Қыз баланың ер адамға тіктеп қарамағанының өзі – имандылық

Қыз баланың ер адамға тіктеп қарамағанының өзі – имандылық Сурет ЖИ

Күнделікті өмірде, айналамызда болып жатқан оқиғаларды қойын дәптеріме түртіп жүретінім бар. Күнделік бетіндегі сол жазбаларыммен әдеттегідей сіздермен тағы да бөлісейін.

 

БЕС МЫҢ

Айдана есімді жас келіншек босана салысымен, сәл әл жинап алған соң WhatsApp-пен күйеуіне жазып жіберген ғой, «Акушерге, мына нөмірге ақша салып жіберші» деп. Артынша бірер минуттан соң «3800» деп әлгінде ғана өмір есігін ашқан нәрестесінің салмағын жазған.

Біраздан соң күйеуінен «Роддомнан бірдеңе сатып алып жатыр ма едің, салдым акушеріңе 3800 теңге» деген жазба келеді. Ашуланып, түтігіп кеткен келіншегі: «Ұят-ай, 3800-ді қалай салдың?! 5000 сал», – деген жазбасын жөнелтеді. Күйеуінен іле-шала: «Салдым. 2200» деген жауап келіпті ғой, қысқасы.

Осы оқиғаға жазылған пікірлер де өзінше бір қызық.

«Маған «олвейз» әкеп берші десем, «орбит» әкеп тұр ғой. Роддомда сағызды не істеймін?!».

«Мен дәрігерлерге түскі асқа шашлық алып келші десем, келіп тұр, қолында шашки, әрең таптым ғой деп».

«2200 теңге емес, 1200 беру керек, акушер 1000 теңгесін қайтарсын. 6000 беріп жіберген күйеуі».

«Несіне жынданасыңдар, әйелдер! Сендерге де балға әкеп берші десек, ара әкеліп тұрасыңдар ғой».

 

ЖАСТЫҚ

Шілдехана. Ортаға ата-әжесі немересін баланың қоларбасымен алып шықты. Соңдарында ұлы мен келіні, яғни сәбидің жас ата-анасы. Жүздері балбұл жанып тұр.

Келін тізеден сәл жоғары тұратын бүрмелі ақ көйлек, сыртынан көгілдір түсті ұзын пиджак киіпті. Аяғында биік өкше. Құлағындағы сырғасы да жалт-жұлт етіп жарасып тұр. Бәрі талғаммен.

Қызын көрген төрде отырған анасы «қысқа киіп алғаны несі» деп қысылып, жан-жағына алаңдап мазасыздана қарап кетті, елге ұнамай қалған жоқ па дегендей. Әрине, ана ретінде қызының абыройын ойлағаны.

Құдағиы да сұңғыла екен, сезе қойды. «Ештеңе етпейді. Өзім әпергем. Жарасып тұр», – деді.

Иә, ерсі қылық көрсетіп жатқан келін жоқ. Бәріне имене қарап, ибамен сәлемдесіп жүр. Ата-ененің, күйеуінің алдына түсіп кетіп жатқан жері тағы жоқ. Заманауи келін. Ең бастысы – енемен сыйластығы жоғары.

Небәрі 22 жаста. Бірер жылдан соң етегі ұзара түседі, уақыт өзі соған әкеледі. Қорықпаңыз, үнемі солай қысқа киіп жүреді екен деп. Жастықта бәрі үйлесімді!

Бүркенбей-ақ, оранбай-ақ иманды, ибалы болуға әбден болады!

 

ИМАН

Таксидемін. Жүргізуші жер үйлер жаққа бұрылды. Көше қараңғы.

– Біреудің аманаттаған заты бар еді, соны беріп кетейін, – деді, бізге ескерткені.

Қараңғы тар көшеге келіп тоқтады. Сыртқа машинасының жарығы түсіп тұр. Әлдекімге «брат, звондап жіберші өзің, не доступен болып тұр нөмірі» деді.

Сәлден соң үйден 19-20 жастағы қыз шықты. Желең. Шашы ұзын, буып қойыпты. Көрікті өзі. Затты беріп жатқан жүргізуші жігіт ағасына тіктеп бір қарамады, телефонын шұқылап тұр. Затты жеткізген адамның қызметі үшін ақша аударайын деп жатыр ма екен. Бір кезде телефонының сыртқы қабын ашып, сонда тұрған ақшаны алып, жүргізушіге берді. Ішке кіріп кетті.

Мен үшін иман, иба хиджабта емес. Қыз баланың ер адамға тіктеп қарамағанының өзі – имандылығы.

Өткенде ТикТокта бір қыз (әлде келіншек) хиджабының сыртынан қалай сырға тағуға болатынын көрсетіп тұр құрбысына. Сырғаны орамалының сыртынан тесіп іліп қойды. Жаным-ау, құлақтың сырғалығы да әуретті жер ме, сонда? Түсінсем бұйырмасын.

Сырға да әйел затының көркін үстей түсетін сәндік аксессуар ғой. Ертеде қазақ қыздары таққан күміс сырға, білезік, шашбау, шолпы қандай еді! Қазір де тағып жүрміз.

 

РАХМЕТ!

Метроға кірдік. Автобуспен 30 минут жүретін жерге 9 минутта зыр еткізіп жеткізіп салады. Мұнда көбіне жастар жүреді. Алматы – жастар қаласы.

Төлем жасайтын жерге келгенде бір бозбаланың картасында ақша болмай шықты.

– Сендер жүре беріңдер. Соңдарыңнан барамын, автобуспен, – деп еді әлгі бала, арғы бетке өтіп алған екі досы өкінген кейіппен тұрып қалды. Кеткісі жоқ екеуінің де. Бергі беттегі жігіт те «қап!» деп, олардан қалып бара жатқанына өкінгендей.

Кері бұрыла берген оған құрбым:

– Әй, бала, тоқташы, мынаны көрші, бірақ ішінде бар-жоғын білмей тұрмын, – деп сөмкесінің түбінде, біраздан бері қолданылмай жатқан екінші картасын ұсынды.

Бар екен ішінде ақша. Бозбаланың көзі жанып кетті қуанғаннан. «Рахмет, апай!» деді «құтқарушы» құрбыма. Екі досы да бірінен соң бірі «рахмет, апай, рахмет» деп жүгіріп кетті. Асығыс өздері. Мәз. Бөлінбей бірге кетіп бара жатқандары сондай жақсы!

– Жаңағы балалардың көп рахметіне, қуанғанына қуанып келе жатқаным! – деді бір кезде құрбым.

Жақсылықтың үлкен-кішісі болмайды. Жақсылық жақсылықты шақырады. Ертең бұл жақсылық біздің де балаларымыздың алдынан шығады. Сеніңіз.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнату
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

18:12

17:45

17:28

17:10

17:04

16:42

16:38

16:36

16:31

16:15

16:03

15:45

15:24

15:10

15:02

14:57

14:52

14:44

14:27

14:21

14:10

13:35

13:30

13:17

13:07