Қазір елімізде қанты көп сусындарды тұтынудың салдарынан қант диабеті, семіздік және жүрек-қан тамыры аурулары көбейіп барады. Мәселен, тек қант диабетіне шалдыққандар соңғы бес жылда 31 пайызға өсіп, 400 мыңға жуықтады. Егер бұлай жалғаса берсе, 2030 жылға қарай науқас саны 1 млн-нан асады деп болжап отыр мамандар.
Тәтті, газдалған, энергетикалық сусындар, шырындар мен салқындатылған тәтті шайларды көп тұтынудың салдарынан балалардың тісі шіріп, семіздік белең алып барады. Елдегі 6 млн баланың 3,2 пайызы семіздікке шалдыққан. Халықтың 20 пайызы артық салмақпен күресіп әлек. Соңғы 5 жылда жүрек-қан тамырлары аурулары 16 пайызға өскен. Денсаулық сақтау министрлігі салықты көбейтіп, қолжетімді тауарды қымбаттатқанда ғана тұтыну азаяды деген үмітте. Сол себепті, «Дені сау ұлт» бағдарламасы аясында 2025 жылға дейін салықты 45 пайызға көтеруді ұсынып отыр.
Семіздікке ұшыратады
Қазір көшеге шықсаңыз, екінің бірінің қолынан кока-кола немесе газдалған сусын көресіз. Олардың жарнамалары да самсап тұр. Бірақ олардың ағзаға тигізер зиянына көпшілік мән бермейді.
Газдалған сусындардың көбінің құрамында калория бар. Калориясы, соның ішінде қант құрамы жоғары тағам және сусын өнімдері салмақтың артуына, семіздікке ұшыратады. Коланың бір құтысы жарты келі салмақ қосуға сеп. Яғни газдалған сусындарды жиі пайдалану семіздікке душар етеді. Екіншіден, мұндай сусын тістеріңізді құртады.
Газдалған сусындардың құрамындағы көп мөлшердегі қант пен қышқылдар тіс эмалін бұзады. Әрі қарай басқа да тіс аурулары пайда болады. Үшіншіден, бұл бүйрекке де зақым келтіреді. Газды сусындардың құрамында фосфор қышқылы өте көп. Ол бүйректе тас жиналуға себепкер. Төртіншіден, жүрек-қан тамырлары жүйесінің жұмысына да кері әсер етеді. Яғни 1 құты газды тәтті сусын инфарктың пайда болу қаупін 20 пайызға арттырады.
Сондай-ақ, жүрек жұмысына, қан қысымына кері әсер етеді. Бесіншіден, фосфор қышқылы ағзадан кальций, магний, тағы басқа ағзаға қажетті минералдарды жуып тастайтындықтан, адамның сүйегі әлсіз, сынғыш келеді. Артрит, остеопорозға шалдығуы әбден мүмкін. Алтыншыдан, газды сулардың құрамында бисфенол-А деген компонент болады. Ол обыр ауруларының пайда болуына басты себепші. Сонымен қатар, репродуктивті функцияның бұзылуына апарып соғады.
Бұрынғы лимонадқа жетпейді
Алматының көшелерінде әйгілі ертегі кейіпкерлерін бейнелейтін жарнама қаптап кетті. Көрсеқұмар бала дүкенге барса, сүйікті кейіпкері құшақтаған тәтті суға жармассын дегені. Бірақ осы жарнаманы көрген сайын балалық шағы кеңес дәуірінде өткендер қоңыр шөлмектегі 10 теңгелік лимонадты тамсана еске алады. Шынын айту керек, ол кездегі тәтті суды қазіргісімен салыстыра алмайсың. Дәмі де, құрамы да басқа. Сақтау мерзімі жеті күннен аспайтын. Шыны шөлмек деген келмеске кеткен. Ал бұрынғы лимонадты шығарайын десе, отандық компаниялар сусын дәмін қалпына келтіре алмай жүр. Мамандардың пікірінше, бұл нарық әлі толық дамымаған. Егер келешекте маркетингін дұрыс ұйымдастыра алса, жаңа ойыншы кәсібін дөңгелетіп әкетер еді.
Кезінде октябряттар мен пионерлердің сүйікті сусынына айналған лимонадты келе-келе капиталистік сусындар – пепси мен кола алмастырды. Сарапшылардың пікірінше, осы екі сусын отандық нарықтың 65 пайызын бөліп алған көрінеді. Мұндай нәтижеге трансұлттық корпорациялардың маркетингтік құрылымдарының көп жылдық тәжірибесі ықпал еткенге ұқсайды.
Сарапшылардың айтуынша, еліміздегі алкогольсіз сусындар нарығы – экономиканың қарқынды дамып келе жатқан бөліктерінің бірі. Сусын саудасы қыста да тұралап қалмайды. Түрі де көп. Газды сусын нарығы жылына 1,300 млн литр деп бағаланып, жыл сайын шамамен 5 пайызға өсіп келеді. Тұтынушы кез келгенін дәміне қарай, бояуы бар, бояуы жоқ, дәрумені мен минералы бар деп таңдай алады. Одан басқа нарықта функционалдық-энергетикалық, спорттық, т.с.с. сусындар пайда болған.
