Қазақстанда ресми тіркелген қайырымдылық ұйымдарының саны бүгінде 1372-ге жеткен. Бұл қатарда қорлар да, қоғамдық бірлестіктер де, заңды тұлғалар бірлестіктері де бар. Қарапайым халық қалтасынан жырып беретін қайырымдылық қаражаттары жиналатын қорлар туралы не белгілі? Жұрт білмейтін деректер бар ма Аqshamnews.kz тілшісі ресми сауал жолдап, осы мәселе төңірегінде Әділет министрлігінен ресми жауап алды.
Қорларды кім бақылайды?
Жоғарыда аталған 1400-ге жуық қордың нақты қайсысы білім, мәдениет немесе діни бағытта жұмыс істейтіні жөнінде мемлекеттік статистика жүргізілмейді екен. Мұны Әділет министрлігі мәлімдеді. Себебі заң бойынша қайырымдылық ұйымдары нақты салаға бөлінбейді. Олардың барлығы әлеуметтік және қоғамдық пайдалы мақсатты көздейтін ұйым.
Сондай-ақ қызығы, қайырымдылық қорларының қызметін тікелей қадағалайтын арнайы орган жоқ. Әділет министрлігі заң бойынша уәкілетті орган саналғанымен, оның функциясы бақылау емес, ынталандыру. Яғни министрлік қайырымдылық мәдениетін дамытуға, азаматтарды қолдауға бағытталған.
Ал қадағалау мәселесі басқа құрылымдардың құзыретінде:
-
құқық қорғау органдары заң бұзушылықтарды тексереді;
-
салық органдары қаржылық тәртіпті бақылайды;
-
қаржы аударымдары кезінде қаржылық мониторинг заңдары қолданылады.
Бұл ретте "Мемлекет қайырымдылық істеріне араласпайды" деген қағида қатаң сақталады.
"Қайырымдылық ұйымы жылына бір рет есеп беруге міндетті"
Қазақстан Республикасының 2015 жылғы 16 қарашадағы № 402-V "Қайырымдылық туралы" заңына сәйкес, әрбір қайырымдылық ұйымы жылына кемінде бір рет өз қызметі туралы есеп жариялауға міндетті. Бұл есепті ұйым өз сайтында немесе бұқаралық ақпарат құралдарында жариялай алады.
"Сонымен бірге, барлық үкіметтік емес ұйымдар жыл сайын 31 наурызға дейін "ҮЕҰ дерекқоры" жүйесіне ресми есеп тапсыруға тиіс. Бірақ "Қоғамдық бақылау туралы" заң бойынша, қайырымдылық ұйымдары қоғамдық бақылауға жатпайды. Бұл – ашықтықты қамтамасыз ету тұрғысынан кейбір сарапшылар жиі көтеретін мәселе" делінген ведомство жауабында.
Қордағы артылған қаржы қайда жұмсалады?
Министрлік, ата-аналардың өз баласының емі үшін жеке парақша ашып, қаражат жинауын заң жүзінде қайырымдылық ұйымдарының қызметіне жататынын жазды.
"ҚР "Қайырымдылық туралы" Заңының 1-бабы, 6-тармақшасына сәйкес игерілмеген қаржы қалдығы болған жағдайда, аталған қаржыны қайырымдылық бағдарламасына сәйкес келетін басқа азаматқа қолдануы мүмкіндігі бар" деп жауап берді министрлік.
Қазақстандық қорлар қаражатын шетелге жібере ала ма?
Қазақстандық қорлардың қаражатын шетелге жіберу заңды, бірақ ол үшін валюталық заңнама мен қаржылық мониторинг талаптары сақталуы керек. Министрлік террористік ұйымдарға қаражат аударуға қатаң тыйым салынғанын атап өтті. Мұндай жағдайлар болса, оларды анықтау мен қудалау тек құқық қорғау органдарының құзырында болады.
Сондай-ақ, алдағы уақытта Әділет министрлігі жанынан арнайы жұмыс тобы құрылып, қайырымдылық саласындағы заңнаманы жетілдіруді қарастырып жатыр. Жаңа өзгерістердің басты мақсаты – қорлардың ашықтығын, жариялылығын және жауапкершілігін арттыру.
Еске салайық, қазір қоғамда Перизат Қайрат ісі талқыланып жатыр.
Перизат Қайрат - Biz Birgemiz Qazaqstan қайырымдылық қорының төрайымы, Қазақстандағы белсенді еріктілер қозғалысының жетекшісі ретінде танымал. Ол су тасқынынан зардап шеккендерге көмек көрсету, Газа секторындағы гуманитарлық миссиялар және басқа да қайырымдылық шараларымен айналысып, қоғамда беделге ие болды.
2024 жылы 14 қарашада Қаржылық мониторинг агенттігі Перизат Қайрат 1,5 миллиардты жымқырды деген күдікке ілінгенін хабарлады.
Сонымен қатар ол 2023 жылғы қарашада Палестина тұрғындарына гуманитарлық көмек көрсету үшін қаражат жинап, оның 200 миллионын қалтасына басқан деген күдікке ілінді. ҚМА дерегінше, 2023 жылғы желтоқсанда осы ақша есебінен Перизат Қайрат Sensata Plaza элиталық кешенінен 49 миллион теңгеге үш бөлмелі пәтер және 30 миллион теңгеге Mercedes-Benz EQE 500 4 Matic жаңа көлігін сатып алған.
2024 жылы 16 қарашада Астана қаласының тергеу соты Перизат Қайрат 2 айға қамауға алынғанын хабарлады.
2024 жылы 13 желтоқсанда Перизат Қайраттың элиталық пәтерлері, қымбат көліктері бұғатталды. Сондай-ақ Перизат Қайраттың тұрғылықты жерін тінту барысында қайырымдылыққа жиналған қаражатқа сатып алынған қымбат техника, Cartier, Graff, Rolex, Bulgari, Gucci, Louis Vuitton, Versace, Chopard, Hermes, Dolce & Gabbana, Prada және т. б. сияқты танымал әлемдік брендтердің киімдері, аяқкиімі, зергерлік бұйымдары, сөмкелері тәркіленді.
Бұдан бөлек, Ұлының еміне халықтан ақша жинап, оны құмар ойынға құртып жүрген Тотақановтарға қатысты қылмыстық іс қозғалды. Ерлі-зайыпты қайырымдылық желеуімен жұрттан жинаған миллиард 300 млн теңгені өз қажетіне жұмсаған.