Орталық Азия, түркі халықтарына ортақ ұлық мейрам бар. Ол – Наурыз. Бұл – күн мен түннің теңеліп, Самарқанның көк тасы еритін шақ. Парсы тілінен тәржімалағанда, наурыз «жаңа күн» деген ұғымды береді. Ендеше, қастерлі құндылығымыздың қыр-сырын білу – бәрімізге парыз. Еліміздің батыс өңірлерінде 14 наурыздан бастап көрісу дәстүрі басталып та кетті. Осы ретте аңыз тұлға Бауыржан Момышұлының келіні, қоғам қайраткері, жазушы Зейнеп АХМЕТОВАМЕН әңгімелескен едік.
Тамыры тереңде
– Зейнеп апай, өзіңізді қазақ руханиятын насихаттаушы алтын діңгек деп білеміз. Жалпы, Наурыздың мән-мағынасы туралы кеңірек айтып берсеңіз?
– Ертедегі қазақтар көкек айын наурыз, жылдың басы деп есептеген. Содан мынадай өлең жолдары қалған.
Көкек келді,
Көктем келді.
Көкек келсе,
Көктен бер.
Көктен берсең,
Көпке бер, – деген.
Ал кейін келе-келе жаңағы көкек айында басталатын той наурыз, ай атына айналып кеткен. Әсілінде, көкек айы болатын. Осы айда басталатын мереке Ұлыстың ұлы күні Наурыз ислам дінінен де бұрын шыққан. Өте ертеден келе жатқан біздің қазақ халқының төл мерекесі саналады. Қала берді, бүкіл түркі, парсы, Үндістанның біраз бөлігі, Қап таулықтарға (кавказ), т.б. ортақ ұлы мереке деп айтуға болады. Астрономиялық есеп бойынша, сол көкек айының 21-інен 22-сіне қараған түні аспанда бір өзгеше, ерекше діріл, үн, гүріл естілген екен. Бірақ қазір естілмейді. Өйткені, жер-әлемнің барлығы техниканың дыбысына бөленіп кеткен. Ал бұрын мұндай құралдар жоқ, ауа мен табиғаттың тынық кезінде естілген деседі. Соны ең алдымен қой еститін көрінеді. Қой аспанға қарап маңырап, белгі береді екен. Сонда қойшы «әз келді» дейді. Мінеки, содан барып «әз болмай, жаз болмайды, жаз болмай, мәз болмайды» дейді. Былай айтқанда, наурыздың келуін әшкерелейтін, паш ететін белгі осы. Әз келгеннен кейін ғана наурыз кіреді деп есептеген. Сонымен қоса, бүкіл жан-жануар, өсімдіктерге жан кіріп, қайта түлейді. Дәл осы уақыттарда күн мен түн, ыстық пен суық, бәрі теңеледі. Астрономиялық ғылымда аспан денелері өзінің бастапқы нүктесіне оралатын көрінеді. Сол кезде тепе-теңдік, Ұлыстың ұлы күні енеді деп есептеген.
«Ұзынсарының сыбағасы»
– Бір қайран қаларымыз, халқымыз осының бәрін қалай білген?
– Біздің қазақ халқы ертеден көп тіршілігін төрт түлікпен байланыстырған. Табиғатқа өте жақын болған. Ертеден аспан әлемінің сырын ұғынған. Соған қарап күнтізбесін жасап алған дана халық қой. Бұған қазақтар ерте бастан қамданған. Менің есімде, шешелеріміз «ұзынсары келгенде саламын» деп соғымнан шеке, жілік, жамбас, қазысын бөлек ықтияттап тығып жүретін. Әжелеріміз қарындағы майын, құртын, жентін, ірімшігін сақтайтын. Бала-шағасынан аулақтау жерге қоятын. Соның бәрін қастерлі күн таяғанда аша бастайтын.
«Ұзынсарының сыбағасы» дейтін себебі, нағыз жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзіліп түсер кезеңі. Мал арық. Қысқы соғым біткен. Адамдардың да өңі қуқылданып, жадыраңқы жазды аңсап, сөйтетұғын кезін «ұзынсарының шағы» деп айтады екен. Осылайша дайындықты ерте кезден қамдайды. Енді жақындаған кезде қыстауды, үйдің, қора-қопсының айналасының барлығын тазалап, күл-қоқыс, жарамсыз кетік ыдыс - бәрін өртеп, көметінін көміп, отпен тазартады. Содан кейін үй мен қора-қопсыны адыраспан немесе аршамен түтіндеп залалсыздандырады. Адыраспанның қасиетін Ибн Сина да айтқан. Қанша түтіндетсең де, көзді ашытпайтындығын бұрынғылар байқаған. Тілек тілеп жүріп, алаша, текемет, кілемдерді қағып, шаң-тозаңдарын тазартып, кір-қоңдарын жуған. Себебі, Ұлыстың ұлы күні таза жерге, таза шаңыраққа кірсе, құт-береке әкеледі деп сенген. Сондықтан халқымыз ұлысты қабылдап, күтуді осындай тазалықтан бастапты.
