"Құнды заттар шетелге кетіп, "қара нарықта" сатылып жатыр". Аймағамбетов жаңа заң жобасын таныстырды

  • 10:44, 29 қазан 2025
"Құнды заттар шетелге кетіп, "қара нарықта" сатылып жатыр". Аймағамбетов жаңа заң жобасын таныстырды Видео кадры

Бүгін Мәжілісте тарихи-мәдени мұраны сақтау, қорғау және археология қызметін реттеу мәселелеріне арналған заң жобасы қаралды. Депутат Асхат Аймахамбетов өз баяндамасында бұл құжаттың Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық құрылтайда берген тапсырмаларын орындау мақсатында әзірленгенін атап өтті, - деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі. 

"Ұсынылған заң жобасы - Президент тапсырмасының нақты орындалуы. Бұл - депутаттар мен ғалымдардың бірлесіп жасаған ортақ еңбегі", - деді Аймахамбетов.

Депутаттың айтуынша, заң жобасы археология саласындағы қордаланған мәселелерді шешуге бағытталған. Ол бірнеше өзекті проблеманы және оларды реттеудің жаңа тетіктерін атап өтті.

Бірінші мәселе - лицензиялау жүйесінің тиімсіздігі

Депутаттың айтуынша, бүгінде археология саласында лицензиялар мерзімсіз және ескерткіштің барлық түрімен жұмыс істеуге бірдей беріледі. Мысалы, ұйым бір рет лицензия алса, одан кейін оның мамандары бар ма, біліктілігі жеткілікті ме - ешкім оны тексермейді. Сол лицензиямен ол өмір бойы, еш шектеусіз, еш міндеттемесіз мәдени мұрамызбен жұмыс істей береді.

"Тағы бір проблема - археологиялық және реставрациялық жұмыстарға, бір ғана лицензияның берілуі. Формалды түрде оның жеке санаты болғанымен, іс жүзінде ол осы екі саланың айырмашылығын толығымен ескермейді. Соның кесірінен реставраторлар қазба жұмыстарымен, ал археологтар реставрациямен айналысып жүрген деректер бар", - деді ол. 

Енді екі бөлек лицензия болады - археологияға бөлек лицензия, реставрацияға бөлек. Лицензияның нақты мерзімі болады - 5 жыл. Әр лицензия үшін арнайы біліктілік талаптары енгізіледі.

 Екінші. Археология саласындағы деректер хаосы

"Кім, қай жерде, қандай қазба жұмыстарын жүрізді? Не табылды? Ғылыми әдістемеге сәйкес пе? Оның есебі - толық белгісіз. Мемлекетке толық, әрі сенімді ақпарат жетпейді. Тек ескерткіштер тізімінің өзі қазір 42 тізімдерде шашыранқы түрде. Ал қазба жұмыстары бойынша, есептерді ешкім ешқайда өткізбейді. Яғни қазбалар бар, бірақ есептер жоқ. Табылған ЖЕКЕ жәдігерлер бар, бірақ жаппай жәдігерлер мен материалдар жоқ. Нәтижесінде кейбір ескерткіштер қайта-қайта зерттелінсе, енді біреулері мүлде қараусыз қалып, жойылып кетіп жатыр", - деді ол. 

Депутаттың сөзінше, енді осының барлығы бір цифрлық жүйеде болады.

Үшінші мәселе - біріңғай  ғылыми үйлестірудің болмауы

"Қазір археологиялық жұмыстарды ғылыми тұрғыда бақылайтын, үйлестіретін нақты мекеме жоқ. Кім қалай істеймін десе, солай істейді - біреуі музеймен, біреуі әкімдікпен, біреуі жеке өзі бетімен әйтеуір білгенін істеп жүр", - деді депутат. 

Әлкей Марғұлан атындағы Археология институтының базасында енді Ұлттық археологиялық қызмет құрылады.

Төртінші мәселе - табылған жаппай жәдігерлер мен материалдарды сақтау жүйесінің жоғы

Депутаттың сөзінше, археологиялық материалдардың Мемлекеттік қоры жасалады.

Музейлік құндылығы бар жеке жәдігерлер - музейге беріледі заңда бекітелгендей. Ал жаппай жәдігерлер мен табылған материалдар - депозитарийде, ғылыми ортаға ашық, қауіпсіз жағдайда сақталады.

Бесінші мәселе - қазбадан кейін археологиялық объектіні өз кейпінде сақтау мен айналасын қалпына келтіру

Кей археологиялық жұмыстардан кейін қазба орны жабылмайды, рекультивация толығымен жасалмайды, тіпті ескерткіштердің өзі бүлінеді. Жобада әрбір археолог қазбадан кейін жерді қалпына келтіру туралы, яғни консервация-рекультивация жұмыстарын жүргізу бойынша талаптар нақтыланады.

 Даму мен мұраны сақтаудың қақтығысы

Бүгін жол, су қоймасы, электр желісі сияқты құрылыс жұмыстары кейде ескерткіштер орналасқан жерлерден өтеді. Бұл ескерткіштер жоғалмау үшін, алдын ала экспертиза жүргізілуге тиіс. Бірақ қолданыстағы ережелерге сәйкес, археологиялық жұмыстар тек жоспарға сай ғана жүргізілуі мүмкін. Мамандардың айтуынша бекітілген жоспарда бүгін 70 жуық қазбалар болса, расында 300 жуық қазбалар жүріп жатыр. Яғни оның көбі есепке алынбаған, бақылаудан да тыс қалуда.

Жетінші мәселе - заңсыз қазбалар

"Біз тек ескерткіштерді емес, сонымен бірге тарихи құндылығы жоғары жәдігерлерді де жоғалтып жатырмыз. Құнды заттар шетелге кетіп, "қара нарықта" сатылып жатыр. Көп жағдайда оларды металл іздегіштер мен арнайы құрылғылар арқылы тауып алады. Сондықтан заң жобасында металл іздегіштер мен осындай құрылғыларды лицензиясыз пайдалануға тікелей тыйым салу ұсынылған", - деді Аймағамбетов. 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

14:08

12:28

12:15

12:04

11:44

11:29

11:15

11:09

11:00

10:44

10:29

10:11

09:43

09:35

09:18

09:03

08:27

19:07

17:52

17:30

17:09

16:57

16:33

16:23

16:21