Тәуелсіздік алғаннан кейінгі алғашқы қабылданған заңда заңнамалық баптардың бәрі ашық жазылғанымен, алғашқы Президенттің лауазымы, міндеті, құзыреттілігі ол жерде көрсетілмеген еді. 1995 жылғы Ата Заңмен салыстырғанда үлкен айырмашылық бар. Маңызы – сонда. Биыл референдум өткені белгілі. Талқылау өтті деп есептеуге болады. Сол талқылау барысында 22 өзгеріс енгізіліп, маңыздысы – алғашқы Президенттің құзыретін алып тастау амалдары қарастырылды. Себебі, басқа мемлекеттерде мұндай баптар көрсетілмеген. Заңгерлер қатысып, өздерінің ұсыныстарын білдірді. Заңның кейбір түсініксіз тұстары референдумда ашық айтылып, өзгерістер енгізілгеніне толық көңілім толады. Бірақ айта кететін бір жайт бар. Ата Заңда әлі күнге дейін бұрынғы президенттің қолы тұр. Түбегейлі өзгеруі үшін Президенттің қолы да өзгеруге тиіс деп есептеймін. Яғни қазіргі Президент Қ.Ж.Тоқаевтың қолы тұруы керек.
Конституцияның тәуелсіздік үшін маңызын ең бірінші мемлекеттік тілден бастауымыз керек. Ұлттық мәні өте жоғары. Тарихи мағынасы бар. Тәуелсіздік біздің ұлттық бостандығымыз. Ол – саяси, шаруашылық, әлеуметтік жағынан мемлекеттік үрдісті сақтап қалу. Жалпылама тілде Конституция деп аталғанымен, біз «Ата Заң» деп атауымыз керек. Себебі, ол жерде ұлттық мағына бар. Біздің ұранымыз екенін білдіріп тұрады. Халықтың ар-ұжданы, намысы мен абыройы жатыр.
Маман ретінде зерттеуімше, Тәуелсіздік алған соңғы 30 жыл ішінде халықтың құқықтық сауаты өте төмен деңгейде және олар заңды білуге талпынбайды. Неге? Оған халықты кінәлауға болмайды. Біріншіден, бізде заң жерге жекеменшік құқық берілгендіктен азаматтар пендешілікпен өз басын ғана ойлап кетті. Көпшілігі заңның халық үшін ғана екеніне көңіл бөлмейді. Тек басына іс түскенде, шешімін табатын басқа жол жоқ кезде ғана заңды білуге амал жасайды. Ол – үлкен қателік. Екіншіден, заң баптарының қазақша нұсқасы түсініксіз жазылған. Тіпті заңгерлердің өзіне қиынға соғып жатады. Бізде заң бірінші орысша жазылады да, содан кейін барып қазақшаға аударғанда негізгі баптардың мән-мағынасы, құрылымы өзгеріп кетеді. Халықтың құқықтық сауатын ашу үшін осы бағытта тез арада әрекет жасауымыз керек. Осындай құқықтық тақырыптағы сұхбаттар көп болу керек деп есептеймін. Жалпы, заңгерлер халықпен жұмыс істемейді. Қызмет көрсетеді. Телеарналар мен газеттерде ашық сұхбат ретінде арнайы бағдарламалар көп болу керек. Оның бәрі халықтың құқықтық санасының қалыптасуына керек нәрсе. Заңсыздық болмай тұрып халық заң құзыретін білген жөн. Өкініштісі сол, бұл бағытта ешқандай құқық қорғау органдары айналысып жатқан жоқ. Бәрі болары болып, бояуы сіңгеннен кейін барып әрекет жасайды. Жазалауға ұмтылады. Құрту, жою, соттау жағына ғана бас қатырамыз.
Құқықтық мәселелерді зерттеуге және оны реттеуге, дұрыс қолданылуына бірден-бір жауапты тұлғалар – құқық қорғау органдары. Бүгінде олардың халықпен жұмыс істеуі өте төмен деңгейде. Президент Қ.Ж.Тоқаев халыққа бет бұру екенін айтып өтті. Құқық қорғау органдарының кейбірі – білімсіз. Тіпті ол нәрсе сот жүйесінде де бар. Қоғамдық қатынасты реттейтін қоғамдық бірлестіктердегі заңды тұлғалардың заңнамасын білмейтін соттар да бар. Референдумда Конституциялық сот құру туралы ұсыныс айтылып, бекітіліп, қабылданды. Оның құзыреті өте үлкен. Конституциялық сот – халықты қорғайтын сот.
1993 жылғы заңда Конституциялық сот туралы жазылған, ал 1995 жылғы заңда ол жоқ. Бірақ референдум туралы айтылады. Сонда референдумның қорытындысын кім қарайды? 1993 жылғы заңда Конституциялық сот, жоғары соттардың құзыреті және сот жүйесінің, құқық қорғау органдарының, прокуратураның, басқа да мемлекеттік мекемелердің құзыреті және олар халыққа қалай қызмет ету керектігі жақсы жазылған. Ал 1995 жылғы заңда жоқ екенін байқадық. Конституциялық сот болмаса, Жоғары сотқа дейін жеткен соттың үкімдері мен шешімдері ашық қалады. Конституциялық сот болғаны өте тиімді. 1 желтоқсан құрылады делінген. Мүмкін жаңа жылдан бастап Конституциялық сот құрылып қалар деген ойдамыз. Келесі жылы біздің сот жүйемізде өте көп өзгерістер болады.