Сайлау СОЛТАНҚҰЛОВ, Көктал ауылы ақсақалдар алқасының төрағасы:
Жаңа Қазақстаннан күтерім көп
Қазақстан өз дамуының жаңа кезеңіне қадам басқалы тұр. Тәуелсіздіктің төртінші онжылдығында тепе-теңдікті күшейту арқылы мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіру, елді одан әрі демократияландыру арқылы ашық әрі әділетті қоғам орнату, экономиканы дамыту және ұлттық байлықтың игілігін барлық азаматтар пайдаланатындай жетілген әлеуметтік-экономикалық жүйе қалыптастыру, ал ең бастысы, келер ұрпаққа өркениетті, іргесі берік, заманауи әрі озық мемлекетті мұра етіп қалдыру сынды ауқымды міндеттер тұр. Міне, саяси жүйеде жүргізілетін сол реформаларға берік құқықтық негіз жасау үшін Қазақстан Республикасының Конституциясының 33 бабына 56 өзгеріс енгізілгелі отыр. Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөніндегі республикалық референдум – еліміздің келешегін айқындайтын маңызды шара. Онда қабылданатын шешім әрбір азаматтың өміріне, тұрмыс сапасына және өзі мен ұрпағының келешегіне ықпал етері сөзсіз. Сондықтан референдумнан күтерім көп.
Асель РУЗИБАЙҚЫЗЫ, студент:
Іс жүзінде орындалса екен
Референдум туралы шешім өз уақытында қабылданды. Халық қуана қолдауда. Мемлекеттік Тілге басты басымдылық, ұлттық қауіпсіздіктің қорғалуына назар аударып, ұлттық өркениеттің Жаңа Қазақстанның ел сенімінен шығатын заң болады деп сенім артамыз. Естеріңізде болса, 1995 жылы қараша айында Қазақстанда «Республикалық референдум туралы» Конституциялық заң қабылданған болатын. Содан бері елде конституциялық түзетулерге қатысты халықтық референдум ұйымдастырылған жоқ. Ал референдум демократияның маңызды институты болып табылатыны әу бастан-ақ белгілі. Себебі, ондай шара кезінде, мемлекеттік маңызы бар мәселелерге қатысты тікелей бұқара халықтың пікірі міндетті түрде ескеріледі. Жаңа Қазақстан заңдарына да өзгерістер жаңаша толықтырылуы керек. Мен осы өзгерістердің іс жүзінде орындалғанын қалаймын.
Айгерім БЕКЖАНОВА, кәсіпкер:
ӘРБІР АЗАМАТТЫҢ БОРЫШЫ
Соңғы жылдары қоғам арасында күрмеуі шешілмей жатқан күрделі мәселелер көбейіп кетті. Сол себепті, Президент «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын алға қоя отырып, осындай маңызды шешім қабылдап отырғаны анық.
Бұл осы елдің азаматы ретінде бәрімізді қуантқаны рас. Бүгінгі таңда еліміз үлкен өзгерістер алдында тұр. Сондықтан 5 маусым күні әр қазақстандық өзінің жеке азаматтық борышын орындауға тиіс. Себебі, еліміздің болашағының дамуы тікелей осы референдумға байланысты болып отыр.
Президент халыққа барынша еркіндік беруді мақсат етіп отыр. Өзгерістер саяси жүйенің көптеген саласын қамтитын болады. Сондықтан еліміздегі елеулі оқиғаға бейжай қарамай белсенді қатысу – әрбір азаматтың борышы. Осы борыш орындалғаннан кейін бір күнде болмаса да, біраз уақыт өткен соң әділетті Қазақстанда өмір сүретініме сенемін!
Ердәулет ЕРАСЫЛОВ, механик:
ЖАҢАШЫЛДЫҚ ӘР КЕЗДЕ ДЕ КЕРЕК
Ата Заңымыздың бір емес, 33 бабына өзгеріс енгізілмек. Ол - Конституцияның үштен бір бөлігі. Осындай маңызды шешімді қабылдау құзыреті тек Парламент қабырғасында қалмай, халықтың қатыса алуы мемлекетіміз үшін өте мәртебелі қадам. Осы уақытқа дейін Мемлекет басшысы халық пен биліктің біріге жұмыс істеуінің маңызы туралы айтып келді. Алдағы референдум - осы сөздердің орындалуының жарқын көрінісі. Сонымен қатар, Конституцияның 6-бабында халық жер мен табиғи ресурстардың иесі деген норманы бекіту көзделуде. Айтылған заңнама қабылданатын болса, бұл халқымыз үшін игі жаңалық болмақ. Жаңашылдық әр кезде де керек. Конституцияға да заман талаптарына сай өзгеріс енгізуіміз дұрыс деп есептеймін. Мемлекет басшысы ұсынған түзетулер ел экономикасын және басқа да салаларын дамытуға үлес қосады деген үміт бар.