Тағы бір ұмытпай айта кететін нәрсе бар. Айтулы уақытта көрсету үшін қыз-келіншектер неше түрлі қолөнер, біреуі сырмақ, енді біреуі түскиіз сырмақ тіккен. Әрқайысысы жаңа бұйым жасауға тырысады екен. Одан кейін мереке келгенде, жаңағы дүниелерін әдемілеп іліп қойған. Содан соң ауылдағы үлкен кісі, апа-әжелер тігілген заттарға қарап бағасын беріпті. Сөйтіп, қыз-келіншектердің қолөнерге деген ынтасын арттырып, солардың қол шеберлігін арттыру мақсатында, екінші жағынан, өнердің өркендеуіне осылайша үлес қосқан.
Әркімнің өз миссиясы болған
– Тағы қандай жөн-жоралғылар болған?
– Наурыз күні жақындаған кезде ер-азаматтар сақал-мұртын басып, шашын алған. Апалар балаларын жуындырып, тырнақтарын алған. Қарапайым болса да, бір-бір жаңа киім кигізген. Сөйтіп, ертең наурыз деген күні Қызыр түнін күтеді. Бір жерде Қыдыр баба, екінші бір аймақта Қызыр баба деп жатады. Оны адамдарды қолдап, қорғап жүретін Жаратқанның ерекше жаратқан пендесі ретінде көрген. Осы түні оты жанып, жарығы сөнбей тұрған шаңыраққа Қызыр бабаның назары түседі, құт-берекелі болады деп ойлайды. Аталған түнді күзеткенде ұйықтайтындар сирек болады. Үлкен кісілер өткен-кеткен тарихтан әңгіме қозғайды. Бір жылдың ішінде өмірден өткен адамдарды еске алады. Олардың істеген игі істерін тілге тиек етіп, осы күнге жеткенімізге тәубе десіп, бір-бірімен арқа-жарқа әңгімелесіп отырады.
Әйелдер көжелерін бұқтырып, сүтін пісіріп дайындап жатады
– Ал осы уақытта жастар жағы не істейді?
– Жастың аты жас қой. Оттан жейде кигендей лапылдап тұрған өңкей қызуқанды жігіттер, жас қыз-келіншектер бар дегендей, олардың сауық-сайраны тіпті айрықша болады. Қыз-келіндер қарияларға «бел көтерер» дейтін дәм жасап береді. Оны майлы қазы, сөк, ірімшік, бал, мейіз, аздаған сүт қатып, келіге түйіп, әдбен мыжып жасайды. Сөйтіп, ата-әжелерден жастар бата алыпты.
Қызыр түнінде дұға-тілектер тіленген
– Қызыр түнінде қандай тілектер тілеген, қандай амалдар жасалған?
– Қыдыр түнін күткенде игі тілектер мол болған. Бастысы, жақсы ниеттерден жақсы тілектер туған. Қазақтың ырымы да, тыйымы да, барлығы тек жақсылыққа арналған. Сол түнде 7 ыдысқа дәм қояды екен. Біреуіне сүт, ендігісіне айран, таза су құйып, бидай, арпа сияқты нәрселерді салып қояды. Бұл – көктен жаудырсын, жерден өндірсін, елдің іргесіне ырыс ұяласын, айналамыз берекелі, дастарханымыз толымды болсын деген ізгі тілекпен жасалатын дүние. Сенім дегеніміз ұлы күш қой. Міне, осындай жақсылықтарға сеніп, әлгіндегідей істерді жасайды. Енді жаңағы таң рауандап атып келе жатқанда күннің қызуын көрсету үшін, менің кішкене кезімде ата-аналарымыз алғашқы күннің сәулесіне маңдайымызды тосатын. Өйткені, наурыздың бірінші күнінде күннің шуағына, қызылына маңдайыңды тоссаң, денің сау болады. Бойдағы әртүрлі кесір-кесапат кетеді деп ырымдайтын көрінеді. Бұл да бір жақсылықтан туындап жатқан нәрсе еді. Наурыз кіргендегі амандасу жайшылықтағыдан бөлек болған. Біріне-бірі «ұлыс оң болсын, қайда барсаң жол болсын, жасың құтты болсын» дейді. Неге? Өйткені, адамның жасы бізде мүшелмен есептелген. Төс қағысып қауышады. Әншейінде амандаспайтын ер мен әйелдің өзі амандасып жатады.
