетті түрде тексеріңіз. Пәтер иесінің шынымен өзі екеніне көз жеткізіңіз. Оның жеке куәлігін және пәтерге меншік құқығы тіркелгені жөніндегі анықтаманы көрсетуін сұраңыз (оны телефон арқылы онлайн алуға болады, 5 минутта дайын болады).
Немесе деректерді пәтерге қатысты меншік құқығын растайтын құжатпен, мысалы, сатып алу-сату келісімшартындағы мәліметтермен салыстырыңыз. Онда меншік иесі көрсетіледі.
Жалға алу келісімшартын жасаңыз – ол сіздің құқығыңызды қорғайды. Келісімшартты тек пәтер иесімен жасап, жалға алу ақысын тек соның атына аударыңыз немесе қолма-қол беріңіз.
Келісімшартта нені көрсету керек:
Жалға алу ақысының мөлшері.
Төлем мерзімі (мысалы, әр айдың 30-ына дейін).
Жалға алу және келісімшарт мерзімі.
Тұратын адамдардың саны.
Пәтерде темекі шегуге, жөндеу жұмыстарын жүргізуге, жиһазды ауыстыруға бола ма, жоқ па деген шарттар.
Дайын жалға алу келісімшартының үлгісін Krisha.kz-тен тегін жүктеп алуға болады. Оны заңгерлер жасаған және жалға алушыға төнетін негізгі қауіптер ескерілген.