Ерте қартаюға әкеліп соғады
Бұл пікірді Қазақ тағамтану академиясының қызметкерлері де құптайды. Олардың айтуынша, бұл сусын адамды алкоголь мен есірткі секілді өзіне тәуелді етеді. Тіпті бұл ғылыми түрде дәлелденген. Оның құрамында кофеин, эфедрин, адреналин мен никотин қышқылы, басқа да синтетикалық қоспалар асқазанда жара пайда болуына, жүрек-қан тамырларының тарылып, жүйкенің жансыздануына, бүйрек жұмысының бұзылып, мидың әлсіреуіне әкеліп соғады екен.
Сонымен қатар, ағзадағы өмір бойына жететін энергия мен күш- қуатты тез арада сыртқа айдап шығаруға бағытталған сусын адамның күш-қуатын сарқа тауысып, әлсіздікке ұшыратып, тез қартаюға себеп болады. Сондықтан Қазақ тағамтану академиясының мамандары энергетикалық сусындардың бір бөлігін дәріханаларда және керек болған жағдайда ғана белгілі бір мөлшермен сату керек деп есептейді.
Қалай десек те, бұл сусындардың қауіпті екендігін дәрігерлер баса айтып отыр. Енді халықтың өзі осыдан тиісті қорытынды шығарса дұрыс-ақ болар еді. Себебі, сусынның тым уыттылығы, шектен тыс газдалуы жас ұрпақтың өмірін қасіретке бастайды. Қасиетті Құран Кәрімде Алла Тағала: «Өз-өздеріңді өлтіруші болмаңдар, расында, Алла сендерге мейірімді» деген. Тіпті Имам Ибн Хәзм (р.а): «Денсаулыққа зияны тимейтін нәрселерді жеуге рұқсат етіледі, ал денсаулыққа зияны тиетін нәрселерді ішіп-жеуге тыйым салынады!» деген. Ендеше, адам денсаулығы қоғам үшін де, ел үшін де, тіпті тіпті әр адам үшін де өте маңызды. Ол Алланың адамзатқа берген зор аманаты. Ал аманатқа қиянат жасамау барша мұсылманның парызы екендігін еш ұмытпауымыз керек.
Тақырыпқа орай
Бақытжан ҚАЛМАХАНҰЛЫ, қала тұрғыны: Бұған тыйым салу үшін кешенді шаралар ұйымдастыру қажет
- Біз шетелдіктердің эксперимент жасайтын орталығына айналып кеткен жоқпыз ба деген ой туады кейде. Газдалған, энергетикалық сусындар, түрлі жеңіл есірткілер, алкоголь, темекі, қару-жарақ, интернет, еліктіретін құмар ойындардың қаптауы – барлығы солардың жасаған әрекеті тәрізді. Олар мұны әдейі жасай ма деген күдік те жоқ емес. Олар адамдардың саясатпен айналыспауы үшін тек күнкөріс қамымен жүргізіп, түрлі ауруларды қолдан таратады. Әлгі СПИД, құс, шошқа тұмауы деген секілді ауруларды, сонымен қатар газдалған тәтті, энергетикалық сусындар, жеңіл есірткілер сол шетелдің зертханаларында шығады. Оның үстіне, мұнда сол сусындардан үлкен пайда тауып отырған магнаттар бар. Оларға улы сусындарды таратуға шектеу қою тиімді емес. Сондықтан бұған тыйым салу үшін жан- жақты кешенді шаралар ұйымдастыруымыз керек.
Маман кеңесі
Гүлжан АМАНОВА, балалар дәрігері: Энергетикалық сусындар белсіздікке ұшыратады
Энергетикалық сусындар адам ағзасына өте қауіпті. Оны күнделікті пайдалануға болмайды. Егер адам оны жиі қолданса, оның жүйке жүйесінің қызметіне нұқсан келтіреді. Тіпті оны сырамен бірге ішсе, адамды бірден мас қылады. «Бұл сусындар бастапқыда спортпен шұғылданатын адамдарға белгілі бір күш-жігер қажет болғанда қолдануға ұсынылған болатын. Алайда, қазір мұны жастар да, мектеп оқушылары да жиі пайдаланып отыр. Энергетикалық сусындарды жиі пайдаланатын мектеп жасындағы балаларды тексеріп көретін болсақ, олардың бауыры 35 жастағы маскүнемнің бауырымен бірдей болып тұрады. Бұл улағыш сұйықтықты балалар көп ішсе, жастайынан түрлі ауруларға шалдыққыш болады. Жүрек дертіне, жүйке жүйесі, асқазан, бауыр, тіпті қатерлі ісікке ұласады.
Сондықтан мұндай сусындарды аяғы ауыр келіншектерге, балаларға, жасөспірімдерге, жүрек-қан тамырлары ауруларымен ауыратын адамдарға мүлдем пайдалануға болмайды. Тіпті, оны жастардың өзі көп ішсе, оның арты белсіздікке әкеп соқтыруы мүмкін. Сондықтан ұрпақ болашағын, ұлт келешегін ойласақ, мұндай сусындардың таралуына мүлдем тыйым салуымыз керек.