Әрбір үйде көже пісіріледі. Ауылдың ақсақалдары кезек- пен сол үйлерге кіріп шығады. Кейбіреулер ойлайды, «бір күнде бітеді» деп. Ол айға созылады. Осылай-осылай ауыл- дағылар кезек-кезегімен наурызкөже береді. Былай қарап тұрсаңыз, нағыз көктемнің көкөзек кезінде күнде әр үйден көже ішіп, әне-міне, дегенше төрт түлік төлдеп, уызға да ауыздары жарып қалады. Өстіп біріне-бірі сүйеу-демеу болған. Осы күні көпшілігі қателесіп, қой сойып жатады. Бұл кезеңде қан шығармайды. Мылтық атылмайды. Қақпан құрмайды. Өйткені, өсетін төлге, алдағы күнге зиян тиеді деп білген. Тіпті, наурызда тырнақ кесіп, шаш алмаған. Құрылыс бастамаған. Себебі, бұл күні баршасы жаңарады деп түсінген.
Наурызкөженің өз әдісі бар
– Наурызкөже әзірлеудің өзіндік сыры бар ма?
– Наурызкөжені сүрдің сорпасына жасайды. Қазір көпшілігі жас еттің сорпасына күрішті салады да дайындай салады. Негізі, олай емес. Наурызкөжені тек қана еттің сорпасына жасайды. Оны қыстан бастап сақтайды. Мұның қазірде де еш қиындығы жоқ. Бір жілікті тұздап қойсаңыз, сүрленіп тұрады. Содан кейін одан бір қазан көже жасауға болады емес пе?! Өткенде телеарналардан көзім шалып қалды. Әлгі құйрық майды пиязбен қуырып, соған су құйып, күріш салып, әжелеріміз осылай жасаған дейді. Өйтіп өтіріктен дәстүр жасаудың керегі жоқ. Білмесең, үндемеген жөн. Елді шатастырып керегі жоқ.
Көжеге су мен тұздан басқа жеті түрлі дәм қосады. Әркім қолында барын салған. Бүгінде мүмкіншілік көп. Кейбіреулер көкөніс салып жүр. Ол да дұрыс. Өйткені, жерден өніп шығады. Бұрынғылар ақталып түйілген бидайды сүр етке қосқан. Сондай-ақ, арпа, қарақұмық, асбұршақ, тары, т.б. осы секілділерді пайдаланған. Әйтеуір, жетіге толуы керек. Дегенмен осылардың барлығын қосарлай беру міндет емес. Біреулер бидайдан жасалған көжеге кеспе салады. Оны да санға есептейді. Ол дұрыс емес. Себебі, кеспе ұннан, ұн бидайдан жасалған. Міне, осыны ескеру керек.
Тағы бір ескеретін нәрсе бар. Үлкендер жағы білетін шығар. Ал жастарға айтарымыз, кез келген тағам түрін бірден сорпаға салмайды. Олай болатыны, жарылуға қиын. Алдымен бұқтырады. Бұқтыру деген не? Оны су құйып, бір қайнатып алып, астындағы отын өшіріп, бетін жауып тастаса, судың бәрін сорып алады. Сол кезде ғана сорпаға салып қайнатса, өте дәмдірек болады. Біз баяғыда құртты езіп қататынбыз, қазір қатық-айранның неше түрі дайын тұр.
– Апа, өзіңіз Наурызды қалай күтесіз?
– Өз басым міндетті түрде бала-шағамменен Қызыр түнін күзетемін. Шамды өшірмеймін. Түніменен жарық жанып тұрады. Дүниеден өткен-кеткен ата-бабаларымызды еске түсіреміз. Жаратқаннан жақсы тілек тілейміз. Алғашқы наурызкөжені отбасымызбен ішеміз. Содан кейін барып көрші-қолаң, туған-туысқандарды шақырамыз. Мен құрығанда екі-үш рет беремін. Өйткені, біздікі – үлкен шаңырақ. Атаның қарашаңырағы. Ол солай болуы керек деп ойлаймын. Әрине, әркім өзінің ыңғайына, жағдайына қарар. Бірақ мүмкін болғанша, отыңыздың басында, бала-шағаңыздың қасында, үйіңізге шаттық пен қуаныш тілеңіз. Ел-жұрт, халық аман, тыныш заман болсын!
– Әңгімеңізге рахмет!